Жаз мезгілі басталысымен су айдындары маңына демалушылар саны күрт артады. Аптап ыстықтан сая іздеп, өзен-көл жағасына ағылған тұрғындар үшін шомылу – демалыстың ажырамас бөлігі. Алайда қауіпсіздік талаптарын елемеу мен бейқамдық кей жағдайда адам өміріне қауіп төндіріп, орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін. Сондықтан судағы қауіпсіздік мәселесі қоғам назарынан ешқашан тыс қалмауы тиіс.
Осыған орай,16 маусым күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік» тақырыбында қала аумағындағы су айдындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Шара барысындаЖСДП өкілдері төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен кездесті. Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан туындайды екен.
Жиында балалар қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Себебі жазғы демалыс кезінде балалардың су жағасында қараусыз қалуы түрлі қауіп-қатердің туындауына себеп болуы мүмкін. Бүгінде Қызылорда қаласында тұрғындардың қауіпсіз демалуына арналған 2 ресми жағажай жұмыс істейді. Сонымен қатар судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күн сайын сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметтер тұрақты бақылау жүргізуде. Рейд барысында белгіленбеген орындарда суға түсудің қауіптілігі жөніңде түрлі ескертпелері бар жерлерге көзбен шолып және аймақты бақыланды.
Айта кету керек, белгіленбеген су айдындарында шомылған азаматтарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты тиісті хаттамалар толтырылады. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының баспасөз хатшысы Жақсыгүл Оразалиева