Қазақстан тарихындағы ерекше күн. Себебі 1990 жылдың 25 қазаны күні елдің саяси бетбұрысы мүлде басқа бағытқа бұрылды. Мемлекеттік болашағын айқындаған аса маңызды тарихи құжат – «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылданды. Бұл оқиға – Қазақстанның тәуелсіздікке бастар алғашқы заңдық әрі саяси қадамы ретінде тарихқа таңбаланды.
«Декларация қабылданған сәтте залдағы депутаттар ерекше толқу мен қуаныш сезімі қатар болды» – дейді тарихи сәтке куә болғандар. Сол тарихи күннің куәгері, Қазақстанның құрметті жазушысы Марат Тоқашбаев: «Қазақстанның Тәуелсіздігіне қарай жасалған үлкен қадам ғой. Бұл – құқықтық қадам. Халықтың ерік-жігерін білдіретін ең басты құжат болды сол кезде. Құжат қабылданған кезде үлкен қуанышқа кенеліп, депутаттар бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатты», – деп еске алады. Құжатта Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, елдің саяси және құқықтық негіздері айқындалды. Егемен мемлекеттіліктің басты қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі мен мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл Декларация – болашақ Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына негіз болған құқықтық тұғыр еді. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы орталығының басшысы Төлен Жеңісбек те бұл құжаттың тарихи мәнін ерекше атап өтеді: «Декларация – Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа танылуының, мойындалуының бірден-бір негізгі кепілі. Сондықтан Декларацияны біз Республика күні деп тойлаудағы маңызы Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа егемен ел ретінде танылуының негізгі көрсеткіші деп айтуға болады», – дейді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиынында: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деп мәлімдеді.
Осылайша, 2022 жылы 29 қыркүйекте Президент 25 қазанды ұлттық мереке ретінде бекіту туралы заңға қол қойды. Бұл шешім – тарихи сабақтастықтың қайта оралуы еді. Тарихқа үңілсек, Республика күні алғаш рет 1992 жылдан бастап атаулы күн ретінде аталып, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке болып келді. Алайда 2009 жылдан кейін атаулы күн мәртебесінен айырылған болатын. Тек 13 жылдан кейін, 2022 жылы ғана тарихи әділет қайта орнап, 25 қазан ұлт мерекесі ретінде қайта жаңғырды.
«Егемен Қазақстан» газетінің архивіндегі деректерге сүйенсек, 1990 жылы 26 қазанда жарық көрген «Социалистік Қазақстан» басылымының бірінші бетінде: «Кеше, 1990 жылғы 25 қазанда, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сессиясы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. Егемендігің, құтты болсын, елім!» деген Құттықтау бар. Бұл жолдар сол кездегі елдің рухын, халықтың қуанышын айқын көрсетеді.
Декларация қабылданғанға дейінгі талқылаулар да аса қызу өтті. Сессия күнделігінен белгілі болғандай, құжат жобасы бірнеше рет қайта қаралып, оған депутаттар мен қоғам өкілдерінің көптеген ұсыныстары енгізілген. Арнайы комиссияның басшысы, академик Салық Зиманов бастаған топ декларация мәтінін тарихи жауапкершілікпен әзірледі. Сол кезеңде депутат Алтыншаш Жағанова: «Бұл жоба барлық Қазақстанда мекендеген халықтардың мүддесін толықтай қанағаттандыруды көздеген. Сондықтан республикамыздың бүгінгі тынысына, мақсатына сай келеді деп ойлаймын»,- деген еді.
Сол сияқты халық қалаулысы, ақын Қадыр Мырзалиев те: «Декларация жобасының әрбір сөйлемі мен сөзіне мән беріп, талқыға салуымыздың өзі депутаттардың республика егемендігіне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Егемендік егеспен келмейді, ол – бірліктің, ынтымақтың нәтижесі», – деп атап өткен.
Бұл тарихи құжат 17 бөлімнен тұрды. Онда мемлекетті сақтау, нығайту, шекара мәселесі, көші-қон, құқықтық құжаттар, валюта айналымы, ядролық қарудан бас тарту, жер мәселесі және егемендіктің символдары сияқты негізгі бағыттар нақты жазылған. Академик Салық
Зимановтың сөзімен айтқанда: «Біздің республика өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын соңғылардың бірі болып қабылдады. Бұл бізге ойлы, байыпты қадам жасауға мүмкіндік берді»,-деген екен.
Декларация тек заңдық акт емес, елдің рухани тәуелсіздікке ұмтылысының көрінісі болды. Ол халық санасында жаңа дәуірдің басталғанын айқындады. Егемендік – тек саяси ұғым емес, ұлттық өзіндік сана мен мәдени қайта түлеудің бастауы еді. 1990 жылғы 25 қазан – ұлт тарихындағы тағылымы терең күн. Бұл күн – тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің алғашқы жаршысы. Сол себепті Республика күні – жай мереке емес, ұлттың азаттығы мен мемлекетшілдігінің айғағы. Егемендіктің мәнін түсіну – тәуелсіздіктің қадірін ұғыну. Сондықтан әрбір қазақстандық үшін 25 қазан – өткенге тағзым, болашаққа сенім күні болып қала бермек.
Семей. Шәкәрім университетінің 3-курс студенті Кажымуканова Меруерт