Қостанай өңірінде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы биылғы көктемнің ең ауқымды әрі мазмұнды қоғамдық бастамаларының біріне айналды. Жүз мыңнан астам тұрғын қатысқан бұл іс-шараға Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Қостанай облыстық филиалы белсенділері де жұмыла ат салысты.
Бұл акция Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асты. Соңғы екі жыл ішінде республика бойынша 1500-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 5,5 миллионға жуық ағаш отырғызылған. Бұл бастама бүгінде еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, азаматтық жауапкершілікті арттырудың және қоршаған ортаны сақтаудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Қостанай қаласындағы триатлон-парк сол күні ерекше көрініске ие болды. Көктемнің жылы лебі есіп тұрған саябақта әр буын өкілдері, оның ішінде: мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, еріктілер мен өңірдің тұрғындары қолдарына күрек алып, бір сапта еңбек етті. Алаңда орнатылған үлкен LED-экран арқылы елдің түкпір-түкпіріндегі қатысушылар мен Мемлекет басшысының сөзі тікелей көрсетіліп, іс-шараның маңызын арттыра түсті. Тікелей қосылым барысында Мемлекет басшысы жобаның стратегиялық мәніне тоқталып, оның қос бағытта жүзеге асырылып жатқанын атап өтті: біріншісі-елді мекендерді көркейту, көгалдандыру болса, екіншісі-қоғамда экологиялық сананы қалыптастыру. Акция барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын тағылымы мол, мән-мазмұны айрықша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғаны туралы бейне үндеу жасады.
Акцияға Қостанай облыстық ЖСДП филиалының белсенділеріның де ат салысуы маңызды дейді жастар.
«Қазіргі таңда экологиялық мәселелер бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Сондықтан мұндай акциялар тек Қазақстан үшін емес, жаһандық деңгейде маңызды. Біз жастар ретінде бұл бастамаларды қолдап қана қоймай, оны күнделікті өмір салтымызға айналдыруымыз керек», - дейді ЖСДП Жастар қанатының белсенділері.
Шын мәнінде, акцияның басты құндылығы-адамдарды біріктіруінде. Ел көлемінде жыл сайын 6,5 миллионға жуық адам қатысып, оның ішінде жүздеген мың ерікті еңбек етеді. Бұл-қоғамның экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын дәлелдейді.
Дильназ Изделюева ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы