Текелі – моноқала: оны дамытуға арналған ашық кездесу өтті

2026 жылғы 8 қаңтарда Текелі қаласында ЖСДП Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланған ашық кездесу өтті.

Ашық кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай, ЖСДП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жасулан Мұқаманов, қала тұрғындары, кәсіпкерлер және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай көлік қолжетімділігі мәселесіне тоқталып, Талдықорған – Астана бағыты бойынша пойыз қатынасы іске қосылатынын атап өтті.

Бұл бастама тікелей ЖСДП фракциясының жетістігі екенін айтқан мәжілісімен алдағы күндері өңір тұрғындарының тікелей Астанаға қатынауы жеңілдетіп, аймақтағы экономикалық және әлеуметтік байланыс нығайатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар кездесуде Текелі қаласының инфрақұрылымы мен өзге де түйткілді мәселелер талқыланды. Тұрғындардың пікірлері тыңдалып, олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар сараланды. Ашық диалог барысында өңірдің дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Қала тұрғыны Геннадий Иванович ақылы жолдың, әсіресе ауыл халқы үшін, үлкен шығын болып отырғанын айтты.

«Білуімізше, жыл сайын тұрғындардың сан миллиондаған қаражаты жол ақысын төлеуге кетіп жатыр. Әсіресе жолды жиі пайдаланып, ауыл-аймақ арасында мал өнімдерін тасымалдайтын ауыл тұрғындары үшін бұл – үлкен шығын. Осы жол шығындары тұрғындардың қалтасына салмақ салып, ауыл өнімдерінің, соның ішінде сүттің еріксіз қымбаттауына әкеліп соғуда», – дейді ол.

Ал кәсіпкер Кеңесхан Ермек бизнесімізді дамытайық десек, мемлекеттен берілетін несиеге қол жеткізу өте қиын екенін айтты. Сонымен қатар ол Текелі қаласының әлеуетін пайдалана отырып, туризм саласын дамыту қажет екенін атап өтті. Текелі қалалық мәслихатының депутаты Бауыржан Түгелбаев туризмді өркендету үшін алдымен жол инфрақұрылымын жақсарту қажет екенін жеткізді.

«Текелі туризмге сұранып тұр. Бірақ жол мәселесі қолбайлау болып отыр. Жол салу үшін қомақты қаражат қажет екені анық. Мұндай қаржыны Текелі қаласының бюджеті көтере алмайтыны да белгілі. Екінші мәселе – қаланың дәл ортасымен ауыр жүк көліктерінің жүруі. Бұл да үлкен мәселе. Алдымен ауыр жүк көліктері үшін айналма жол салуымыз қажет. Содан кейін барып өзге мәселеге ауысу көзделуде», – дейді мәслихат депутаты. Ал «Делай добро Текели» қоғамдық бірлестігінің басшысы Халида Кусанова жастар саясатына назар аударып, студенттер мен жас мамандарды қалаға жұмысқа тарту және оларға жағдай жасау Текелінің болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша қала инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған резолюция қабылданып, онда республикалық және өңірлік деңгейде атқарылатын нақты міндеттер айқындалды.

Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай өз кезегінде көтерілген мәселелер бойынша алдағы жұмыстары барысында құзырлы органдарға ұсыныстар әзірлеп, халықтың аманатын ақтауға тырысатынын жеткізді. ЖСДП Жетісу облыстық филиалы көтерілген мәселелердің жергілікті жерде орындалуын бақылауды өз міндетіне алды. ЖСДП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жасулан Мұқаманов бұл кездесудің басты ерекшелігі – тек мәселе көтерумен шектелмей, оларды шешудің нақты тетіктері белгіленгенін атап өтті.

🖋 ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі