Қымбатты үзеңгілестер және серіктестер, 20 жылдық құтты болсын!

Дәл бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Баршаңызды осынау айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!

2006 жылдың 10 қыркүйегі күні еліміздің барлық өңірінен жиналған мыңдаған жақтастарымыз Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның І Құрылтай съезіне қатысып, партияның ресми түрде құрылғанын жариялады. Осылайша азаматтардың әділетті қоғамға, әлеуметтік мемлекетке және жауап беретін билікке деген үміттері саяси тұрғыдан көрініс тапқан болатын.
Міне, осы күннен бастап партиямыздың өзіндік бағыты мен тағылымды жолы басталды. Сан түрлі қиындықтар мен қысымға, ақпараттық тосқауылдарға қарамастан, біз демократиялық оппозиция бағытындағы бірден-бір партия ретіндегі миссиямызды табанды түрде жалғастырып келе жатырмыз. Қазақстан халқы үшін Еркіндік, Әділдік, Ынтымақ ұғымдарын ту етіп, іргелі құндылықтарды іс жүзінде қорғап, елдің сапалы түрде жаңаруына мүдделі барша азаматтарды біріктіру жолында талмай жұмыс істеудеміз.

ЖСДП қызметінің маңызды бағыттарының бірі – халықаралық Социалистік Интернационал ұйымымен тығыз байланыс орнату болды. Бұл партиямыздың дамуы жолындағы маңызды алаңға айналып, Қазақстан үшін социал-демократиялық идеологияның болашағы зор екенін сан рет дәлелдеп берді. Соңғы жылдары біздің табандылығымыз бен өз идеяларымызға адалдығымыз өзінің жоғары нәтижесін де көрсете бастады. ЖСДП-ның идеялары мен басты ұстанымдары еліміздегі билік өкілдерінің түрлі мәлімдемелерінен, заңнамадан және Парламент сайлауының нәтижелерінен ерекше жағдайда көрінісін тауып отыр.

Осы орайда Құрылтай сайлауының қорытындысы бойынша ЖСДП-ның парламенттік оппозицияның бірден-бір өкілі ретінде нақтылануын баса айтқан дұрыс. Бұл ретте Қазақстанның ең жоғары заң шығарушы органы Құрылтайда – солшыл, әлеуметтік және демократиялық бағыттағы партия ретінде өз ұстанымын нығайта түсуі заңды деп есептеймін.

Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған міндет те айқын. Ол – азаматтардың құқықтары мен халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық саяси және парламенттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Еліміздің жаңғыруы мен адамды басты орынға қоятын, гуманистік және адамгершілік құндылықтарға негізделген орта қалыптастыру. Мен біз өзіміздің мол тәжірибемізге, табандылығымыз бен кәсібилігімізге сүйене отырып, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы маңызды міндеттерді толық әрі абыроймен орындайтынына сенімдімін!

Қымбатты үзеңгілестер, осы айтулы күні, ең алдымен, сіздерге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздердің еңбектеріңіз, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымдарыңыз бен табандылықтарыңыздың арқасында біздің партия жиырма жылдықтың биік белесіне шығып отыр. Бізбен бірге болған, бізді қолдаған және бізге дауыс берген барша азаматтарға да шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз біз үшін әрдайым үлкен жауапкершілік. Әрі алға ұмтылуға күш беретін маңызды терең тірек болып тұр.

Ендеше баршаңызға амандық пен саулық, бақ-береке, отбасыларыңызға тыныштық, жүректеріңізге сенім мен оптимизм, ел игілігі мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында жаңа жетістіктерге жете беруді тілеймін! Жиырма жылдық тарихымыз жаңа белестер мен жаңа мүмкіндіктерге бастай берсін!

Ізгі ниетпен, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов