Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Жастар қанатының ұйымдастыруымен бір топ студент жастар еліміздің заң шығарушы ең жоғарғы органы — ҚР Парламенті Мәжілісіне келді.
Әр күні тарих беттеріне үлкен әріппен таңбаланатын Парламенттің өмір-тіршілігімен және депутаттық корпустың тынысымен танысып көруді жастар өздері ұсынған болатын. Жастардың бұл талабына кедергі болмай, оларды қолдаған ЖСДП Жастар қанатының төрағасы Мақсұт Насибулов, талапты жастарды тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің табалдырығынан аттатты. Мәжіліске келген кезде студент жастарды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай қарсы алды. Осылайша Парламенттің тыныс-тіршілігімен танысу басталды. Ең алдымен жастар Мәжіліс ғимаратының атриумында тұрған VIII шақырылым депутаттарының Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірге түскен үлкен суретімен танысты. Одан соң Мәжіліс залына келіп, мұнда күн сайын өтетін түрлі жиындармен қатар әр сәрсенбі күні өтетін Мәжілістің кеңейтілген отырысының мән-жайымен танысты. Таныстыру барысында партияның Жастар қанатының төрағасы Мақсұт Насибулов бұл орынның тарихи маңызы мен ел үшін ерекше мәнін нақты түсіндірді.
«Бұл еліміздің жүрегі десек болады. Себебі кез келген заң осы жерде талқыланып, бекітіледі. Демек, еліміздің болашағының негізі осы залда қаланып жатыр. Бүгін депутат ағаларыңыз халқымыз үшін дәл осы залда отырып түрлі мәселелерді көтеруде. Халықтың мұңы мен назын осы жерде айтып, соған сәйкес үкімет әрекет етуге көшеді. Депутаттардың еңбегі зор. Ал ертең осы орындарға сіздер келіп отырасыздар. Дәл қазіргі немесе кешегі аға буын сияқты сіздер де осы жерде елдің мүддесі үшін тер төгетін боласыздар. Біз сіздерді арнайы осы залға әкелдік. Өйткені бүгіннен бастап өз болашақтарыңызды өздеріңіз қалыптастыруларыңыз керек. Кезінде М. Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін», - деп айтқан. Осыны естен шығармаңыздар», - деді.
Өз кезегінде депутат Наурыз Сайлаубай жастарға депутаттық корпустың мұндағы тәртібі мен олардың заң аясындағы қызмет барысын түсіндірді. Атап айтқанда, депутаттық сауалдардың қалай жолданатыны және оған жауаптардың қалай берілетіні де тәптіштелді.
«Өздеріңіз байқаған боларсыздар, бұл жерде әр депутаттың өз орны бар. Осы залда барлығы 98 депутат отырады. Қазіргі таңда елімізде ресми тіркелген жеті саяси партияның алтауы Мәжілісте өкілдік алып отыр. Оның ішінде ЖСДП да бар. Сонымен бірге жеті депутат бірмандатты округ бойынша сайланған. Депутаттардың барлығы түрлі жұмыс топтарында еңбек етеді. Мысалы, мен бюджет саласына қатысты жүргізілетін барлық жұмыс топтарына қатысуға міндеттімін. Содан кейін ғана шешімдер осы үлкен залда сараланып, Президенттің не Сенаттың бекітуіне жіберіледі», -деді.
Бұдан соң жастар ҚР Парламенті Мәжілісінің кітапханасына барып, ондағы тарихи құнды мұрағатпен танысты. Сондай-ақ депутаттардың кітапханада қалай жұмыс істейтіндері туралы білді. Мұндағы қызметкерлер әзірлеп қойған «Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы» атты көрмені де тамашалған жастар, көкейлеріндегі түрлі сауалдарына жауап алды. Одан кейін ЖСДП депутаты Наурыз Сайлаубайдың жұмыс кабинетіне барып, депутатпен еркін пікір алмасты. Жастар Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Жастар қанатының мұрындық болуымен жүзеге асқан осы саяси-танымдық іс-шараға өз ризашылықтарын білдіріп, болашақта партия жұмысының ілгері дамуына өздерінің күш-жігерін аямайтындықтарын жеткізді.
ЖСДП баспасөз қызметі 13.03. 2026 ж.