Осыдан бірнеше ай бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Өз сауалында Наурыз Саятұлы Жетісу жұртшылығының тікелей орталыққа, атап айтқанда Алматы мен Астанаға қатынайтын теміржол желісін құру қажеттігін баяндаған еді.
Осы мәселе төңірегінде Мәжіліс қабырғасында арнайы дөңгелек үстел өтті.
Шараға ЖСДП депутаттарынан бөлек, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті төраға орынбасарының міндетін атқарушы Нестай Елдос Ғабидоллаұлы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқармасының бас директоры Нұржігітов Диар Нұрланұлы, сондай-ақ осы компанияның өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Ақынбаев Асхат Бақытжанұлы қатысты. Одан бөлек, онлайн режимде Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Дәрібаев Ғалымжан Темірханұлы да қатысып отырды.
Сөз бастаған Наурыз Саятұлы бірден мәселенің мәніне көшіп, Жетісу жұртшылығының жол машақатын әлі күнге дейін көріп келе жатқанын айтты.
— Сондықтан бұл мәселені соза бермей, мүмкіндігінше оң шешіп, халықтың тілегін тезірек орындаған жөн, — деді ол.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілі Диар Нұржігітовтің айтуынша, ҚТЖ халықтың сұранысын қанағаттандыруға дайын және бірнеше ұсыныс нұсқасын әзірлеп те жатқан көрінеді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ «Астана – Талдықорған» жолаушылар бағытын ұйымдастыру мәселесі бойынша жұмысты барынша қолдауға ниетті.
Сіздердің өтініштеріңізге сәйкес «ҚТЖ» үш нұсқаны қарастыруда:
- Балқаш және Ақтоғай станциялары арқылы жаңа пойыз қатынасын ұйымдастыру. Жол жүру уақыты шамамен 28 сағат, құрамында 7 вагон. Құны — 1 млрд 200 млн теңге.
- Алматы арқылы жаңа пойыз ұйымдастыру. Жол жүру уақыты — 29 сағат, құрамында 7 вагон. Құны — 500 млн теңге.
- Қазіргі №122/121 «Астана – Семей» пойызы құрамындағы «Астана – Талдықорған» тікелей тіркеме вагондарын Ақтоғай станциясына дейін жеткізіп, одан кейін жеке локомотивпен тасымалдау. Жол жүру уақыты шамамен 30 сағат, құрамында 2 вагон. Құны — 700 млн теңгеден жоғары. Барлық нұсқалар бойынша жол жүру бағасы вагон санатына байланысты 10–17 мың теңге аралығында болады, — деді Нұржігітов Диар.
Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, арнайы қаржыландыру жүзеге асатын болса, жоғарыда айтылған бағыттардың бірін таңдап, теміржол қатынасын жандандыруға мүмкіндік бар екен. Демек, жасауға болады.
Отырыста сөз алған ЖСДП депутаты Нұрлан Сатыбалдыұлы, қандай жағдайда да халықтың қамы бірінші орында болуы тиіс екенін атап өтті:
— Алдымен халықтың мүддесін ойлауымыз қажет. Егер жолаушылар тасымалы жолға қойылса, билет бағасын шарықтатпау мәселесін де қарастырған жөн. Сондай-ақ Жетісу — елдің ең көрікті өңірлерінің бірі. Бұл бағыт туризм саласының дамуына да оң әсер етеді, — деді ол.
Депутаттың бұл пікірі орынды. Себебі жаңа теміржол бағытының аталған үш нұсқасы да еліміздің туризмдік әлеуеті жоғары аймақтарынан өтеді. Атап айтқанда, Семей өңірі, Балқаш көлі маңы және Қапшағай су қоймасы. Бұл бағыттар, әсіресе жаз мезгілінде, демалушылар үшін өте қолайлы болары анық.
Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаевтың айтуынша, өңір халқы бұған дейін де бірнеше рет хат жазып, әкіммен кездесулерде осы мәселені көтерген. Алайда тікелей құзырлы органдармен бірлескен нақты жұмыс болмағандықтан, іс кейінге шегеріліп келген. Ал жергілікті тұрғындар үшін мұндай бағыттың ашылуы аса маңызды.
Мәселені жан-жақты талқылаған мамандар мен депутаттар картаға қарап, бірнеше сызбаны қағаз бетіне түсірді. Дегенмен, жобаны нақтылау үшін алдағы уақытта тағы бірнеше кеңейтілген отырыс өткізу жоспарланып отыр. Бұйырса, қараша айында өтетін кешенді жиыннан нақты нәтиже күтілуде.
Айта кететін тағы бір жайт — бұған дейін жұртшылықтың өтінішімен және депутаттық сауалда көтерілген Көксу – Талдықорған учаскесінде жолаушылар пойыздарының қозғалысын қалпына келтіру әзірге мүмкін болмайтынға ұқсайды. Мамандардың айтуынша, аталмыш бағыттағы теміржол желісі қатты ескірген. Тіпті пойыз жүрген күннің өзінде жылдамдығы 60 км/сағ-тан аспайды. Ал Көксу – Тентек – Қарабұлақ – Талдықорған аралығында жылдамдық бар болғаны 25 км/сағ. Бұл әрі қауіпті, әрі уақыт жағынан тиімсіз.
Бердібек Хабай, ЖСДП