ЖИ және ұлттық қолөнердің ертеңі

Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы алаңдаушылықты да тудырып отыр. Әсіресе шығармашылық сала мамандарының жағдайы не болмақ? ЖИ кез келген туындыны тез әрі сапалы жасауға қабілетті. Болашақта қолөнер мен өзге де өнер түрлерін тек жасанды әлем жасап мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін. Осыған сай шынайы кәсібилік адамзат баласына мүлде қажет болмай қалуы ықтимал.

Осы бағытта қоғам пікірі екіге ажыратылып жатқан тұста, Қостанай облыстық ЖСДП филиалы бұл мәселені қоғам назарынан тыс қалдырмай, аймақ өнерпаздарын, мәдениет өкілдерін, жас шеберлерді арнайы басқосуға шақырды. Партия ұйымдастырған кезекті дөңгелек үстелде жасанды интеллекттің болашағы ғана емес, оның адам шығармашылығымен ара-қатынасы, дәстүрлі өнерге ықпалы кеңінен талқыланды.

Қостанай өңірінде қолөнер шеберлігі екпінді дамып келеді. Дарынды дизайнер, «Arlan Design» студиясының жетекшісі, қолөнер шебері Арлан Аңқауов - бірнеше жыл бұрын қой жүнінен жасалатын ерекше технологияны патенттеп, өнерге жаңа серпін әкелді. Табиғаттың сұлулығын, қазақ даласының байлығын киізге қондырып, жаңа бір өнер түрін тудырған қолөнерші өзінің ерекше туындыларымен көпшіліктің назарын аударуда.

«Қой жүнінен жасалған суреттер - ата-бабаларымыздың табиғатқа жақын өмір салтын бейнелейтін қолөнер түрі. Мен бұл өнерді анамның тоқыған кілемдерімен, ағамның теріден жасаған бұйымдарымен ұштастырып, осы дәстүрдің жалғастырушысы ретінде өз үлесімді қосқым келді», - дейді қолөнерші Арлан.

Кездесу барысында ЖСДП филиалының өкілдері де өңір шеберлерінің еңбегін қолдаудың маңызын атап өтіп, жаңа технологиялардың дәстүрлі өнерге тигізетін ықпалы туралы ортақ пікір алмасты. Партия тарапынан шығармашылықты дамыту жобаларына қолдау көрсету жайы да сөз болды. Қатысушылардың пайымдауынша, жасанды интеллект заман талабы мен жаңа мүмкіндіктердің бейнесі. Алайда кез келген мүмкіндіктің тәуекелі бар екенін де жоққа шығармайды.

«Мен үшін жасанды интеллект - бұл ең алдымен құрал. Әр дәуірдің өз жаңалығы, өз технологиясы болады ғой. ЖИ-ді тылсым дүние деп қабылдамаймын. Ол - адамның ойынан туған механизм, тек біздің қолымызға енді жетіп жатқан жаңа жүйе. Алайда әрбір жүйенің өз жауапкершілігі бар. Сондықтан оған қызығушылықпен де, абайлықпен де қарауға тырысамын»,- деді шас қолөнершілер.

Арлан жасанды интеллектіні кейде стильдерді зерттеу үшін не болмаса туындыны жүзеге асыру мақсатында қолданатынын айтады. Жас суретшілердің еңбегі жасанды интеллект салдарынан бағаланбай қалуы мүмкін деген пікірге Арлан сенбейді. Оның ойынша, жасанды интеллект дұрыс бағытта қолданылса, керісінше шабыт беретін, жаңа мүмкіндіктер ашатын көмекші құрал бола алады. Ал жасанды интеллекттің даму қарқыны заңмен реттелуі керек деген ойды қолдайды. Әсіресе авторлық құқықты қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Шеберлердің пікірінше, жасанды интеллект арқылы жасалған жұмыс пен қолөнершінің еңбегі арасында нақты айырмашылық көрсетіліп отырса, әділдік те сақталады.

«Ең бастысы авторлық құқықты нақтылау. Әсіресе сурет, музыка сияқты салаларда жасанды интеллект дайын контентті көшіріп кетпеуі үшін бақылау керек. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен жасалған туынды мен адам қолымен жасалған туындының айырмашылығы ашық көрсетілуі тиіс»,-дейді ол.

Бұл тұста ЖСДП филиалының өкілдері де авторлық құқық мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстарды әзірлеу жөнінде ақпарат ұсынды. Жасанды интеллект тек есеп-қисап жүргізетін жүйе емес: ол сурет салады, ән жазады, сценарий құрастырады, тіпті адам дауысын, сөйлеу мәнерін айнытпай келтіреді. Осындай өзгерістер шығармашылық әлеміне де жаңа сұрақтар тудырып отыр. Осы тұста өнер жолында жүрген, сондай-ақ облыстық қуыршақ театрының басшысы Төленді Әлқожа өз ойымен бөлісті. Бұл жүйенің дамығаны соншалық, мүмкіндіктері шексіздей. Оның артықшылығы - мәліметті шексіз көлемде талдап, көз ілеспес жылдамдықпен өңдеу мүмкіндігінде. Сурет салып үйрену үшін жылдар қажет болса, жасанды интеллект әртүрлі туындыларды бірнеше секундта зерттеп шығады. Сол себепті кейіпкеріміз бұл технологияны адам шығармашылығына төнген «көрінбес бәсекелес» деп санайды.

«Бүгінде жасанды интеллект арқылы жасанды дауыс жасап, ән шығаруға болады. Бұл - өнер адамдарына бәсеке деп ойлаймын. Әрине, бұл жүйе кез келген адамның дауысын техникасына сай етіп, ән жаза алады. Дегенмен бұл адамның жанды ырғағына жетпей, көрерменнің жүректерін тебіренте алмайды. Өзім жұмыста бұл жүйені көп қолданбаймын. Бірақ күнделікті өмірде мәтін өңдеу, ақпарат табу сияқты қарапайым міндеттер үшін пайдаланамын. Дыбыс, бейне өңдеуде де кей-кейде жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалар көмектеседі. Бірақ шығармашылықтың негізгі бөлігі бәрібір өзімнің қолымнан өтеді»,- деді олар.

Бүгінгі дәуір - технология мен өнердің тоғысқан шағы. Технологияның бүгінгі қарышы өнердің де, қоғамның да тынысын өзгертіп жатыр. Қоғам бұл өзгерістерді қабылдай отырып, жаңа мәдени үрдістер мен білім беру тәсілдерін қалыптастыруда. Осы үдерістерге бейімделу мақсатында Қостанай облыстық ЖСДП филиалы да аймақтағы шығармашылық қауымдастықпен бірлесе жұмыс жүргізіп, жасанды интеллекттің қауіптері мен артықшылықтарын қоғамға кеңінен түсіндіруді өз міндетінің біріне айналдырған.

Дильназ Изделюева ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы