Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі талқыланды

Өткен жұмада ЖСДП орталық аппаратында партияның Астаналық филиалының ұйымдастыруымен «Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі және заңсыз автокөлік тасымалымен күрес: шаралар мен міндеттер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға аталмыш салаға қатысы бар біршама құзырлы орын өкілдері мен сарапшылар жиналып, мәселенің шешілу жолдары мен бүгінгі қолға алынып отырған шараларды жан-жақты талқыға салды.

Тізгінді Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Астаналық филиал төрағасы Омаров Талғат Табысбайұлы қолға алып, қазіргі таңда жол апаттары мен жол-көлік оқиғаларының себеп-салдары туралы баяндай келе, партия аталмыш мәселеге бей-жай қарамайтындығын атап өтті. «Елімізде соңғы уақытта тас жолдардағы апаттар саны күн санап артып келе жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе, оқиға салдарынан адам шығынының көп болуы бәрімізді алаңдатуда. Бұл жағдайға алдымен көлік жүргізушілері кінәлі деп айтқанымызбен, оның басқа да себеп-салдары бар екенін білеміз. Сондықтан осындай қайғылы жағдайды болдырмау үшін мемлекет пен құзырлы органдар қандай шаруа атқарып жатқанын біліп, олардың алдағы жоспарларын да тыңдасақ деген оймен жиналдық», — деді Талғат Табысбайұлы.

Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының директоры Масанов Арыстан Жоланұлының айтуынша, қазіргі таңда институт біршама зерттеулер жасап, жол-көлік оқиғалары мен қауіпсіздігіне байланысты түрлі ұсыныстарды ҚР Көлік министрлігіне ұсынған.

«Қазақстанда 1991 жылдан 2024 жылға дейін 520 000-нан астам жол-көлік оқиғасы құжат жүзінде тіркелген. Салдарынан 728 000-нан астам адам түрлі жағдайда зардап шексе, оның 96 000-нан астамы қаза тапқан. Бұл жағдайлар институттың елімізде орын алған жол-көлік оқиғаларын (ЖКО) саралау кезінде белгілі болды. Қазақстанда орта есеппен екі күн сайын жол-көлік оқиғаларынан 13 адам қаза табады екен. Өлім-жітімнің осынша көп болуы — өте өкінішті жағдай. Тіпті біздің ел үшін әр екінші күнді мемлекеттік деңгейде «Аза тұту күні» деп жариялауға болады екен. Бұл қуанатын дүние емес», — деп зерттеу институты директоры өкінішті жағдайды ерекше толғаныспен жеткізді. Шындығында бұл әлем бойынша ең төменгі көрсеткіштің бірі екені анық.

Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты директорының келтірген деректерінен еліміздегі 2020–2024 жылдар бойынша статистикаға көз жібере отырып, жағдайдың дұрысталмағанын байқауға болады. Соңғы 5 жыл ішінде жол апаты салдарынан жарақат алғандардың саны — 104 626 адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар — 24 767. Ал соңғы 5 жыл ішінде оқиға салдарынан қаза болғандар саны — 11 186 адамға жеткен. Ал кәмелетке толмағандар саны — 1277 болып отыр. Деректерге қарап дегбірің қашады. Мұндай сұмдық жағдайға не себеп? — деген сауал еріксіз санаға оралады. Отырысқа жиналғандар бұл жағдайдың да себеп-салдарын нақтылаған секілді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Ермуханов Қуаныш Қадырғалиұлының сөзінше, мәселе алдымен заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысушыларда болып тұр.

«Қазір ғаламтор желісі арқылы және түрлі платформаларды пайдалана отырып адам тасымалдаумен айналысатындардың саны артты. Оны барлығымыз білеміз. Аталмыш платформалар тек ғаламтор желісі арқылы жұмыс жасайтын болғандықтан, ол жүйе техниканың және көлік басқарушысының жағдайын мүлде бақылаудан тыс қалдырады. Оған тіпті құзырлы орындар да араласа алмай отыр. Айталық, бір желі тек 8 сағат жұмыс жасауға рұқсат берсе, жүргізуші белгіленген уақытты өтеген соң келесі жүйеге ауысып, сол бағдарлама негізінде адам тасымалдаумен айналысып кетеді. Бұл дегеніміз адамға физикалық тұрғыда өте үлкен зиянын тигізуде. Тіпті техниканың өзі күніне тоқтаусыз 12 сағат жүру қауіпті. Көлікті А нүктесінен Б нүктесіне дейін жүріп өткен соң міндетті түрде бақылаудан өткізіп отыру қажет. Ал бізде ондай жоқ. Жеке тұлғалар не заңға, не ережеге бағынбайды. Тіпті адам өзінің физикалық ахуалын да бақылап жатпай-ақ жолға шығып кетеді. Салдарынан қанша рет қайғылы оқиғалар орын алып отыр», — дейді Қуаныш Қадырғалиұлы.

Әрине, ең алдымен жауапкершіліктің болуы үлкен апаттың алдын алары анық. Сондықтан сарапшылар мұндай жағдайдың алдын алу үшін аталмыш онлайн платформаларды мемлекеттің заңына икемдеп, оларға және олардың иелеріне түрлі шектеулер қою керек деп отыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі осы айтылған мәселелерге байланысты арнайы заң жобасын әзірлеп жатқандықтарын және аталмыш заң жобасына осы дөңгелек үстелге жиналғандарды да қатысуға шақырды. Қара жолдың үстінде болатын қайғылы жағдайлардың келесі бір себебі — еліміздегі автомобиль паркінің ескіріп кеткендігі. Атап айтқанда, біздегі жүйткіген көліктердің дәл қазіргі жағдай бойынша 43%-ы 20 жылдан астам уақыт жүріп келе жатқан ескі көліктер болып отыр. Осы тұста Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының директоры Арыстан Жоланұлы төмендегіше тағы бірнеше дерек ұсынды. Айтуынша еліміздегі жолдардың 67%-ы қауіп-қатерге толы көрінеді. Демек, бұл біздегі жол құрылысының өте төменгі деңгейде екенін аңғартады. Келесі дерек — жол қозғалысы кезінде жүргізушілердің дені гаджеттерге алаңдайды. Бұл рас. Тіпті көшеде көлікпен келе жатып-ақ жан-жағыңдағы жүргізушілердің смартфонға алаңдап отырғанын анық көреміз. Отырысқа қатысқан жеке кәсіпкер Буралкин Айнидин есімді азамат жеке дара мәселені ортаға тастады. Оның сөзінше, біздің елде жеке кәсіп ашып адам тасымалдаумен айналысатындар мен кәсіп ашпай-ақ тасымалдауға шығатындар арасында үлкен талас пен тартыс бар. Себебі жеке тұлға еш жауапкершілікті мойнына алмайды. Ал кәсіпкерге мемлекет тарапынан да, құқық қорғау орындарынан да әкімшілік кедергілер көп.

«Бізде қандай да бір жол-көлік оқиғасы орын алатын болса, күллі жауапкершілік пен жаза жеке тұлғаға, яғни жүргізушінің мойнына ілінеді. Неге батыс елдеріндегі тәжірибені енгізіп, жауапкершілікті сол көлікті жүргізуге мұрсат берген немесе жүргізушінің денсаулығын жіті тексермеген компанияға артпаймыз? Барлығына жеке тұлға ғана жауап беріп, компания не кәсіпорын сүттен ақ, судан таза болып шыға келуі дұрыс емес. Жауапкершілік екі жақты болуы керек», — дейді ол.

Шындығында, біздің елде жағдай орын алған кезде алдымен кінәлі тек жүргізуші болып шыға келетіні барлығымызға аян. Сондықтан сарапшының уәжін де саралап, баға беретін уақыт жеткенге ұқсайды. Сарапшы кәсіпкер Буралкин Айнидиннің ойын өзге де қатысушылар толық қолдады. Шындығында да қазір Әзербайжан, Эстония, Латвия, Литва сынды мемлекеттерде мәселе майшаммен қаралып, жауапкершілікті кей жағдайда толықтай көлікті жүргізуге рұқсат берген немесе қадағалаудан өткізген компаниялар мойнына алатын көрінеді. Жоғарыда аталған елдерде жолдағы жағдайлар мен адам құқығын қорғау мәселесінің жетілгендігі сонша қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларынан зардап шегу деңгейі нөлдік (0) деңгейде екен. Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты директорының айтуынша, біздің ел бүгінгі енгізіліп жатқан жобалар мен бағдарламалар негізінде 2050 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғасы кезіндегі өлім-жітімді нөлдік (0) деңгейге жеткізуді көздеп отыр. Сонда 2050 жылға дейін жолдағы қауіп сейілмейме?,-деген заңды сауал ойға оралары анық. Дегенмен де «Көш жүре түзеледі»,-деген нақыл осындайға қарата айтылса керек,-деп өз ойыңа басу айтады екенсің. Бірақ 2050-ді күтпей-ақ мәселені шешуге де болар.
Отырысты қорытындылаған Талғат Табысбайұлы жағдай бір ғана дөңгелек үстел аясында шешілмейтіндігін айтып, алдағы уақытта құзырлы орындар мен министрліктердің тиісті сала мамандарын тағы да шақыра отырып бұдан да ауқымды отырыстар өткізілетіндігін жеткізді. Нәтижелерін міндетті түрде мінберлерден көтеріп, қажетті шаралар қолдануға жағдай жасауға әрекеттенетінін айтты.

Бердібек Қабай ЖСДП баспасөз қызметі