Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясында (ЖСДП) «Қазақстан Республикасында алименттік міндеттемелерді өндіру жүйесін реформалау және борышкерлердің жасырын табыстарын анықтау тетіктерін жетілдіру» мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Қазіргі таңда ресми деректер бойынша елімізде алимент төлемей жүрген борышкерлердің саны 12 мыңнан асады. Олардың жалпы берешегі 18 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражаттың көлемі айтарлықтай ауқымды екені анық. Заң аясында борышкерлерге қатысты мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылып келеді. Тіпті әлеуметтік маңызы бар істер санаты бойынша алимент өндіру мәселелері ерекше бақылауға алынған көрінеді. 2025 жылы мәжбүрлеп орындату процесінде 354 мыңнан астам алимент өндіру құжаты болған. Оның 60 мыңға жуығы нәтижелі орындалған. Ал 2026 жылдың алғашқы айларында 295 мың алимент өндіру құжаты қаралған. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеген болатын.
Бүгін ЖСДП Орталық аппаратында сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері алимент өндіру мәселелері және борышкерлердің түрлі әрекеттеріне байланысты шешім жолдарын талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. Айта кету керек, отырыста айтылған ұсыныстар партия тарапынан жүйеленіп, алдағы уақытта Үкіметке ұсынылмақ.
Жиынды бастаған партияның Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов еліміздің кез келген азаматы мұндай мәселелерге бейжай қарамауы керектігін айтты. Әсіресе ел болашағы саналатын балаларды қиын жағдайлардан қорғау аса маңызды екенін атап өтті.
«Балалардың өмір сапасын арттыру – үлкен мәселе. Бұл жағдайлар біздің партия үшін де күн тәртібінен түспейді. Себебі көптеген ата-аналардан шағымдар толассыз келіп жатыр. Сондықтан халықтың басындағы жағдайға біз әрекетсіздік таныта алмаймыз. Бүгін сіздерді осы мәселе бойынша еркін пікір алмасуға шақырып отырмыз. Мұнда айтылған ұсыныстар алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер енгізуге ықпал етуі мүмкін. Біз барынша ашықпыз әрі халықтың пікіріне құлақ асып, оны құзырлы орындарға жеткізуге және өзгерістер жасауға күш саламыз», – деді ол.
Шын мәнінде, заңға енгізілетін кез келген өзгеріс жайдан-жай жасалмайды. Ол үшін кең ауқымды талқылау жүргізіліп, мамандардың, сарапшылардың және халықтың ұсыныстары назарға алынады. Сондықтан алимент мәселесіне қатысты түрлі жағдайларды жан-жақты зерделеу қажет.
«Бізге кез келген жағдайға жауапкершілікпен қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Әсіресе баланың болашағына балта шабылмауы керек. Отбасылар ажырасқан кезде көптеген күрделі жағдайлар туындайды. Мысалы, мүлік пен табысты жасыру салдарынан үлкен көлемдегі қарыз жинақталады. Бұл әрекеттер құзырлы органдар мен жеке сот орындаушыларының жұмысын күрделендіреді. Шындығында, алимент бойынша берешегі бар көптеген азаматтар оны төлеуге құлық танытпайды. Осы тұрғыдан алғанда, аталған мәселені шешетін уақыт жетті деп ойлаймын. Барынша әрекет жасап мәселенің себебімен де салдарымен де кешенді түрде айналысуымыз керек. Біздің ұстыным осы», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Бақытқызы.
Бала мүддесі бәрінен жоғары
Табысын жасырып, кіріс ретінде болмашы тиын-тебен көрсететіндердің шынымен де баласының болашағын ойлап жүргенін айту қиын. Дегенмен бұл тұста түрлі факторлар мен екі тараптың да көзқарасын ескеру маңызды. Мәселені біржақты қарау арқылы нақты шешім шығару мүмкін емес. Осы тұрғыда Мәжіліс депутаты мәміленің маңыздылығына ерекше тоқталды. Бұл өз кезегінде құзырлы орындар мен отбасылар арасында қатаң заң талаптарынан бөлек, тиімді келісімдердің де маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Экс-судья, «Alina Partners» заң компаниясының басшысы Айжан Алинаның айтуынша, ең алдымен «алимент төлеу – міндетім» деген түсінікті қалыптастыру қажет. Азаматтар бұл жауапкершіліктің борыш емес, ата-аналық міндет екенін ұғынуы маңызды.
«Мен өз тәжірибемде көптеген жағдайлармен бетпе-бет келдім. Бізде алимент бойынша борышкерлер тек әкелер ғана емес, аналар да кездеседі. Біздің елде қолданылатын негізгі тетік – алимент өндіру процесі сотқа жеткен кезде борышкердің табысын тексеру. Егер оның заңды табысы болмаса, ары қарайғы әрекеттер шектеледі. Яғни ресми табысы жоқ адамнан қаражат өндіріп алу қиын. Ал қазір табысты анықтаудың түрлі тәсілдері бар екені рас. Тіпті қолма-қол ақша алған жағдайда да табыс көлемін растауға болады. Біз алдымен осы мәселелерді нақтылап алуымыз керек. Табысын жасырып, түрлі айла-тәсілдерге баратын адамдарды алаяқтық әрекетке барғандар деп бағалауға болады. Осыған байланысты табысты растаудың жаңа алгоритмін енгізу маңызды», – деді ол.
Шын мәнінде, бүгінде табыс табудың жолдары көбейді. Біреулер шетел арқылы кіріс алып жатса, енді біреулер цифрлық қаржы құралдарын пайдаланады. Тіпті криптовалюта арқылы табыс табатындар да бар. Мемлекет осы жағдайларды ескеріп, құзырлы органдардың мүмкіндіктері мен өкілеттіктерін күшейткені дұрыс.
Экс-судья Алина қажет болған жағдайда жасырылған мүлік пен табысты анықтаудың тиімді жолдарын ұсынуға болатынын айтты. Оның сөзінше, табысын жасырып, алимент төлемей жүрген бір борышкердің банк қосымшалары арқылы 67 млн теңге көлемінде аударымдар жасағаны анықталған. Бұл банк операциялары негізінде қаржылық қозғалыстарды бақылау мүмкін екенін көрсетеді.
Тәуелсіз аудитор, «Kaz Audit Finance» аудиторлық компаниясының жетекшісі Валерия Ли жасырылған мүлік пен табысты анықтаудың кешенді тәсілдерін атап өтті. Оның айтуынша, жалақы мөлшерін жасанды түрде төмендету, жалған қарыз шарттарын жасау, шығындарды қолдан көбейту, мүлікті туыстарының атына рәсімдеу, аффилиирленген тұлғаларды пайдалану, корпоративтік схемаларды қолдану, жалған кредиторлық берешек қалыптастыру, кәсіпорын қаражатын жеке мақсаттарға пайдалану сияқты түрлі заңсыз әрекеттер кездеседі деп отыр.
«Бүгінгі таңда жауапкершілік тек борышкердің өзіне жүктеледі. Алайда бухгалтер де, туыстары да, жұмыс беруші де, контрагент те, жалған қарыз шартын рәсімдеген тұлға да ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Дәл осы себепті мұндай схемалар әлі күнге дейін қолданылып келеді», – дейді ол.
Шынында да, бұл мәселеге кешенді түрде қарау маңызды. Себебі Валерия Лидің келтірген мысалдары кез келген адамды ойландыратыны анық.
Мәселедегі жаңа қадамдар
Өндірістік емес төлемдерді және жеке тұлғаларды әкімшілендіру департаментінің директоры Заңғар Шындали салық органдарының жұмысы туралы айтты. Оның сөзінше, 2024 жылдан бастап Қазақстан азаматтарының табыстары туралы мәліметтер әлемнің 80 мемлекетінен алына бастады. Ал 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жеке тұлғалардың ақша аударымдарына мониторинг енгізіледі екен. Тіпті криптовалюта саласында да заңнамаға өзгерістер енгізіліп, майнерлерге табыстарды бөлу туралы ақпарат беру міндеттелген екен.
«Өздерінің шығыстарын көрсеткен компанияларды біз бақылауда ұстаймыз. Олардың міндетті түрде кіріс бөлігі болуы тиіс. Егер қандай да бір тұлға шығыстары туралы ақпарат беріп, кірістерін көрсетпесе, біз оны анықтап, қаржылық есептілік деңгейінде кірісті толық көрсетуін талап етеміз. Бұл өз кезегінде жасырын кірістерді анықтауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Заңғар Шындали.
Оның сөзінше, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жан-жақты жетілдіріліп, тиісті шаралар қабылдана береді. Сонымен қатар ол қазіргі таңда, әсіресе банктік құрылымдар тарапынан белгілі бір шектеулер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, банктер салық құпиясына байланысты аудиторлар мен жеке сот орындаушыларының сұрауы бойынша қажетті ақпаратты бере алмайды. Ол үшін міндетті түрде сот шешімі қажет. Осы мәселені шешу үшін сот орындаушыларына бюрократиялық кедергілерді азайтып, қажетті деректерге цифрлық қолжетімділік беру маңызды екенін ұсынды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитеті төрағасының орынбасары Зарина Утепова тағы бір жүйелі мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, нақты табысын көрсеткісі келмейтін борышкерлер кей жағдайда қажетті құжаттарды ұсынғаннан гөрі айыппұл төлеуді жөн көреді. Мысалы, 32 млн теңге көлеміндегі берешек анықталуы мүмкін жағдайда, олар 43 250 теңге көлеміндегі айыппұл төлеумен ғана шектеледі.
«Борышкер қажетті мәліметтерді ұсынбағаны үшін ең көп дегенде 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Оған 43 мың теңге төлей салу тиімдірек, өйткені табысын ашқан жағдайда 32 млн теңге көлеміндегі берешек есептелуі мүмкін. Мұнда ешқандай әділ сәйкестік жоқ», – деп атап өтті Зарина Утепова.
«Заң рұқсат етсе – бір ғана сұрау жеткілікті»
Қызу пікірталас барысында Айжан Әлина алимент өндіріп алу істерінде көптен бері көтеріліп жүрген мәселені тікелей Заңғар Шындалиға қойды. «Егер борышкер сотқа 30 миллион теңге көлеміндегі шығыстарын көрсетсе, онда контрагенттің де дәл сондай көлемде кірісі болуы керек. Неліктен оның бұл табысты көрсеткен-көрсетпегенін ешкім тексермейді? Ол салық төлеген бе? Бұл сіздердің электрондық деректер базаларыңызда болуы керек қой. Мұны бір ғана сұрау салу арқылы анықтауға болмай ма?» – деді Айжан Әлина Салық комитетінің өкіліне қарап.
Заңғар Шындали сұрақтан жалтармады. Оның айтуынша, техникалық тұрғыдан мұндай мүмкіндік бар, барлық қажетті деректер электрондық базада сақталған. Алайда мәселе заңнамалық шектеулерге байланысты болып отыр. Сондықтан біз әрекет етуге қауқарсызбыз, – деді. «Егер заң бізге мұндай ақпаратты алуға мүмкіндік берсе, қажетті мәліметтердің бәрі біздің базада бар. Контрагенттер бойынша толық ақпарат алуға болады. Ең бастысы, алимент өндіріп алу істері бойынша сот орындаушыларына салық деректеріне цифрлық қолжетімділік берсе жеткілікті», – деді ол. Сайып келгенде, аталған пікірталас бір маңызды жайтты көрсетті. Мәселе мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінде емес, қажетті деректердің құпиялылығында. Бізде әр орган өз құзыреті аясында ғана жұмыс істейді. Жалпы көріністі толық көре алмайды. Сондықтан ЖСДП ұсынып отырған ведомствоаралық жүйе – бюрократиялық бастама емес, нақты қажеттілік әрі ашықтық болмақ.
ЖСДП ұсынымдары
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша келесі бастамалар пакеті әзірленді:
• алимент мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін табыстар тізбесін жаңарту және оған депозиттерден түсетін кірістерді, дивидендтерді, криптовалютаны, маркетплейстерден түсетін табысты және жылжымайтын мүліктен түсетін кірісті енгізу;
• табысты жасыру белгілері болған жағдайда жеке сот орындаушыларына берешек ресми анықталғанға дейін банк көшірмелерін сұрату құқығын беру;
• операциялардың толық сипаттамасы көрсетілетін бірыңғай әрі қорғалған форматтағы банк көшірмелерінің стандартын енгізу;
• борышкердің шығыстары ресми табысынан асып кеткен жағдайда, сотқа қолда бар деректер негізінде берешек көлемін анықтау құқығын беру;
• табысы туралы мәліметтерді ұсынбағаны үшін жасырылған алимент көлеміне сай келетін жауапкершілік белгілеу;
• борышкердің табысын жасыруға қасақана көмектескен бухгалтерлердің, контрагенттердің және жақындарының жауапкершілігін енгізу;
• жасырын табыстарды анықтаудың бірыңғай алгоритмін әзірлеу. Ол үшін Әділет министрлігі, Қаржы министрлігі, прокуратура, салық органдары және жеке сот орындаушылары қатысатын ведомствоаралық жұмыс тобын құру;
• алимент өндіріп алу істері бойынша сот орындаушыларына қағаз нысанындағы сұрауларсыз салық деректеріне цифрлық қолжетімділік беру.
ЖСДП аталған бастамаларды депутаттар арқылы және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп ілгерілетуді жоспарлап отыр. «Бүгінде мемлекет бюджет пен корпоративтік сектордың мүддесін тиімді қорғауды үйренді. Енді кәмелетке толмаған балалардың мүліктік құқықтарын қорғау саласында да дәл осындай тиімділік танытатын уақыт келді», – деп қорытындылады тәуелсіз аудитор Валерия Ли.
Бердібек Қабай, ЖСДП Орталық аппаратының баспасөз қызметі