ЖСДП: Бұл халық мүддесіне бағытталған реформа

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық аппаратында бастауыш партия ұйымдары басшылары мен белсенділердің қатысуымен халық талқысына ұсынылған жаңа Конституциялық жобаны талқылауға байланысты ауқымды жиын өтті.

Өйткені еліміз ірі реформалық жағдайды бастан өткізіп жатқаны белгілі. Себебі мемлекеттің ірі құрылымдарындағы өзгерістермен қоса Ата Заңға, яғни Конституцияға да күрделі жаңарту енгізілуде. Бүгінде халық осы бір саяси реформаны жан-жақты талқылап, түрлі ұсыныстар айтып жатқаны да анық. Бұл орынды жағдай. Өйткені кез келген жаңғырту мен реформалар ең алдымен халық үшін жасалатынын естен шығармаған абзал. Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында өткен соңғы Ұлттық құрылтайда да осыны айтқан болатын. ЖСДП Орталық аппаратында ұйымдастырылған жиын барысында партия өкілдері жаңару мен жаңғырудың мәнісіне терең үңілді. Нақтырақ айтқанда еліміздің басты заңы – Конституциядағы кейбір баптар барысын нақтылап, партия өкілдері мен жетекшілерінің пікірі тыңдады.

Жиналысты тізгіндеген Орталық аппарат басшысы Мақсұт Насибулов: «Біз халықпен кездесіп, Конституцияның жаңа жобасын талқылауды өзіміздің борышымыз деп есептейміз. Әрине, Ата Заңның жаңа жобасында партиямыздың жылдар бойы айтып, талап еткен көп ұсыныстары енгізіліп отыр. Сондықтан біз өз ұсыныстарымызды кез келген жағдайда да қорғап, қуаттауымыз қажет. Осы мақсатта өздеріңізбен кездесіп отырмыз. Мүмкіндігінше халықпен бірге болу біздің басты мақсатымыз», – дей келе, жиыналысты ресми түрде ашты.

Конституцияда біздің көп ұсыныстар көрініс тапты

Алғашқы болып сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов дәл қазіргі сәттер мемлекет үшін және халық үшін үлкен саяси әрі тарихи кезең екенін еске салды.

«Біз партия болып құрылған сәттен бастап өзіміздің оппозициялық көзқарастарымызды нақты көрсетіп, қоғамда болып жатқан қайшылықтарды тікелей жеткізіп келдік. Ол кездері сан алуан ұсыныс жолдап, Үкіметтің назарына ұсындық. Өткен жиырма жыл біз үшін күрестерге толы болды десем болады. Ал қазір біз сол кезден бері көтеріп келген көп мәселе Конституцияның жаңа жобасында көрініс тауып отыр. Мысалы: еститін Үкімет, бір палаталы Парламент, Президенттің шексіз құзыреті. Мұның барлығын ЖСДП осыдан 13 жыл бұрын өзінің сайлауалды бағдарламасына да енгізген. Міне, енді қазір бізге өз ұстанымдарымызды қорғап, барынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды болып тұр», - деді.

Шынымен де партия бағдарламасындағы кейбір мәселелер қазір халық талқысына ұсынылып отырған Ата Заңның жаңа жобадағы біршама баптарына енгізілген. Осыған қарап-ақ жағдайдың шынымен өзгеретініне сенуге болады. Партия төрағасы өз сөзінде бұл реформа осыдан 6 ай бұрын басталғанын және дәл қазір халық талқысына ұсынылып отыруында үлкен мән бар деді.

«6 ай бойы жұмыс топтары мәселені әбден пісіріп, сараптады. 2000-нан астам ұсыныс келіп, бұл ұсыныстардың түгелге дерлігі ескерілгенін білеміз. Қазір заңгерлер де, саясаткерлер де, тіпті қоғамның қарапайым өкілдері де арнайы құрылған конституциялық комиссия құрамына кіргізілді. Жұмыс өте ауқымды жүріп жатыр. Біз жуықта ғана партия құрамымен кеңейтілген саяси кеңес отырысын өткіздік. Кеңес мүшелері де өз ұсыныстары мен ойларын еркін айтты. Сол отырыста Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өз тарапынан мәлімдеме жасап, бір ауыздан қабылдады. Осылайша Конституцияның жаңа жобасын дұрыс деп таныды»,-деді.

Тағы бір ерекшелеп айтатын жағдай – ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов әлемдегі бір ғана «Социалистік интернационал» халықаралық саяси ұйымының вице-президенті. Осы ұйымның 2025 жылдың соңында Мальтада өткен кезекті жиынында, қазақстандық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар жөнінде нақты баяндаған болатын. Қазақстанның жаңа бағытқа бет бұруын әлемдік ұйым толығымен қолдаған. Өз кезегінде бұл біздің ел үшін үлкен жеңіс екенін айта кеткен абзал. Ал ЖСДП – Қазақстандағы аталмыш халықаралық саяси ұйымға мүше бірден-бір партия. Бастауыш партия ұйымдарымен болған кездесуде бұл жағдай да назардан тыс қалмады.

Сенім – ең басты теңгерім болуы керек

Партияның Астаналық филиал төрағасы Талғат Омаров, өткен жылдың өзінде партияға 17 бастауыш партия ұйымы тіркелгенін айта отырып, ұйымдарды тіркеу халықпен тікелей байланыс жасаудың ең тиімді тәсілі деді.

«Қазір сан алуан пікір айтылып жатыр. Бірақ біз ең алдымен жаңашылдықты мойындауымыз керек. Бұл жаңа, мүлдем басқа қадам. Көбі түсінбей, ескі, әлде бір кереғар ойларды алып келіп айтып жүр. Әрине, біз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Партия ретіндегі түпкілікті мақсатымыз да сол. Конституцияның жаңа жобасындағы 6-бапта мемлекеттің бар байлығының иесі - халық деп нақты жазылған. Бұдан артық қандай мүмкіндік болуы керек? Әлбетте, кейбір тұстарға қосымша заң баптары қажет болар. Бірақ ондай жекелеген жағдайлар үшін Ата Заңды жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын», - деді.

Рас, бір кездері халық жаңаша өмірді, басқаша қағидаларды талап етті. Адамға бағытталған саясат пен адам өміріне қолайлы жағдай болуы керек деп санады. Ал бүгін сол талаптар орындалып жатыр. Сондықтан халық үн қосып, жаңа Ата Заң жобасының келешегіне сену қажет. ЖСДП Қарағанды облыстық филиал төрағасы Нұрлан Аубакиров та осыны айтып өтті.

«Біз партия ретінде өз ұстанымдарымызды ешқашан тоқтатпаймыз. Осыған дейін қалай жұмыс жасасақ, кейін де дәл солай жұмысты жалғастыра беретін боламыз. Әрине, көп жеңіске жеттік. Ол - табандылықтың арқасы. Бүгінгі Конституцияға енгізіліп отырған кейбір баптардың ЖСДП үдерісінен шығуы да сол көп жұмыстың нәтижесі деп ойлаймын. Мен бұл реформа бізге жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын. Ендігі жерде халықтың талап-тілегін жүзеге асыр жолында бұдан да зор мүмкіндіктер туатынына мен сенемін», – деп қысқа қайырды.

Жиынға партия мүшелерінің өңірлерден арнайы келгенін жоғарыда айттық. Халықтың арасынан тіпті ауылдар мен елді мекендерден келген партияластар отырыста өз сұрақтарын ортаға тастап, пікірлерін де білдірген. Бұл ЖСДП-ның ел арасында етене жүргенін айшықтайды. Сонымен, Ақмола облысы Арнасай ауылынан келген Александр ескі құжаттағы кемшін тұстар негізінде елдегі коррупцияның өршіп кетуіне жол берілгенін айта келіп, жобасы ұсынылып отырған Конституцияда мұндай олқылықтың болмауына кім кепіл болмақ? - деген сауалды төтесінен қойды. Аталмыш мауалдың шынымен өзекті екенін айтқан Асхат Рақымжанов партияның бұл жағдайға түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

«Біз партия ретінде түрлі ұсыныстарды халық тарапынан бере аламыз. Әрине, бәрі заңды болуы керек. Сондықтан алдағы уақытта өздеріңізден жиналған осындай түрлі ұсыныстарды жинап, қосымша заң жобаларында реттеуге ұсынып, жұмыс топтарында қарайтын боламыз», – деді.

Бұдан бөлек экология мәселесі мен тұрмыстық жағдайларға байланысты да түрлі сауалдар мен ұсыныстар беріліп, жауаптар алынды. Сауалдардың кейбірі сол сәттің өзінде тіркеліп, рәсімдеуге жіберілді. Жиынды қорытындылаған Орталық аппарат басшысы Мақсұт Насибулов, халықпен кездесу бұл шарамен ғана аяқталмайтынын, алдағы уақытта өңірлерде де дәл осындай кездесулер өткізіліп, халыққа реформаның мәні мен Конституцияның жаңа жобасы барынша түсіндірілетінін айтты.

Бердібек Хабай