ЖСДП фракциясы Үкіметтен жанармай сапасын бақылауды күшейтуді талап етті

ЖСДП партиясының төрағасы, депутат Асхат Рақымжанов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында, жанар-жағармайдың сапасын бақылауды күшейтуді және сапасыз отыннан зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты тетіктерін енгізуді талап етті.

Депутаттық сауалда соңғы уақытта еліміздің азаматтарынан АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасының күрт төмендегеніне қатысты көптеген шағым түсіп жатқаны айтылған. Депутаттың сөзінше, сапасыз бензин құйғаннан кейін көліктердің жұмысы тұрақсыз болып, жанармай бүріккіштері (форсункалар), оттықтары, катализаторлар және басқа да қымбат бөлшектер істен шығып қалған. Мұндай жағдайда автокөлік иелері жөндеу жұмыстарына 200 мыңнан 600 мың теңгеге дейін шығындалуға мәжбүр болады. Депутаттар бұл соманың көптеген отбасы үшін қосымша қаржылық салмақ екенін атап өтті.

Бензинді алмастыру фактілері анықталған

Депутаттық сауалда сапасыз жанармай мәселесінің жекелеген азаматтардың шағымымен ғана шектелмейтініне назар аударылып отыр. Депутат Техникалық реттеу және метрология комитетінің деректеріне сүйенген.

«Бұл жекелеген адал емес сауда жағдайлары ғана емес. Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылы жүргізілген бақылау мақсатындағы сатып алулар барысында жанармайды тікелей алмастыру фактілері анықталған. Мәселен, Алматы қаласында АИ-100 маркалы бензин ретінде құрамындағы күкірт мөлшері белгіленген нормадан үш еседен астам жоғары өнім сатылған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен кәдімгі АИ-92 бензині өткізілген. Бұл – жалғыз мысалдар емес. Тексеру нәтижелері бойынша талаптарға сәйкес келмейтін жанар-жағармай материалдарының үлесі әлі де айтарлықтай болып отыр»,-деді ЖСДП төрағасы.

Депутаттардың пікірінше, бұл фактілер жанармай нарығындағы бақылаудың тиімділігіне қатысты елеулі сұрақтар туындатады. Сонымен қатар жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша сапа талаптарына сәйкес келмейтін жанар-жағармай материалдарының үлесі әлі де жоғары болып отырған көрінеді.

Сапалы мұнай өңделгеннен кейін сапасын жоғалтуы мүмкін

Депутаттар мәселенің тағы бір маңызды қырына назар аударды. Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және сапалы отын өндірісін арттырудың өзі жанармайдың тұтынушыға жеткенге дейінгі сапасына кепілдік бере алмайды. Яғни зауыттан талапқа сай шыққан бензин уақыт өтке келе, атап айтқанда, тасымалдау, сақтау, мұнай базаларында қабылдау және ауыстырып тиеу, сондай-ақ жанармай құю станцияларында сату барысында сапасын жоғалтуы ықтимал. Осыған байланысты депутат жанармай сапасын тек мұнай өңдеу зауытының қақпасынан шыққан кездегі көрсеткішпен бағалау жеткіліксіз деп санайды. Мемлекеттік бақылау отынның бүкіл жеткізу тізбегін қамтуы қажет деп отыр ЖСДП.

Қолданыстағы жауапкершілік жеткіліксіз

Депутаттық сауалда Қазақстан заңнамасында сапасыз мұнай өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілік қарастырылғаны да атап өтілген. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-бабының 5-бөлігінде тиісті талаптарға сай келмейтін мұнай өнімдерінің айналымына жауапкершілік көзделген. Алайда депутаттардың пікірінше, заңда жауапкершіліктің болуының өзі мәселені шешуге жеткіліксіз. Іс жүзінде жанармай сапасының нақты қай кезеңде нашарлағанын анықтау қиын. Бұл мәселе өндірушіден бастап мұнай базасына, тасымалдаушыға немесе нақты жанармай құю станциясына дейінгі бірнеше буынды қамтиды.

Сапасыз бензиннен зардап шеккен азаматтар мәселені өздері дәлелдеуге мәжбүр

ЖСДП депутаты қазіргі жүйеде ең осал тараптың бірі — қарапайым тұтынушы екенін атап өтті.

«Егер азамат сапасыз бензин құйғаннан кейін көлігіне зақым келген деп есептесе, ол жанармайдың сапасы мен автокөліктің істен шығуы арасындағы себеп-салдарлық байланысты дәлелдеуі тиіс. Бұл үшін автокөлікті диагностикалау, жанармайдан сынама алу, зертханалық сараптама жүргізу және басқа да рәсімдер қажет болуы мүмкін. Мұның барлығы зардап шеккен азамат үшін шығын үстіне шығын болып жамалады. Оның үстіне уақыт пен жүйкеге салмақ болып отыр»,-дейді Асхат Рақымжанов.

Осы мәселені назарға алған ЖСДП депутаттары зардап шеккен автокөлік иелерінің құқықтарын қорғаудың нақты әрі тиімді механизмін енгізу қажет деп санайды.

Бұл мақсатта депутаттар Үкіметке алты ұсыныс жасады

Бірінші— мемлекеттік бақылауды күшейту. Депутаттар жанармай құю станцияларында және мұнай базаларында алдын ала ескертусіз, тосын тексеру жүргізу және отыннан сынама алу мүмкіндігін күшейтуді ұсынды. Сонымен қатар тұрақты түрде бақылау мақсатындағы сатып алулар жүргізіліп, алынған сынамалар міндетті түрде зертханалық сараптамадан өтуі керек.

Екінші— жанармайдың толық цифрлық қадағалау жүйесін енгізу. Әрбір жанармай партиясының қозғалысын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю станциясына дейін цифрлық түрде бақылау ұсынылды. Сонымен бірге АЗС-та арнайы QR-код орналастырылып, тұтынушы жанармайды сатып алмас бұрын оның қайдан келгенін және зертханалық бақылау нәтижелерін көре алуы қажет.

Үшінші — жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі тараптың жеке жауапкершілігін белгілеу. Депутаттар сапасыз отынды соңғы сатушыға ғана жауапты етумен шектелмеу керек деп санайды. Егер жанармай сапасы жеткізу тізбегінің басқа кезеңінде бұзылса, нақты кінәлі тарап анықталып, сол субъект жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Төртінші — жауапкершілікті күшейту. ӘҚБтК-нің 281-бабы бойынша құқық қолдану тәжірибесіне талдау жүргізіп, сапасыз отынды сату және айналымға шығару үшін жауапкершілікті оның қоғамдық қауіптілігіне сай күшейту ұсынылды. Сонымен қатар талапқа сәйкес келмейтін жанармай партияларын міндетті түрде айналымнан алып тастау тетігін қарастыру қажет.

Бесінші — жанармай сапасы бойынша ашық мемлекеттік тізілім құру. Депутаттар жүргізілген тексерулердің нәтижелері жарияланатын бірыңғай ашық реестр құруды ұсынды.

Онда:

• тексеру жүргізілген өңір;

• жанармай құю станциясының атауы;

• анықталған заң бұзушылық;

• жанармайдың түрі;

• қабылданған шаралар**

Мұндай ашықтық азаматтарға жанармай құятын станцияны таңдағанда ақпаратқа сүйенуге мүмкіндік береді. Алтыншы — зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты механизмін жасау. Депутаттар сапасыз жанармайдан автокөлігіне зиян келген азаматтардың құқықтарын қорғауды жеңілдетуді ұсынды. Атап айтқанда, жанармай сапасы мен көлікке келген залал арасындағы себеп-салдарлық байланысты дәлелдеу тәртібін жеңілдету және көлікті диагностикалау мен жөндеуге кеткен шығынды өтеу механизмін қарастыру қажет. Бұл шығындар кейін жанармай сапасының нашарлауына жауапты болған жеткізу тізбегіндегі кінәлі тараптан өндіріліп алынуы тиіс.

Осыған байланысты депутаттар Үкіметтен жанар-жағармай сапасын бақылау жүйесін қайта қарап, нарықтағы заң бұзушылықтардың алдын алуға, кінәлі тараптарды анықтауға және сапасыз отыннан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеуге мүмкіндік беретін тиімді жүйе қалыптастыруды сұрады. Депутаттық сауалға ЖСДП фракциясының депутаттары Асхат Рахымжанов, Мақсұт Насибулов, Нұрайнаш Камалова, Лариса Ли, Аслан Құлмағамбетов, Арман Ақылбай, Наурыз Сайлаубай және Ажар Сағындықовалар қол қойған.