Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның ұйымдастыруымен Астанада «Отбасы. Мемлекет. Жауапкершілік» тақырыбында инклюзия мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
Қоғамдық тыңдауға ҚР Парламентінің депутаттары, ЖСДП фракциясының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы өкілдері мен сарапшылар қатысты. Басқосу барысында партия өкілдері инклюзия саласында бүгінгі күні өзекті болып отырған негізгі мәселелерді көтерді. Шараны жүргізген ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай партияның көтеріп отырған ауқымды мәселелері туралы айтып, осы бағытта атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қатысып, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Қоғамдық тыңдау барысында түрлі диагнозы бар балалардың ата-аналары өздерінің қиын жағдайларын айтып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар ата-аналарға мамандар мен заңгерлер тарапынан қажетті кеңестер берілді.
«Біз партия ретінде қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Біз сіздермен біргеміз. Сіздердің және балаларыңыздың үніне құлақ асуды партиялық міндетіміз деп санаймыз. Кез келген ұсыныстарыңызды қабылдап, өздеріңізбен бірге жүріп атқаруға дайынбыз. Сонымен қатар партиямыз бірнеше жыл қатарынан инклюзия мәселелерімен айналысатын қоғамдық бірлестіктердің республикалық слетін өткізді. Қазірдің өзінде партия тарапынан ауқымды жобалар қолға алынды. Оның бірі «PANA» жобасы болса, келесісі – қоғамдық көліктерге ілінетін үнпарақтар. Олардың мақсаты – диагнозы бар балаларды қоғамнан алшақтатпай, оларға қамқорлық таныту. Бұл екеуі де балаларымызды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балақайларымызды қолдауға бағытталып отыр», – деді ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Нұрлан Сатыбалдыұлы да заң аясында жұмыс жүргізіп, министрліктермен және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп, еліміздегі инклюзия мәселелерін шешуге атсалысатынын жеткізді. Алдағы уақытта Құрылтай қабырғасында да бұл мәселе күн тәртібінен түспеуі керектігін айтты.
«Біздің ЖСДП фракциясына мүше төрт депутаттың үшеуі бірдей инклюзивті парламент тобының мүшесі екендігін ерекше еске салғанды жөн көріп тұрмын. Бұл өте маңызды. Ал бұдан бөлек біз түрлі ұйымдармен бірлесіп инклюзивті білім мен дағдыларды қалыптастыратын орталықтарға барып, әлеуметтік көмектер де ұсынып жүрміз. Мұның бәрін кейбіреулер сияқты жарнамалап жария ету партиямыздың мақсаты емес», – деді ол өз сөзінде.
Қоғамдық талқылауға қатысқан ата-аналар мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мәселесіне мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөлініп, қажетті жағдайлар жасалуы керек деп отыр. Атап айтқанда, олар оңалту қызметтерінің сапасын арттыру, инватакси қызметін жетілдіру, білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және өмір бойына мемлекеттік қолдау көрсетілу қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Сонымен қатар ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналарына қолдау жасалып, қажет болған жағдайда тұрғын үймен қамтамасыз ету, бала 18 жасқа толғаннан кейін оларды жұмыспен қамту және кәсіптік білім беру мәселелері де сөз болды.
Қазір еліміздегі қолданыстағы заңнамаға сәйкес диагнозы бар бала 18 жасқа толғаннан кейін оған күтім жасап келген жақындарына мемлекет тарапынан төленіп келген төлемақылардың тоқтатылатыны төңірегінде де өткір мәселе көтерілді.
Шынында да, бұл мәселе қоғам назарын қажет етеді. Өйткені ерекше күтімді қажет ететін азамат 18 жасқа толғаннан кейін бірден сауығып кетпейтіні белгілі. Мұндай жағдайда оған ең жақын жан қамқоршы бола алады. Яғни, қамқорлық жалғас береді. Сондықтан қамқоршылар мен күтім жасаушы жандарға немесе ата-анасы мен жақын туыстарына мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік төлем мәселесін қайта қарастыру орынды ұсыныс болып отыр.
«Бүгін сөз болған барлық жағдайлар арнайы хаттамаға енгізіледі. Сол құжат негізінде ЖСДП алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізетін болады. Партия депутаттары да бұл бастамаларды толық қолдайды деп сенемін. Ол үшін біз әрдайым өзара байланыста болып, пікір алмасып отыруымыз қажет», – деді жиынның тізгіншісі, партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай.
Жиын соңында министрліктердің өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша өз кеңестері мен ұсыныстарын берді.
Бұл шара күнделікті тұрмыс тауқыметін тартып жүрген, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың мұң-мұқтажын тиісті құзырлы орындарға жеткізуге мүмкіндік берген маңызды қоғамдық алаң болды деуге толық негіз бар.
Бердібек Қабай