2026 жылдың 19 қаңтарынан бастап Астанада жаңа «Таза үй – таза Ел» экологиялық жобасы басталды. Жобаны Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Астаналық филиалының бастамасымен «Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» жүзеге асырады. Осыған дейін бірнеше жыл бойы қала тазалығы мен елдің экологиялық мәселелерін жиі көтеріп келген ЖСДП алдымен жағдайды Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) арқылы жүзеге асырған дұрыс деп тауып, жобаны қолға алған болатын. Бүгін алғашқы сұрыптау контейнерлері қаладағы Family Bravo тұрғын үй кешенінің маңына қойылды.
Тағы бір мәрте атап өту керек, «Таза үй – таза Ел» — қалдықтарды бөлек жинау бойынша пилоттық жоба. Жоба мемлекет, кәсіби қауымдастық және қоғам арасындағы серіктестікке негізделген және тұрғындар деңгейінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Алғашқы кезеңде полиэтилен құтылар мен қаптамалар және картон бөлек жиналады. Өзге қалдықпен араласпай таза жиналған қалдықтарды кез келген қызығушылық танытқан компания немесе кәсіпорын «Жасыл даму» арқылы өңдеуге жібереді. Ал түскен қаражат тікелей МИБ шотына аударылады. Осылайша МИБ басшылары тұрғындарға ашық есеп бере отырып, өздері тұрып жатқан баспаналарының қажеттілігіне қаржыны қалай жұмсау керектігін шешеді. Пилоттық жоба Астана қаласы әкімдігінің, атап айтқанда Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының, сондай-ақ екінші реттік шикізат жинаушы компаниялардың қолдауына ие. Жоба авторларының бірі, ЖСДП Астаналық филиалының басшысы Талғат Табысбайұлы, тұрғындарға қалдыққа жай ғана қоқыс деп қарамай, оны табыс көзі ретінде бағалауды ұсынады:
«Бірінші табыс көзі болса, екіншіден экологиялық мәдениет қалыптастыру. Біз қашанғы өзге дамыған елдерге қарап қызығып қана жүре береміз? Неге біз сондай жағдайды өзіміз қалыптастырмаймыз? Бұл алғашқы қадам деп білеміз. Алдағы уақытта тек қағаз бен пластикалық қалдықты ғана емес, өзге де қалдық түрлерін сұрыптауға ыңғайлы жағдай туғызуды көздеп отырмыз. Қалдыққа қоқыс деп емес, табыс деп қарайтын болсақ, бәрі өздігінен реттеледі. Халық та бейімделеді. Осылайша әр тұрғын өзі тұрып жатқан баспанасына пайда әкелуге үлесін қосады».
Шынымен де, біздің қоқыс деп тастап жүрген дүниелеріміздің 90%-ы қайта өңдеуге жарамды, бірақ әрекет жасауға құлық танытпаймыз. Партия мен «Жасыл даму» осыны айтып отыр. Қуанатыны сол жинаушы компаниялар мен кәсіпкерлер таза өнімді тиеп әкетуге және қайта өңдеу орындары мен зауыттарына өткізуде қиындық көрмейді. Олар өз еңбектеріне тиісті қаражат алады.
«Жасыл даму» АҚ қалдықтармен жұмыс істеуді ұйымдастыру департаментінің менеджері Сәкен Шаймұрат жобаның бірнеше күрделі мәселені шешуге ықпал ететінін атап өтті:
«EcoQolday автоматтандырылған ақпараттық жүйесі аясында бірнеше қатысушы қарастырылған: қалдық жинаушылар, тасымалдаушылар және қайта өңдеушілер бір арнаға тоғыстырылады. Бұл жүйеге МИБ және ПИК (Пәтер иелерінің кооперативі) енгізу жоспарланып отыр. Әрбір тұрғын үй кешенінде қалдықтарды жинау жүйесі ұйымдастырылады. Осылайша барлық МИБ пен ПИК-ті қамтып, жобаны ауқымды деңгейге шығаруды көздеп отырмыз. Мақсатымыз зауыттардың жеткіліксіз жүктемелеріндегі мәселелерді шешу».
Таза әрі бірыңғай жиналған дүниені сұрыптамай тікелей өңдеуге жіберудің тиімділігі орасан. Астана қаласындағы Бұқар жырау, Exclusive-1 тұрғын үй кешенінің МИБ төрағасы Гүлзира Омарқұлова да жобаны қолдайтынын айтты:
«Мен өз басым бұл бастаманы толық қолдаймын. Себебі біздің қоқыс жәшіктері үнемі толып кетеді. Әсіресе пластикалық құтылар мен картон қағаздар сыртқа шашылып қалады. Кейде тұрғындар қалдықты қалай болса солай немқұрайлылықпен лақтырады. Соңғы кездері біз мұндай оқиғаларды тіркеп, арнайы фото-бейне арқылы құқық қорғау орындарына хабарлап жүрміз. Тұрғындарды тәртіпке шақыру бірінші орында болуы тиіс. Ал сұрыптап тастау — бір жағынан мәдениет, екінші жағынан қаражат әкеледі екен. Қалдықтан жиналған қаражатты тиімді пайдаланып, үлкен шаруалар жасауға болады. Мысалы, тұрғын үйіміздің ауласын тазартумен қатар балалар ойын алаңдарын реттеп, оларды күтіп ұстай аламыз. Сондықтан біз жобаны толық қолдаймыз және алдағы уақытта өзіміздің аулаға сұрыптау контейнерін орнатамыз».
Айта кететін жайт, қоқыстан түскен қаражат тұрғындардың жеке шотына емес, МИБ-тің шотына түседі. Бірлестік төрағалары ақылдасып, қаражатты баспаналардың қажеттіліктеріне жұмсайды. Бастаманың бағыты бұрынғылардан ерекшеленеді. Жоғарыда Талғат Табысбайұлы айтқандай, ең бастысы — экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Көш жүре түзеледі,- дегендей, алдағы уақытта халық та «Таза үй – таза Ел» жобасының қарқынды жүзеге асуына өз үлесін қосады деп сенеміз.
ЖСДП баспасөз қызметі