Тараз қаласындағы Тараз сервис және технология колледжінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жастардың туған қаласында өзін-өзі дамыту және жұмыспен қамтылу мүмкіндіктері» тақырыбында маңызды дөңгелек үстел өтті.
Шара жастардың өз болашағын туған жерінде қалыптастыруына ықпал ету, кәсіби бағдарын нақтылау және еңбек нарығында сұранысқа ие болуына жағдай жасау мақсатын көздеді. Оған колледж студенттері, партия өкілдері, мамандар мен кәсіптік бағдар беруші педагогтерді де қатысты. Дөңгелек үстел барысында жастардың техникалық және кәсіптік білімге деген көзқарасы, заманауи еңбек нарығы талаптары және цифрлық дағдылардың рөлі кеңінен талқыланды. Пікірталасқа қатысушылардың айтуынша, бүгінгі таңда техникалық мамандықтарға деген сұраныс артып, білікті қолөнер және қызмет көрсету саласының мамандарына аймақтық деңгейде де, республика бойынша да қажеттілік жоғары.
Колледж оқытушыларының бірі: «Жастардың көбінде мамандықты таңдауда сенімсіздік бар, ал мұндай кездесулер олардың бағдарын айқындап, еңбек нарығының нақты талабымен таныстыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті.
Партия өкілдері де жастардың туған жерде қалуы аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететінін жеткізді. Ол үшін ең басты мәселе — жастарға лайықты жағдай жасау. Бүгінгі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу — тек кәсіби білім емес, сонымен қатар цифрлық сауат пен өзін-өзі үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Шараға қатысқан жастар, «Қазіргі заманда біліміңді онлайн дамыту мүмкіндігі көп. Бірақ жастарға бағыт-бағдар беретін механизмдер мен тәжірибелік орта қажет», — деген пікірлерін білдірді. Студенттердің бірі, «Колледжде теорияны үйренеміз, бірақ кәсіпорынмен тұрақты байланыс орнатылса, тәжірибе жинауға мүмкіндік күшейер еді»,-деп сөзін түйіндеді. Бұл пікірлер жастардың еңбек нарығына бейімделуінде тәжірибенің, өндірістік практиканың және цифрлық дағдылардың шешуші рөл атқаратынын көрсетті. Кездесу барысында колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы бойынша бірқатар сындарлы ұсыныстар айтылды. Қатысушылар өңірде кадр тапшылығы бар кәсіпорындармен тұрақты байланыс орнату қажеттігін, өндірістік тәжірибелер саны мен сапасын арттыруды, сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыруды жүйелі түрде үйлестіретін алаң құру керектігін көтерді. Партия филиалының өкілдері мемлекеттік және партиялық қолдау бағдарламаларын таныстыра отырып: «Жастардың ұсыныстарын жинақтап, құзырлы органдарға нақты ұсыныстар ретінде жолдаймыз. Бұл — біздің міндетіміз», — деп мәлімдеді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жастар мен мамандар пікірі ескеріліп, бірнеше маңызды шешім қабылданды:
• Колледж базасында мотивациялық кездесулерді жүйелі өткізу; • Жергілікті кәсіпорындармен әріптестікті күшейтіп, тәжірибе және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту; • Жастарды волонтерлік жобаларға тарту арқылы олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру; • Партия тарапынан ұсыныстар әзірлеп, құзырлы органдарға жолдау; • Цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған шеберлік сағаттарын өткізу.
Бұл шешімдер жастардың кәсіби дамуына ғана емес, өңірдің кадрлық әлеуетін көтеруге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Дөңгелек үстел жастардың мәселесін ашық талқылауға, пікір алмасуға және нақты шешімдер қабылдауға жол ашты. Ең бастысы – жастар өз ұсыныстарын айтып, оларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін көрсетті. ЖСДП Жамбыл облыстық филиалының бастамасымен өткен бұл басқосу тек пікірталас емес, аймақтағы жастар саясатын дамытуға серпін беретін маңызды қоғамдық қадам болды.
ЖСДП Жамбыл облыстық филиалы