ЖСДП жер үлескерлерінің құқығын қорғау үшін республикалық аудит жүргізуді талап етті

ЖСДП кандидаты Анаргүл Әбенова ауылдық жер үлескерлерінің құқығын қорғау үшін республикалық аудит жүргізуді талап етті.

2026 жылғы 4 тамызда Орал қаласында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында ЖСДП-дан Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова жер үлескерлерімен ашық форматтағы кездесу-диалог өткізді. Кездесуде мыңдаған ауыл тұрғындарының заңды жерлеріне қатысты жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі проблемалары көтерілді. Кездесу барысында Анаргүл Әбенова партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, «Жер қойнауының байлығы – халық игілігіне! Адал еңбек қорғалсын! Ауыл өркендесін, елдің берекесі артсын!» қағидаттарын пай иелеріне жеткізді. Кандидат жер қатынастары саласындағы басымдықтарды, ауыл тұрғындарын қолдау мәселелерін баяндап, алдағы уақытта Құрылтай жұмысына енгізу үшін азаматтардың нақты мәселелері мен ұсыныстарын жинады. Сайлаушылар кездесуге әртүрлі тағдырмен келгенімен, олардың мұң-мұқтажы бір еді. Жер реформасы кезінде мемлекет тарапынан заңды құқықтар берілгенімен, іс жүзінде бұл механизмдер жұмыс істемей қалған. «Елена және «Цветущие сады» компаниясы» коммандиттік серіктестігінің директоры Елена Уланованың басынан өткен жағдай бұған нақты мысал бола алады. Серіктестіктің құрамына шартты жер үлесіне құқығы бар 414 азамат кірген. Олар 2004 жылы өз құқықтарын пайдаланып, үлестерін серіктестіктің жарғылық капиталына қосқан, бұл жайт 2005-2006 жылдардағы сот актілерімен расталған.

«Біз кездескен қиындықтар – бұрын-соңды болмаған сорақылық. Серіктестіктің заңды түрде құрылғаны сот шешімдерімен дәлелденсе де, бізге жер учаскесі әлі күнге дейін берілген жоқ. Біздің азаматтардың құқықтары есебінен құралған жер алқаптары кенеттен мүлдем басқа, бөлек шаруа қожалықтарының ұзақ мерзімді жер пайдалану иелігіне рәсімделіп кеткен. Ең басты әрі жауапсыз қалып отырған сұрақ: жүздеген адамның заңды құқығы қандай құқықтық әрекеттің негізінде тоқтатылды?», – деп атап өтті Елена Уланова.

Жер үлескерлері Татьяна және Андрей Стариченковтар бұл мәселе жұмыс істеп тұрған жерді тексерусіз тартып алу әрекеті емес, керісінше, құжаттық-құқықтық сабақтастықты қалпына келтіру қажеттілігі екенін айтып толықтырды. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мұндай өтініштерді бір-бірінен бөлек, үстірт қарайды: бірі мерзімнің өтіп кеткеніне сілтесе, екіншісі бұны азаматтық-құқықтық дау деп атайды, ал үшіншісі сол құжаттардың қалай пайда болғанының заңдылығын тексерместен, кейінірек берілген мемлекеттік актілерді алға тартып, жауапкершіліктен қашады. Кездесуге қатысушылар жерді уақытша пайдалануға беру құқығы азаматты өз мүлкінен біржолата айыруға әкеп соқпауы тиіс екенін ерекше атап өтті. Диалог қорытындысы бойынша үлескерлер ЖСДП партиясына ресми түрде мынадай талаптар тізімін жолдады: ЖСДП-ға ұсыныстар:

  1. Шартты жер үлестеріне құқықтарды іске асыру мәселесін жер реформасының республикалық деңгейде құқықтық және заңнамалық бағалауды талап ететін жүйелі мәселесі ретінде тану.
  2. Партия жанынан депутаттардың, заңгерлердің, жерге орналастыру мамандарының, архив қызметкерлерінің және құқық иелерінің қатысуымен жұмыс тобын құру.
  3. Өңірлердегі жер пайлары мен жер үлестерінің меншік иелерінен бірыңғай үлгі бойынша өтініштер жинап, құқық бұзушылықтардың негізгі үлгілерін айқындау.
  4. Қазақстан Республикасы Үкіметіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Әділет министрлігіне және Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдауға бастамашылық жасау.
  5. Азаматтардың құқықтары негізінде қалыптасқан жер алқаптарының кейіннен жекелеген шаруашылықтардың дербес жер пайдалануына рәсімделуіне алып келген әкімшілік рәсімдерге мемлекеттік құқықтық аудит жүргізу мәселесін көтеру.
  6. Осындай құқықтарды растау, қалпына келтіру және реттеу жөніндегі арнайы заңнамалық тетікті әзірлеуді партияның күн тәртібіне енгізу.
  7. Осы материалдарды ЖСДП Орталық аппаратына ресми түрде жолдап, қабылданған шешім мен жауапты тұлға туралы ақпарат беруді қамтамасыз ету. Кандидат Анаргүл Әбенова азаматтардың талаптарын орындауды өз жауапкершілігіне алды.Кездесу соңында барлық қатысушыларға «Үлескердің мәселелер картасы» атты сауалнама таратылды. Жиналған мәліметтер заң бұзушылықтардың ауқымын құжаттандыруға және мемлекеттік жер саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі.

ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметі