«Көкең» болмаса, тартып алады

Қазір Қазақстандағы шағын және орта бизнестің (ШОБ) хал-күйі қалай? Шынын айтсақ, тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап біз ШОБ-ті қолдау және дамыту туралы жағымыз талғанша айтып келеміз, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Керісінше, ахуал бұрынғыдан да нашарлап барады.

Жалаң сөз, құрғақ уәде

Бизнесті дамытуға қатысты көптеген құжаттар қабылданып, жоспарлар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда. Шенеуніктер қайда барса да, кәсіпкерліктің жетістіктері туралы көпірме сөз айтудан жалықпайды. Барлық деңгейдегі әкімдіктер мен министрліктерде бизнесті дамыту жөніндегі басқармалар мен департаменттер құрылып, орасан зор квазимемлекеттік құрылымдар қалың ұйқыға батып, біздің еліміздегі «бизнестің өркендеу дәуірін» түсінде көріп жатыр. Елге пайдасы жоқ ондаған мың шенеунік кеңселерде қағаз «кеміріп» отыр. Шындығына келсек, парламент те халыққа пайдасы жоқ бизнесті дамытуға қатысты қандай да бір заңдар қабылдауда. Барлық осынау бағдарламалар, жоспарлар және құрылымдар үшін тәуелсіздік жылдарында бюджеттен жүздеген миллиард теңге бөлініп, табысты «игерілген». Ал бірақ «баяғы жартас – сол жартас». Нәтижесі – нөл. Мемлекет дамымаған соң, бизнес те құлашын кеңге жая алмады. Біздің биліктің одан әрі не істеу керегін, қалай істеуді, қай бағытқа қадам жасауды білмейтініне көзіміз жетті.

Мысалы, қаңтар айының соңында үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов президент тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кешенді іс-шаралар ұсынды. Солардың бәрі бәсекелестік пен кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті мемлекет иелігінен алуға қатысты болғанын естідік. Бірақ министрдің сапырма сөзінен өзге ештеңені көрмедік, тіпті 30 жыл өтпегендей, тәуелсіздігімізді кеше ғана алғандай әсерде болдық. Себебі тағы да әкімшілік және экономикалық кедергілерді жою туралы айтылды, шын мәнісінде бұл кедергілер азаюдың орнына көбейіп барады. Тағы да бизнестің мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде сөз қозғалды, алайда бұл салада барлық деңгейдегі шенеуніктер қонжиып отыр. Тағы да әңгіме нарықты демонополизациялау жайында өрбіді, керісінше, ол тәуелсіздік жылдарында өсіп кетті. Қазіргі таңда Қазақстан бизнесті дамыту былай тұрсын, өмір сүруге мүмкіндік бермейтін әлемдегі ең монополияланған экономикасы бар елдердің қатарына кіреді. Сайып келгенде, шенеуніктердің жаңадан ештеңе ұсына алмайтыны айдан анық. Дәлірек айтсақ, ондай ұсыныс айтқысы келмейді, өйткені шынайы өзгерістер оларды батпанқұйрық «астауынан» айырады.

«Контрабанда және контрабандистер жасасын!»

Сол себептен бюрократтар «бізде қанша ШОБ субъектілері бар, олар қандай соманың өнімдерін шығарады және сол көрсеткіштер қаншаға өсті» деген өтірік цифрларды беті былш етпестен ұсынады. Бейне бір осынау цифрлар өздерінің табан ақы, маңдай терінің нәтижесі іспетті. Ал егер өз кәсібінен нәсібін көріп жүрген нағыз кәсіпкермен тілдесетін болсаңыз, мүлдем басқа ахуалды көресіз. Әлі есімде, бірнеше жыл бұрын жиһаз жасап шығаратын орташа деңгейдегі бір кәсіпкер маған: «Контрабанда және контрабандистер жасасын! Құдай оларға қуат берсін», – деген еді. Менің таңғалғанымды көріп: «Мен контрабандалық жиһаз бөлшектері мен жабдықтарының арқасында осы елде өлмес күнімді көріп келемін. Өйткені көлеңкеде жұмыс істеймін, топан ақша аймағында ешқандай да салық төлемеймін. Арамза шенеуніктерге пара беруге тура келетіні рас. Алайда мен заңды бухгалтерияға көшетін болсам, бірден бизнесім құлдырап, құрдымға құлаймын. Себебі мен сияқты ондаған кәсіпкер осындай жағдайға ұшырап, нарықтан біржолата кеткен», – деп түсіндірді.

Неге мұндай жағдай орын алуда? Бизнесті тексеруге мораторий жарияланып, қыруар қаражат бөлініп жатқан жоқ па? Бірақ алға жылжу жоқ. Неге бүкіл әлемде нақты нәтиже бар да, ал біз бас-аяғы жоқ басқосулардан, келісулерден және құр қағаздағы жоспарлар мен бағдарламалардан арыла алмай отырмыз? АҚШ пен Батыс Еуропада ШОБ экономиканың локомотиві, соның нәтижесінде ЖІӨ-ге 60-80 пайыз көлемінде және одан жоғары түсім түсіреді. Еуростаттың мәліметтері бойынша, Еуропада сауда-саттықпен айналысатын кәсіпорындардың 90 пайызы шағын және орта бизнес, соның ішінде 70 пайызы саны тоғыз адамнан құралған шағын кәсіпорындар. Еуропаның жұмысқа қабілетті тұрғындарының 67 пайызы нақты ШОБ-та жұмыс істейді, ал жылына есептелетін қосымша құнның көлемі 3,9 триллион евроға бағаланады. Нақты шағын бизнес адал бәсеке туғызып, адамдарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, салық төлейді.

Қазақстанда ШОБ дамуына тұсау салып отырған көптеген себептерді тізбелеп шығуға болады. Солардың ішінде өндірісті, сауданы, қызмет көрсету саласын дамыту үшін инфрақұрылымның қолжетімсіздігі және жетілдірілмегені сияқты объективті себептер де бар. ШОБ қалыптасатын және дамитын ірі өндірістердің жоқтығы, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерде жоба дайындауға, бизнес-жоспар жасауға қажетті дағдылардың болмауы, қаржылық сауаттылықтың жетіспеушілігі тағы бар. Бірақ бұл ең негізгі себептер емес. Шенеуніктер қолымен жасалып отырған себептер бар. Мысалы, мынадай себептерді айтар едім.

Қолжетімсіз несиелер мен конверттегі еңбекақы

Құны жоғары несие шағын және орта бизнеске қолжетімсіз, тіпті банктердің өзі ақшаны қайтарудың тәуекелі жоғары болуынан шағын бизнеске сенбейді. Бұған қоса, біздің банктер ақшаның қымбаттығына мүдделі. Себебі олар теңге бағамына қулық жасап, алыпсатарлық жолмен қыруар үстеме табыс табады. Ондай үстеме табысы бар банктерге қандай да бір шағын бизнестің, өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың не керегі бар? Тіптен коммерциялық жобалардың өзіне олар әрқашан қызығушылық танытпайды. Сондықтан несиелер қарапайым азаматтарға да, шағын және орта бизнеске де, өндіріске де қолжетімсіз күйінде қалуда. Еуропада жеңілдікпен несиелеу және пайыздық мөлшерлемеге жәрдем ақша беру – бұл бизнесті нақты қолдаудың негізгі формаларының бірі.

Шағын бизнеске жұмысшылар санын ұлғайту қымбатқа түседі әрі тиімсіз. Әрбір қосымша заңды жұмыскер – бұл жалақыға қосымша салық төлеу деген сөз, өйткені әр қызметкер үшін мекеме зейнетақы жарнасын, МӘМС, МӘСҚ және т.б. жарналарды төлейді. Бұл шығындар кәсіпкердің өзі және бизнесі үшін төлейтін қаражаттан бөлек есептеледі. Төлем қабілеті сұранысының төмендеуі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің тұрақты өсуі, адамның өмір сүруінің қымбаттауы, инфляция және теңгенің құнсыздануын күту жағдайында кәсіпкерлер жұмыс орындарын қысқартып, көлеңкелі экономикаға кетуге мәжбүр болады, сөйтіп, өз жұмысшыларына жалақысын конвертпен беруге көшеді.

Тиімсіз қолдау және бітпейтін бақылау мен тексерулер

ШОБ мемлекет қолдауына зәру және ол туралы толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етілмеген. Кәсіпкерлердің белгілі бір пайызы ғана мемлекет қолдауына сүйенеді. Көптеген кәсіпкерлер мемлекеттің қолдау жасайтынын біле тұра, оны қалай алу қажеттігін білмейді. Шенеуніктер де бизнестің дамуын ойлап, кәсіпкерлерге жәрдем беруге ұмтылмайды, тіпті ақпаратты жасырын ұстайды. Ол – ол ма, олар көбінесе бизнесті мемлекеттік қолдауға кедергі жасап, қиындықтар туғызады. Ал мемлекеттің ШОБ-ты қолдауға бөлген қаражатын мұндай адамдар өздерінің бас пайдасы үшін банк депозиттеріне салады.

Әртүрлі бағалау бойынша Қазақстанда 60-тан 70-ке дейін тексеруші және бақылаушы ұйымдар бар, мемлекеттік бақылаудың 100-ден аса түрі енгізілген. Көбінесе бір-бірін қайталайтын тексерістер кәсіпкерлердің жүйкесін жұқарту мен қалтасын қағудан әріге бармайды. Әрбір тексеруші «кемшілікті қазып», айыппұл салуы тиіс, олай болмаса, оның өз бастығы сыбайлас жемқорлыққа барды деп айыптайды. Мұндай жазалаушылық тәсіл ШОБ-тың түбіне жетеді. Мораторий бизнеске сәл де болса тыныстауға мүмкіндік береді, алайда бақылаушы-қадағалаушы органдардың саны мен тексерістері азаймай, іс оңға баспайды.

Сыбайлас жемқорлық және меншік құқығын қорғаудағы әлсіздік

Қазір іс жүзінде әрбір кәсіпкер әкімдіктегі және өзге де тексеруші немесе бақылаушы шенеуніктердің қас-қабағына қарап отырғаны рас. Бұл бизнеске жәрдем беру үшін жасалған іс емес. Бұл бірде-бір кәсіпкер, тіпті көшеде самса сататын бірде-бір жеке кәсібі бар адам назардан тыс қалмауы және «есеп беріп отыру» үшін жасалған тәжірибе. Айтылған талаптарға көнбеген жағдайда бизнесін жоюға «жағдай туғызады». Сондай-ақ кеңінен қанат жаюға болмайтынын әрбір кәсіпкер жақсы біледі, өйткені егер ол белгілі бір даму деңгейіне жетіп, нақты қаржылық жағынан өркендейтін болса, бірден рейдерлердің құрбанына айналады. Егер сенің артыңда «көкең», яғни әкімшілік ресурсың болмаса, сенің бизнесіңді біреулер тартып алуы ғажап емес.

Бұл еліміздегі ШОБ-тың нақты тежелу себептері мен проблемалары туралы қысқаша ғана пайымдарым. Жоғарыда айтылған кемшіліктер жойылмайынша, Қазақстанда ШОБ-тың дамуы туралы әңгіме өрбітудің қажеті жоқ. ШОБ-ты дамыту жөніндегі барлық бағдарламалар мен жоспарлар тек қағаз жүзінде ғана қалады. Ал осынау бағдарламаларға бөлінетін қаражатты қолы жеткендер бұрынғыдай ұрлап құртады. Бұл мәселелерді тек саяси реформалар ғана шеше алады, қалған нәрсенің бәрі құр сөз күйінде қала береді.

Айдар Алибаев

ЖСДП төрағасының орынбасары

Ақпарат www.zhasalash.kz сайтынан алынды