Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) бүгін өткен Саяси кеңестің отырысында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын жан-жақты талқылап, оның қорытындысы бойынша негізгі ережелерін бір ауыздан қолдайтынын мәлімдейді.
Конституция жобасы практикалық тұрғыдан алғанда, ЖСДП-ның көп жылдан бері жүйелі түрде ұсынып келе жатқан бірқатар маңызды бастамаларының үдерісінен шығып отыр. Атап айтқанда, ЖСДП Қазақстанда бір палаталы Парламентке көшу керектігін нақты айтылған. Осылайша, халық тікелей сайлайтын бірыңғай жоғары өкілді орган құру, Парламенттің бюджет саласындағы өкілеттіктерін кеңейту және Үкіметке бақылауды күшейту, сенімсіздік тетігін бекіту, азаматтардың сайлауға қатысуына кедергі келтіретін артық шектеулерді азайту, сондай-ақ саяси әртүрлілік пен бейбіт жиналыстар өткізу құқығын Конституция деңгейінде бекіту керектігін айтып келді.
Қазіргі жаһандық сын-қатерлер ескеріліп, азаматтардың талап-тілектеріне құлақ асылып, тұрақты дамудың тиімділігі тікелей адамға бағытталуын қажет етеді. Мұндай даму халық билігі қағидаттарына мүмкіндік беріп, билік тармақтарының теңгеріміне, жауапты мемлекеттік институттарға және қоғамның сеніміне негізделуі тиіс. Конституция жобасы әділетті ережелерге және билік жүйесі мен заң нормаларына, оларды қолданудағы алшақтықты жоюға пәрмен беріп, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негіздерді қалыптастырады. Оның өзегінде адам құқықтары мен бостандықтары, қоғамның бірлігі мен ынтымағы, этносаралық және конфессияаралық келісім, сондай-ақ елдің егемендігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мызғымас қазық ретінде шегенделді. Мемлекеттік құрылымның негізгі қағидаттары ретінде әділеттілік, заң және тәртіп, сондай-ақ білімге, ғылымға, технологиялар мен адами капиталға басымдық беретін жаңа экономикалық даму логикасы толық бекіді. Бұған азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау да кіргізіліп отыр.
Конституцияның жаңа жобасы соңғы жылдардағы реформалардың жүйелі нәтижесі десек болады. Сондай-ақ Ата Заңды ашық қоғамдық талқылау арқылы жаңартудың объективті түрде қажет екені нақтыланды. Бұл процесс азаматтардың сенімін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталып отыр.
Жаңа Конституцияны Қазақстан халқы толық ашықтық пен сенім жағдайында өтетін жалпыұлттық референдум негізінде қабылдауы тиіс. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия конституциялық реформалардың белсенді қатысушысы әрі тірегі болуды көздейді. Әрекеттердің заңдылығы мен қоғамдық қолдауды қамтамасыз етуді өзінің саяси принципі әрі жауапкершілігі деп санайды.