Қымбатты отандастар! Құрметті әріптестер!
Біз жаңа құқықтық дәуірдің табалдырығында тұрмыз. Референдумның ресми қорытындысы бойынша дауыс беруге құқылы халықтың 73,12%-ы келіп, өз таңдауын жасады. Ал қолдағандар саны 87,15%-ды құрады. Бұл жай ғана құрғақ статистика емес. Бұл сандар қоғам сенімінің айқын көрсеткіші! Көп уақытқа созылған талқылаулар шынайы ұлттық консенсустың қалыптасуымен аяқталды.
Біле білсек, біз күрделі жолдан өттік. Алғашқы бастамалар мен Конституциялық комиссияның ауқымды жұмысынан бастап, Ата Заң жобасына қарапайым азаматтардан түскен мыңдаған ұсыныстар және оның халық талқысына салынуы шын мәнінде өте күрделі процесс болды. Осылайша біз ертең қандай елде өмір сүргіміз келетінін ашық әрі шынайы әрекеттер арқылы таңдадық деген сөз. Осындай күрделі жұмыстың нәтижесін біз 15 наурыз күнгі дауыс беру кезіндегі азаматтардың белсенділігінен көрдік. Бұл орайда дайындық, пікірталастар, түсіндіру жұмыстары, талқылаулар мен үгіт-насихат шаралары азаматтардың құқықтық санасының кемелденуіне ықпал етті деп айтуға болады.
ЖАҢА ШЫНДЫҚТЫҢ ҮШ ТІРЕГІ Жаңартылған Ата Заңды талдай отырып, мен біздің болашағымызды айқындайтын үш негізгі бағытты бөліп көрсеткім келеді:
БІРІНШІ — Адам құқықтарын қорғау негізі. Жаңа редакцияда адам құқықтары жай ғана декларация болудан қалады. Енді бұл қағидалар мемлекеттің іргетасына айналады. Біз жеке тұлғаны қорғаудың нақты әрі қатаң тетіктерін бекіттік. Оның ішінде цифрлық ортадағы заманауи кепілдіктер де бар. Адвокатура енді конституциялық мәртебеге ие болады, бұл соттағы тараптардың теңдігі қағидатына оң әсерін тигізеді. Енді Конституция — әрбір азаматтың шынайы қалқаны болады деген сөз.
ЕКІНШІ — Билік архитектурасы. Біз суперпрезиденттік республика моделінен бас тартып отырмыз. Сонымен бірге бір палаталы парламенттік жүйеге көшуді құп көрдік. Ендігі жерде өктем биліктің жолы кесіліп, халықтың үміт-тілегіне құлақ асылатын болады. Бұл билік пен халық арасындағы алшақтықты қысқартудың жолы. Азаматтық қоғам мен шешім қабылдайтын органдардың байланысы күшейтіліп, қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Бұл тұста Халық кеңесінің рөлі ерекше болмақ.
ҮШІНШІ — Білім экономикасы. Жаңа Конституцияда маңызды өзгеріс бекітілді: ресурстық тәуелділіктен арылып, адам капиталына, ғылым мен инновацияға басымдық беріледі. Тек қана мұнайға негізделген бейқам дәуір артта қалды. Ендігі жерде интеллектуалдық экономика заманы басталады!
Біз үшін, социал-демократтар үшін, бұл өзгерістер ерекше маңызға ие. Біз әрқашан да мықты мемлекет тек биліктің шоғырлануымен емес, әр азаматтың құқығын қорғау қабілетімен және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуімен өлшенеді деп келдік. Бұл ұсыныстарымыз Ата Заңға енгізіліп, елдің игілігіне жұмыс істемек. Елдің басты құжатында жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі деген қағиданың бекітілуі – жай ғана жұбату сөз емес. Бұл - біз күресіп келген әділеттіліктің басымдыққа ие болуы. Алайда Конституция тек құқықтық әрі заңдық шеңберді ғана белгілейтінін түсінуіміз керек. Оның нақты мазмұны біздің күнделікті іс-әрекетімізге байланысты.
Жаңа Конституцияның жалпыхалықтық референдумда қабылдануы - жоғарыда айтылған жаңаша шындық пен бастамалардың мойындалуы. Бұл - Қазақстанның қазіргі алмағайып уақыт пен тарихи сын-қатерлерге берген жауабы.
Достар!
Референдум нәтижесі - мәреге жету емес, бұл ауқымды заңнамалық жұмыстың басталуы. Мәжіліс депутаты және ЖСДП фракциясының жетекшісі ретінде мен төмендегіні мәлімдеймін: біз жаңа Конституцияның әрбір қағидасын сапалы әрі тиімді жұмыс істейтін заңдарға енгізу кезеңіне қадам бастық.
Халық билігінің жоғары органы Әділетті Қазақстанды құруда ерекше жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Бұл – заң баршаға бірдей болатынын және биліктің қоғам алдында есеп беру тетіктерін мінсіз ететін басты құжат. Біз осы жерде халықтың еркін нақты іске асыру үшін жұмыс істейміз.
Біздің ортақ міндетіміз – азаматтық белсенділіктің қағидаттарын нақты реформалардың жасампаз күшіне айналдыру. Біз жаңартылған заңның әрбір тармағының орындалуын қатаң бақылап, әлеуметтік әділеттіліктің әрбір қазақстандық отбасы үшін сезілетін шындыққа айналуын қамтамасыз етеміз. Ашық диалог пен ортақ жауапкершілікті басты бағдар ете отырып қана еліміздің әр азаматы өзін сенімді қорғауда сезінетін мемлекет құра аламыз.
Таңдау жасалды! Енді жүйелі істер мен аса үлкен жауапкершілікпен қадам басатын уақыт келді. Әлеуметтік әділеттілік үшін! Әділетті билік үшін! Прогрессивті Қазақстан үшін! Алға!