Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Васильевич Склярға депутаттық сауал

Бүгінгі таңда еліміздің тұрғынүй нарығында бағдарламалардың түрі мен ипотекалық жүйенің көптігінен жұрт шатыса бастағандай. Адам түсінбейтін бағдарламалардың тағы бірі – «Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы». Атынан ат үркетін бұл бағдарлама бұрынғы «Нұрлы жер» бағдарламасының орнына шыққан жаңасы болып отыр. Ең қызығы атауын өзгерте салған заты сол бәз баяғы қалпы. Бәз баяғы дейтінім ішкі құрылымдық ережелері 2-10-20 – бұрынғы «Бақытты отбасы» бағдарламасы, ал 5-10-20 – баяғы «Шаңырақ» бағдарламасы екеніне ережелерді саралай келе көз жеткіздік.

Әйтсе де, бұл жобалар қалың көпшілікке емес, тұрғын үйге мұқтаж кезекте тұрған жандарға ғана арналған.

Елімізде тұрғынүй нарығын дамытуға байланысты сан түрлі жобалар жасағанымызбен кей өңірде соңғы екі жылда бір де бір құрылыс нысаны салынған жоқ екен. Тіпті жүзеге асып жатқан бағдарлама да жоқ. Неге десеңіз, бұл бағдарлама аясында тек әкімшілік ұсынған жаңа үйден ғана баспана алуға болады. Ал ондай арзан үйлерді салу үшін қаржы керек екені анық. Салынып жатқан нысан жоқ болғандықтан үй кезегі жылдар өтсе де жылжымайды. Яғни, бағдарлама іске асып жатқан жоқ деген сөз.

Тағы бір айта кететіні «Отау» мен «Наурыз» бағдарламалары арқылы биылғы жылы мемлекет қазынасынан 250 млрд теңге бөлінгенін білеміз. Бұл бағдарламалар арқылы өткен азаматтар ереженің қисынсызсыздығынан қиналып басын тауға да тасқа да соғады. Өйткені төлем қабілетін растау, алғашқы жарна және айлық төлеммен бірге жаңа пәтерге жөндеу жұмыстарын жасауға қаражат таппай тарығып жатыр. Себебі елдің қолында осындай қажеттілікке жұмсайтын артық ақшасы жоқ. Оны мойындауымыз керек. Мәселен, 2024 жылдың 2 тоқсанындағы есеп бойынша орташа айлық көлемі 403 251 теңге ал медианалық жалақы бағалау бойынша 278 296 теңге болып отыр. Енді санап көрсек, орташа жалақы алатын азаматтар ипотекалық несиеге айлығының 70 пайызын жұмсайды екен. Ал төмен жалақы алатын ияғни 278 296 теңге не одан да төмен айлыққа күн көріп отырған отандастарымыз бұл бағдарламаларға тіпті мүлден қатыса алмайды. Қатысқан жағдайда 20% пайыз алғашқы жарна жинауға келгенде салы суға кетеді. Жағдыдай өте қиын. Үлкен мегаполистеріміздің өзінде 1 не 2 бөлмелі пәтер алу үшін төленетін алғашқы жарна 7 миллион теңгеден асып түседі екен. Мұндай қаржы бүгінде әр отандасымыздың қалтасында жүрмегені айтпасада түсінікті.

Осы орайда айта кететін тағы бір жағдай болып тұр. Кезінде осы тұрғын үй бағдарламаларын қуаттаған кезде Үкіметке Отбасы банк пәтер бағасының шарықтап кетпеуін арнайы қадағалап, белгілі бір шектеуден аспайтындай етіп жүйе құру мәселесін уәде еткен. Бүгінде баспананың бағасын ауыздықтайтын бір де бір құзырлы орган табылмай отыр. Жуықта ғана арнайы сарапшылар тұрғынүйдің әр шаршы метірінің бағасын адам сенгісіз жағдайға жетті деп мәлімдеді. Мысалы Алматыда ең арзан баға әр шаршы метріне 400 мың теңгеден басталып 1 000 000 тг жетіп отыр. Сонда алматыда қарапайым ғана 1 бөлмелі пәтердің құны 55 200 000 тг деген сөз. Бұл қайдан келген баға? Неге реттелмейді?

Мысалы; Алматы қаласы бойынша 55 200 000 тг деп есептесек. Отбасы банктен үй алу үшін Астана-Алматы каласы үшін максималды қарыз сомасы 36 000 000 тг. Оның 19 200 000 тг-сі тікелей құрылыс компаниясына қолма қол беру керек, 7 200 000 тг-сін Отбасы банк счетына салуы керек екен. Сонда Отбасы банкінен жақсы үй аламын деп талаптанған азаматтың қалтасында кем дегенде 26 400 000 тг болуы керек. Мұндай қаржыны азаматтарымыздың көбі өңі түгілі түсінде де көрмейтіні анық.

ОСЫҒАН ОРАЙ БІЗ ТӨМЕНДЕ БІРНЕШЕ ҰСЫНЫС ПЕН ТАЛАПТАРЫМЫЗДЫ ҚОЙЫП ОТЫРМЫЗ:

  1. Алдағы уақытта Отбасы банк арқылы жүзеге асырылатын «9-20-25» бағдарламасына жылына 150 млрд теңге бөлу жоспарланып жатыр. Бұл бағдарламаның алғашқы жарнасын 20% пайыздан 10% пайызға азайту керек. Соған байланысты пайыздық мөлшерлемені 8% пайызға төмендетсек, халыққа шынымен тиімдірек болады.

  2. Болжамдарға сәйкес 2050 жылға қарай Республикадағы халық саны 27 млн-нан. асады деп отырмыз. Халықтың үлесі оңтүстік өңірлерде көп болмақ, ал солтүстік және шығыс өңірлерде керісінше халық саны төмендей бермек.

Осы тұста көршілес Рессей еліндегі секілді, 2% пайыздық «Дальневосточная ипотека» бағдарламасы сынды жобаны жүзеге асыру аса маңызды. Мысалы бізде де елдің ең шалғайдағы нүктесіне барғаны үшін қосымша қолдаулармен бірге төменгі 2% пайыздық мөлшерлемемен үй алуға қарыз беру қажет.

Ұсыныстар ескеріледі деген сенімдеміз!

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясы атынан.