«Қапшағай Алтын Алма» ПБК төңірегіндегі дау заңмен шешілуі тиіс: Асхат Рахымжонов

ЖСДП фракциясының мүшесі депутат Асхат Рахымжанов Қонаев қаласында сайлаушылармен кездесті. Кездесу барысында «Қапшағай Алтын Алма» тұтынушылық бақшалық кооперативі (ПБК) төңірегіндегі даулы жағдай ды жан-жақты талқылады.

2026 жылғы 5 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ЖСДП фракциясының мүшесі Асхат Рахымжанов, Алматы облысындағы жұмыс сапары барысында Қонаев қаласының прокуроры Жанибек Жакаевпен ресми кездесу өткізді. Кездесуге қалалық полиция басқармасының, әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері мен кооператив мүшелері қатысты. Негізгі мәселе – «Қапшағай Алтын Алма» тұтынушылық бақша кооперативінің басындағы ұзаққа созылған мүлік дауы мен коммуналдық инфрақұрылым объектілерін басқарудағы заңсыз әрекеттердің барысы болды. Аталмыш жиын ЖСДП-ның Алматы облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Себебі, бірнеше жылдан бері «Қапшағай Алтын Алма» кооперативінің мүшелері партия филиалына хабарласып мәселенің мән-жайын айтуда. Кооператив төрайымы Лина Черказьянова мен басқа да мүшелер заңды мүлікттері мен өз құқықтарын қорғауды сұрап бірнеше рет мемлекеттік органдарға және құқық қорғау құрылымдарына жүгінген. Бірақ түйткілдің түйіні тарқамай тұр. Ендігі үміт ЖСДП мен депутаттарда дейді тұрғындар. Айта кету керек, дау басы 3 600 метрге созылған су таратушы желінің жағдайында болып тұр. Кооператив өкілдерінің айтуынша, бұл желі кезінде ПБК мүшелердің қаражатымен салынып, осыған дейін күтіп-бапталған. Алайда кейін бұл мүлік күмән тудыратын жағдайлар негізінде үшінші тұлғаларға тіркелген. Сонымен бірге түрлі құқықтық мәселелерге қатысты сауалдар туындаған.

Депутат Асхат Рахымжанов бұл жағдайлардың кейбір тұсының заңдылығына күмән келтіретінін атап өтті. «Біз жағдайды жан-жақты қарадық және мүлікті рәсімдеуде заңдылыққа қатысты көптеген сұрақтарды көріп отырмыз», – деді депутат.

Ол сондай-ақ серіктестіктің құрылуы мен хаттамалардың рәсімделуі сынды қарапайым мәселелерді зерделеу керектігін және қол қоюдың шынайылығына ерекше назар аудару қажет ететінін айтты.

«Хаттамалар заңды түрде рәсімделді ме, онда тұрған азаматтардың қолдары шынымен де сол адамдарға тиесілі ме деген маңызды сұрақтар бар. Кооператив төрайымының айтуынша, қойылған қолдардың шынайылығында күмән бар сыңайлы. Сондықтан мұқият тексеру қажет», – деп нақтылады Асхат Рахымжанов.

Кездесу барысында 1998 жылы тұрғындардың өз қаражатымен жүргізілген су құбыры желілерінің қазіргі жағдайы да талқыланды.

«Адамдар бұл желілерді өздері жүргізді, қызметін қадағалады, суды пайдалану үшін салық төледі. Алайда кейін бұл мүлік аяқ асты басқа бір ұйымға берілген. Егер қарапайым серіктестіктерді құру кезінде заң бұзушылықтар орын алатын болса өзге бір күрделі құрылымдар жасақтау кезінде не болмақ?», – деді депутат.

Кездесу қорытындысында Қонаев қаласының прокуратурасы жағдайды жіті бақылауға алатындығын жария етті. Асхат Рахымжанов барлық жағдайларды, әсіресе кондоминиум объектілерін рәсімдеу және меншік иелерінің құқықтарының сақталуын қайта тексеріп, бақылып отыру талабын қойды.

«Мұнда басты мақсат – әділеттілік орнату. Болашақта жаңа қала құрылысын жүргізу шешімдері қабылдануы мүмкін. Бұл жағдайда да инфрақұрылымға өз қаражатын салған адамдар шыққан шығындарын өтеу құқығына ие. Бұл мәселе заң аясында шешілуі тиіс», – деді депутат.

Сонымен қатар ол қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан нақты шешімдердің мерзімдері қазіргі уақытта белгіленбегенін, себебі бұл құқық қорғау органдарының жұмысы екенін айтты.

«Қапшағай Алтын Алма» кооперативінің мүшелері даулы мүлікті әділ бағалап, барлық келесі шешімдердің тек заң шеңберінде, кооперативтің заңды мүдделері сақтала отырып қабылдануын талап ете беретіндігін айтты.

Асхат Рахымжанов өзінің қорытынды сөзінде ЖСДП фракциясының депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары мен тұрғындармен кездесулерде жергілікті жүйелік мәселелерді анықтап, азаматтардың пікірін тікелей тыңдауға және мемлекеттік органдардан заң шеңберінде жауап алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мұндай жұмыс форматы азаматтардың шағымдарын тек формалды деңгейден нақты құқықтық шешімге айналдыруға жол ашары анық.

ЖСДП Орталық Аппаратының баспасөз қызметі