Депутаттық сауал
Қалалар мен ауылдық елді мекендердегі тұрғын үй ортасының бірыңғай сапа стандартын қалыптастыру қағидаты турасында
Құрметті Олжас Абайұлы!
Біз бүгін, бір қарағанда тұрмыстық мәселе сияқты болып көрінетін, алайда шын мәнінде миллиондаған азаматымыздың өмір сүру сапасына тікелей қатысты маңызды мәселені алға шығарып отырмыз.
Елімізде мемлекет тарапынан немесе өзге де құрылымдар есебінен азаматтарға тұрғын үй салған кезде, тұрғындар тек пәтерге ғана қол жеткізеді ме?, әлде толыққанды өмір сүруге ыңғайлы ортаға да қолдары жете ме?,-деген сауал бізді біраздан бері мазалап жүргені рас.
Біз әдетте үй салған кезде тек шаршы метр санын есептейміз. Осылайша қанша үй салынды, қанша пәтер пайдалануға берілді, қанша отбасы баспаналы болды деген ең қарабайыр сауалдармен ғана шектелетініміз анық.
Алайда азаматтардан келетін өтініштер мен ЖСДП өкілдерінің өңірлерге сапарлары барысында, біз бір мәселенің үнемі қайталана беретіндігіне көз жеткіздік. Азаматтарымызға арналып үй салынады, пәтерлерлері бар, бірақ айнала толыққанды өмір сүруге мүлде қолайсыз, адамдар үшін қажетті ортаның ыңғайсыз күйде қалатынын көрдік.
Атап айтқанда балалар үшін ойын алаңдары, спортпен айналысып, серуендейтін алаңдар, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы демалыс орындары сынды қолайлы орта қалыптастыру мәселесі назардан тыс қалатынын байқадық. Тіпті кейде ауланы жарықтандыру да, жаяу жүргіншілерге арналған қалыпты жолдар мен көгал сынды жайлылық құрылыс салушы тараптан назарға алынбай қалып жатады. Мұндай жағдайды барлығымыз көріп-біліп жүргеніміз анық.
Қазіргідей өркениетті қоғамда, не қалыпты ауласы жоқ, абаттандыру толық жүргізілмеген үйлер мен кешендерді – толыққанды тұрғын үй деп айта аламызба? Бүл жағдай қазіргі күн үшін үлкен әлеуметтік сауал болып тұрғаны анық.
Осы мәселе әсіресе аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде өте өткір тұр.
Мемлекет халықтың өмір сүру сапасын арттыру, өңірлер арасындағы айырмашылықты азайту, ауылдарды дамыту, ауылдық жерлерге мұғалімдерді, дәрігерлерді және басқа да қажетті мамандарды тарту бағытында ауқымды жобаны қолға алып отыр. Алайда біз қажетті маман иесін, жас отбасын жоба негізінде ауылға шақырғанымызбен оларға азын-аулақ мал мүлік пен пәтер ұсынумен ғана шектелеміз. Жағдай бұлай болмауы керек. Біз отбасы мен балалары үшін қалыпты әрі қолайлы өмір сүру ортасын қоса қамтамасыз етуді де мемлекеттің міндеті ретінде қалыптастыру қажет деп санаймыз. «Жақсылық қылсаң сыпыра қыл»,-деген қалық нақылы бар. Мемлекеттік қамқорлық тек пәтер берумен ғана шетемеуі тис.
Осыған байланысты Үкіметке нақты сұрақ: біз нені өзгертуіміз қажет?
Біріншіден, мемлекет қаржысы есебінен салынатын, сондай-ақ өзге де қаражат көздері арқылы бой көтеретін тұрғын үйдің сапасына қойылатын бірыңғай ең төменгі стандартты белгілеу.
Екінші, жаңа тұрғын үйлерді жобалау кезінде тек ғимараттың өзін ғана емес, сонымен қатар қажетті инфрақұрылым мен абаттандыру элементтерін де алдын ала қарастыру қажет. Атап айтқанда, аумақты абаттандыру, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдары, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары жобада міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Үшіншіден, бұған дейін салынған мемлекеттік тұрғын үйлерге тексеру жүргізу қажет. Жобалау-сметалық құжаттамада көзделген талаптарды нақты орындалған жұмыстармен салыстыру керек. Егер жобада балалар алаңы, көгалдандыру немесе жарықтандыру қарастырылған болса, олар іс жүзінде де толық жүзеге асырылуға тиіс.
Төртіншіден, бұл стандарт тек Астана немесе облыс орталықтарында ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдарда да қолданылуы керек. Бұл ретте әр елді мекеннің ерекшеліктерін ескеру маңызды.
Біз ауылға қалалық үлгіні сол күйінде көшіру керек деп отырғанымыз жоқ. Біз адамның лайықты өмір сүруіне қажетті бірыңғай базалық деңгейді белгілеуді ұсынамыз.
Сондықтан мәселе; «Біз қанша шаршы метр тұрғын үй салдық?»,- деп қарау қателік болмақ.
Дұрысы: «Салынған үйлердің тұрғындары үшін біз қаншалықты деңгейде өмір сүру жағдайын қалыптастырдық?»,- деген сауал алдыға шығуы тиіс.
Еліміздің кез келген азаматы Астанада, облыс орталығында немесе шағын ауылда тұрғанына қарамастан, лайықты әрі қауіпсіз өмір сүру ортасында болуға құқылы.
Бұл ЖСДП-ның сайлау алды бағдарламасындағы басты қағиданың бірі.
Назарларыңызға рақмет.
Құрметпен, ЖСДП фракциясының мүшелері