ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі А. М. Ертаевқа, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ж. Д. Сүлейменоваға, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е. Қ. Нағаспаевқа Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі А. О. Қырықбаевқа ЖОЛДАНАДЫ
Көтеріліп отырған мәселе ведомстволардың бірлесіп кешенді түрде шешім қабылдауын қажет ететіндіктен депутаттық сауалымыз төрт министрлікке бірдей жолданды. Салалық қауымдастықтар мен сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда клининг қызметтері саласына шамамен 1,5 миллионнан астам адам жұмыс жасайды.
Бұл көрсеткіш саланың аса ауқымды екенін және Қазақстан Республикасының еңбек нарығында елеулі рөлге ие екенін көрсетеді. Клининг саласы еліміздегі санитариялық жағдайды қамтамасыз етіп, кез келген қоғамдық орындарды тиісті деңгейде күтіп ұстауға мүмкіндік береді. Осы ретте сала қызметкерлерін түгендеп оларды есепке алып, ресми жұмыспен қамту деңгейін, саланың кәсіби құрылымын, еңбекақы деңгейін мен кәсіби оқытуға деген қажеттілікті толық бағалайтын тетік мүлде жоқ және аталған мамандық иелерінің қоғамдағы мәртебесі де төмен. Елімізде осы күнге дейін еден жуушылардың, аула сыпырушылардың және клининг саласындағы қызметкерлердің еңбегі көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады. Мұндай көзқарас сала қызметкерлерінің мәртебесіз адам ретінде бағаланып, Президентіміз айтқан нағыз еңбек адамын қоғам алдында төмендетіп, тазалық мәдениетінің қалыптасуына кері әсер ететіні анық.
Қазіргі заманғы клининг–жай ғана қосалқы қызмет емес, арнайы білім мен дағдыларды талап ететін дербес кәсіби сала. Тағы бір елеулі мәселе–сала қызметкерлерінің ресми табысының төмен болуы себепті қосымша табыс табуы ресми еңбек қатынастары шеңберінде жүзеге асырылмайтыны. Нәтижесінде азаматтар арасында бейресми жұмыс жасау белең алып, әлеуметтік және зейнетақы кепілдіктерінің, еңбек құқықтарының және өзге де әлеуметтік қорғау тетіктерінің сақталмауына әкелуі әбден мүмкін.
Осы айтылғандар негізінде, тиісті министрліктерге төмендегідей шараларды қабылдауды ұсынамыз:
1) клининг саласындағы жұмыспен қамтуға кешенді талдау жүргізіп, қызметкерлердің нақты саны туралы ресми статистикалық деректерді қалыптастыру;
2) клининг саласында кәсіби біліктіліктерді қалыптастыру және дамыту мәселесін қолға алу. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде тиісті мамандарды кәсіби оқыту және даярлау мүмкіндігін қарастыру;
3) саладағы бейресми жұмыспен қамтуды қысқартуға бағытталған кешенді шараларды әзірлеп, жұмысшының кәсіби мәртебесін арттырып, біліктілік жүйесін дамытып, ресми табысының өсуіне жағдай жасау;
4) клининг саласындағы мамандықтарды тиісті біліктілік талаптары мен кәсіптік оқыту мүмкіндіктері бар толыққанды жұмысшы мамандықтар ретінде тану мәселесін қарастыру;
5) сала қызметкерлерін қаржылық сауаттылық және әлеуметтік қолдаумен қамту;
6) клининг саласы қызметкерлерінің қоғамдық мәртебесін арттыруға және олардың еңбегіне құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізу мүмкіндігін қарастыру.
Тиісті мемлекеттік органдардан өз құзыреті шегінде аталған мәселелерді қарастырып, кәсіби клининг саласын дамыту, жұмыспен қамтуды заңдастыру және сала жұмысшыларын әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру бойынша ықтимал шаралар туралы ақпарат беруді сұраймыз.
Құрметпен, ЖСДП фракциясының депутаттары