Баутин үлкен мүмкіндіктер базасы

2025 жылдың 15 тамызында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Маңғыстау өңірдегі сапары барысында Баутин базасына барды.

Қазақ елінің қалыптасып, бүгінгі өркениет бас¬палдағына көтерілуіне қара алтынның тигізген үлесі зор. Бұл ретте ширек ғасырдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан Солтүстік Каспий жобасы болып саналатын Баутин базасы Қашаған кен орнындағы теңіз операцияларын қолдауға арналған логистикалық хаб. Оның негізгі қызметіне теңіз кемелерінің жұмысын үйлестіру, материалдар, жабдықтар мен отын жеткізу оны сақтау және тасымалдау, апаттық жағдайлар мен мұнай төгілімдері кезінде жедел әрекет ету жұмыстары кіреді.
Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы фракциясының мүшесі, Мәжілісімен Ажар Бақытқызымен бірге аталмыш стратегиялық маңызды нысанға Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Мыңбаев Сәкен және ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Экологиялық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері Омаров Ермек, Бексеитова Айнур, Тазабаев Нурлан, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Джусупкалиев Армат және тағы басқалар да келді.
Аталмыш база қазіргі таңда серіктес компаниялар үшін тұрғын қалашықтар, вахталық жұмыс пен демалыс жағдайларын қамтамасыз ете отырып, қоршаған ортаны қорғау мақсатында арнайы экологиялық қолдау топтарымен бірлесе жұмыс істейді.

ЖСДП фракциясының мүшесі өзінің Баутин базасына жасаған арнайы сапары барысында Каспи теңізіне ыңғайластырып өндірілген Маңғыстау 5 кемесінің бортына көтерілді. Кеме 2011 жылы пайдалануға берілген ерекше үлгідегі нұсқа. Мақсаты, Қашаған кен орынындағы күрделі жұмыстарды атқаруға және апаттық жағдайларда әрекет етуге бейімделген. Кеменің заман талаптарына сай үлгідегі құрылымдары мен оның экологиялық жағынан тиімділігі шынымен де таң қалдырарлық.

«Қазіргі таңда кейбір Каспи жағалауы елдері көп жағдайда теңіздің экологиялық ахуалына мән бермейді. Кейбір кемелер ескірген. Біздің ел бұл жағына өте үлкен жағдайда мән беріп отыр. Шындығына келгенде бұл кемелер экологиялық таза. Сыртқа ешқандай қалдық шығармайды. Бұған қуанып отырмын»,-деді депутат Ажар Сағандықова.

Маңғыстау 5 тің бортына көтерілген меймандарды қарсы алған кеме капитаны Саудабаев Талғат Ғаниұлы кеменің мүмкіндіктерін айта отырып келушілерді басқару кабинасына ертіп апарды. Шын мәнінде алып кеме түгелдей ақылды технологиямен жабдықталғанын көз көрді. Кемені басқару пұльтінің өзі бір ғана жерден емес төрт бірдей пулть арқылы басқарыла береді екен.

«Біздің кемеміз Руменияда жасалған. Ерекше үлгідегі су көлігі. Кез келген қиын жерлерге еркін кіріп шыға алады және апаттық жағдайда әрекет етеді. Сонымен бірге 4 бірдей қозғалтқыш жұмыс істеп тұр. Демек өте үлкен күті бар деген сөз. Тек жүкті өзі тасып қана қоймай үлкен әрі ауыр сүйретпелерді де тартып кете алуға қауқары жетеді. Өзім 2 жылдан бері осы Маңғыстау -5 те капитан болып жұмыс істеп келемін. Шынын айтсам көрші мемлекеттерді мұндай кеменің бар екенін естімеппін. Білуімше бұл бізде ғана»,-деді капитан.

Кеменің төменгі бөлігі мен палубасына шыққан ЖСДП депутаты Ажар Бақытқызы білікті мамандарға алғыс айтты.

«Шынымен де мен Отанымыздың теңіздегі мүмкіндігін көріп қуанып тұрмын. Баутино базасының да маңыздылығын байқадым. Мұнда мұнай саласындағы ауыр жұмысты мойымай атқарып, өздерінің біліктілігін шыңдап, нәтйжеге қол жеткізіп жүрген азаматтарға әсіресе жастарға алғыс айтамын. Сіздер барда біздің ел өркендей береді. Ал біз сіздерді заңдық тұрғыдан қорғайтын боламыз»,-деді.

Кемені басқару кабинасында тұрған шақта капитан Талғат Ғаниұлы арнайы команда беріп Маңғыстау-5 тің өрт жағдайында қалай әрекет ете алатындығын көрсетті. Дабыл соғылысымен-ақ екі қапталдан шашыраған су көк теңіз бетін әп-сәтте ақ тұманға айналдырып жіберді. Бұл өрт кезінде әрекен етуші кеменің бір ғана мүмкіндігі екен. Одан бөлек апатты жағдайда 70 ке дейін адамды төсек орынмен қамтуға мүмкіндігі бар. Және метан газы таралған жағдайда экипаж мүшелері мен өзге де адамдарды оңшаулауға арналған 4 бірдей орын бар. Ол орындарға су кірмейді және өртке де төтеп береді. Осылайша 4 тен 10 сағатқа дейін қауіпсіздік жағдайында адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндігі жетеді.

Әлемдік талапқа сай әрекет ете алатын мұндағы мамандарға өзге елден сұраныс та жоғары,- дейді кеме капитаны.

ЖСДП баспасөз қызметі