ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ Гериатриялық көмекті дамыту және ұзақ мерзімді күтімнің бірыңғай жүйесін құру

Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолданады

Құрметті Олжас Абайұлы!

ЖСДП «ПРОГРЕСС ЖОЛЫНДАҒЫ 20 БЕЛЕС» атты сайлауалды бағдарламасында азаматтардың әлеуметтік қорғалуын және мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін басты басымдық ретінде қойды.

Бұл тек зейнетақы мен қолжетімді медицина саласы ғана емес, сонымен қатар қарт адамдардың лайықты өмір сүруі мен қоғам өміріне белсенді араласуына тиісті жағдай жасауды көздейді.
Қарттық шақта ұзақ мерзімді күтім мен қамқорлықтың болуы барлық адам үшін аса маңызды мәселе екені шындық.

Адамның жасы ұлғайған сайын жүріп-тұруына, күнделікті өзін-өзі күтуіне, сырқаттанудан кейін қалпына келуіне, сондай-ақ дене және ой белсенділігін қалыпты сақтауға ерекше көмек қажет болуы әбден мүмкін. Қазақстанда мұндай жүйенің жекелеген элементтері қазірдің өзінде бар. Олардың қатарында гериатриялық көмек, медициналық оңалту, үйде көрсетілетін әлеуметтік қызметтер мен қарт адамның жағдайын бағалау тетіктері жүзеге асырылып келеді.
Алайда бұл қызметтердің барлығы бірдей біріктірілген біртұтас жүйе ретінде жұмыс істемейді.
Мысал ретінде айтар болсам: Қарттарымыз медициналық көмек алу үшін емханаға бір бөлек, әлеуметтік қызметке бір бөлек, оңалту қызметін алу үшін мүлде бөлек құжаттар толтырып әр мекемеге бір барып әуреге түсуге мәжбүр.
Біздің пайымдауымызша азаматтарымыздың күтімге деген қажеттілігі заң жүзінде анықталғаннан кейін, мемлекет оның әрі қарай қандай көмек алатынын нақты көрсететін бірыңғай әрі өте түсінікті қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруы қажет.

Бұл жерде бір пәрменде цифрландыру тетігін енгізу өте маңызды болып отыр. Қазіргі таңда бізде Цифрлық отбасы картасы бар. Осы мүмкіндікті әрі қарай жетілдіре отырып, адамның ұзақ мерзімді күтімге қажеттілігін нақтылайтын бірыңғай цифрлық профилді платформа құруды ұсынамыз. Бұл платформаға адамға қандай қажеттілік керек екенін түгел дей топтастырылуы маңызды болмақ.
Бұл кез келген қартқа нақты қажетті көмекті уақытында ұйымдасдың тетігі ғана емес, әр өңірге қанша маман, қанша қызмет және қанша бюджет қаражаты қажет болатынын да алдын ала жоспарлауға мүмкіндік берері анық. Осы жерде тағы бір маңызды мәселені айта кетейін.
Елімізде көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде балалар алаңдары, спорт алаңдары және қоғамдық кеңістіктердің болуы міндеттеліп жатыр. Ал қарттарға деген арнайы орын не кеңістік бұл жоспарға енгізілмей қалған. Осыған байланысты ЖСДП заңға жаңа норма енгізуді ұсынады: Онда көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде аға буын өкілдері қарттарға демалуға, бір бірімен әңгімелесіп қоғамдық өмірге белсенді қатысуына арналған жайлы орынның да қарастырылуы қажет.
Бұл арнайы орынның ауданы, әр пәтерге шаққанда 0,8 шаршы метр болып белгіленуі керек.

Бұл орын-жай коммерциялық мақсатта пайдалануға жатпауы тиіс. Және кейін сатылып немесе басқа мақсатқа пайдаланылмауы керек. Ең бастысы оның қоғамдық мақсаттағы алғашқы мәртебесі тұрақты сақталуы қажет.
Болашақта бұл кеңістік медициналық және әлеуметтік қызмет мамандары да қабылдау жүргізе алуына қолайлы болуы тиіс.
Сондықтан біз Үкіметке ұзақ мерзімді күтімнің бірыңғай жүйесін құру жөніндегі нақты ведомствоаралық жоба әзірлеуді ұсынамыз. Сонымен бірге жобаға жоғарыда айтылған, бірыңғай цифрлық профильді платформа енгізуді және көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жобалау нормативтеріне тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс.
Біз адам қартайған кезде мемлекет пен қоғам көзінен тасада қалып қоймау керектігін алға тартамыз. Кез келген қарт, өз еліміздің толыққанды азаматы. Оған жағдай жасау мемлекеттің міндеті.
Бірыңғай ұзақ мерзімді күтім жүйесін құру бойынша ұсыныстарымыздың толық нұсқасын жазбаша түрде әзірлеп, Үкіметтің қарауына жолдайтын боламыз.

Құрметпен, ЖСДП фракциясы