Халық үнімен астасқан бастама қолға алынды

14 тамыз күні ЖСДП фракциясының депутаты Нұрлан ӘуесбаевҚостанай облысының тұрғындарымен кездесу аясында бірнеше маңызды кездесу өткізіп, өңір тұрғындарының өзекті әлеуметтік мәселелерін талқылады.

Ең алдымен қала маңындағы«Әуежай» шағын ауданында бастауыш партия ұйымының белсенділерімен кездесу өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты - тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың күнделікті өмірінде туындайтын әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді ашық талқылау болды. Нұрлан Әуесбаев тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту, басқару сапасын арттыру және тұрғындардың ортақ мүлікті ұқыпты пайдалануын қамтамасыз етуге байланысты жағдайларға тоқталды.

Қолжетімді орта мәселесі - назарда болғандықтан «Қолжетімді орта: жаңа үйлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген бе?»,- деген айдамен арнайы рейд өткізілді. Бұл іс-шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру жағдайларын жақсарту мәселесі басты назарға алынды. Қатысушылар жаңа тұрғын үйлер мен қоғамдық орындардағы пандустар, лифттер, кіреберістер мен санитарлық тораптар тұрғысынан талаптарға сәйкестігін бағалады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қалада еркін қозғалуға, қоғамдық кеңістіктерге кедергісіз кіруге және әлеуметтік инфрақұрылымға тең қол жеткізуге қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтар көп жағдайда назардан тыс қалып отыр. Қоғам да, билік те олардың күнделікті өмірінде кездесетін қиындықтарға жеткілікті көңіл бөлмейді. Мәселен, біз қазір оңалту орталығында ем қабылдап жатқан кезеңде жеке көмекшілердің қызметін алып тастады. Ал бұл көмекшілер – біздің күнделікті тұрмысымыздағы ең негізгі тірегіміз», - дейді мүмкіндігі шектеулі азаматтың бірі.

Тұрғындарды жеке қабылдау барысында халық үні естілді. Бұл қабылдауға өңірдің әр тұрғыны келіп, өздерін толғандыратын мәселелерін ортаға салды. Депутат өз кезегінде әрбір мәселе бойынша түсініктеме берді.

«Әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым, тұрғын үй, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы түйткілдер халықты әлі де алаңдатып отыр. Әрбір тұрғынның үні ескерусіз қалмайды. Біз осы мәселелерді назарға алып, оларды шешу жолдарын тиісті өкілдермен бірлесе қарастырамыз», - деді ЖСДП фракциясының депутаты Нұрлан Әуесбаев.

Қостанай облыстық ЖСДП филиалы өңір халқының ұсыныстары мен сын-ескертпелерін жұмыс жоспарында үнемі ескеріп отыратындығын да баса айтқан абзал.

Дильназ Изделюева, ЖСДП Қостанай облыстық филиалы