Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы көрнекті қоғам қайраткері, тарихшы, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, социал-демократ Жұмабай Орынғалиұлы Доспановтың 74 жасқа қараған шағында дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестеріне, барша Атырау жұртына және қазақстандықтарға қайғыра көңіл айтады.
Жұмабай Орынғалиұлы – саналы ғұмырын ел мүддесіне, әділдік пен демократиялық құндылықтарды нығайтуға, тарихты зерделеуге және ұлт руханиятын дамытуға арнаған абзал азамат еді. Ол қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, саясат, ғылым және журналистика салаларында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырған тұлға. Еш уақытта елдің тағдырына бейжай қарамаған атпал азамат ретінде халықтың зор құрметіне бөленді. Ол 2007–2019 жылдар аралығында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Осы жылдар ішінде партияның өңірдегі беделін арттыруға, азаматтық қоғамды дамытуға, халықтың әлеуметтік мәселелерін көтеруге және демократиялық қағидаттарды ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосты. Төрағалық қызметінен кейін де партия мүшесі әрі белсенді азамат ретінде саяси жұмыстарға жанашырлық танытып, үзеңгілестеріне әрдайым өзінің өмірлік тәжірибесі негізінде ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Алғашқылардың бірі болып, елдегі тәуелсіз баспасөздің дамуына да елеулі еңбек сіңіріп, «Алтын Ғасыр» газетінің негізін қалады. Марқұмның саясат сахнасындағы тарпаң ізі көпке үлгі. Сонымен қатар әскери тарихты терең зерттегені елге мәлім. Жұмабай Орынғалиұлының өнегелі өмір жолы, азаматтық ұстанымы, елге сіңірген еңбегі мен адамгершілік қасиеттері әрдайым халық жадында сақталады. Оның жарқын бейнесі мен игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала беретіні анық. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының барша ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақ. Жұмабай Орынғалиұлының жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болғай!
ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫ