«Кәусар бұлақта» балық шаруашылығын дамыту маңызды

Мұнайлы ауданындағы «Кәусар бұлақ» балық шаруашылығына жұмыс сапары өтті.

Мұнайлы ауданында орналасқан «Кәусар бұлақ» балық шаруашылығына Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиал төрағасы Сәкен Мыңбаев пен Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Яхияұлы арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты — аймақтағы балық шаруашылығының қазіргі жағдайымен танысып, оның дамуына ықпал ету жолдарын қарастыру болды. Сапар барысында нысанның жұмыс барысы, өндірістік әлеуеті мен материалдық-техникалық базасы жан-жақты зерделеніп, шаруашылықты дамыту үшін қажетті қаражат көлемі турасында да сөз қозғалды. Шаруашылық жетекшілері қазіргі таңда өндірістің тоқтап қалмауы үшін қолдау қажет екенін атап өтті. Нысан толық қуатында жұмыс істеген жағдайда, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне де оң әсер ететіні айтылды. Кездесу барысында Сәкен Мыңбаев пен Дастан Яхияұлымен бірлікте назарға алынған мәселені басшылықта ұстап, алдағы уақытта арнайы жиын өткізіліп, қажетті қаржыландыру тетіктері қаралатыныны туралы уағдаласты. «Бұл шаруашылық — аймақ үшін маңызды стратегиялық нысан. Оны дамыту арқылы біз балық шаруашылығын қайта жандандырып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға нақты мүмкіндік тудыра аламыз», — деді партия төрағасы Сәкен Мыңбаев. Айта кету керек, «Кәусар бұлақ» — аймақтағы су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы экологиялық таза өнім өндіруге бағытталған бірегей жобалардың бірі болып табылады.