Мәдениеттің болашағы – білікті маман мен лайықты еңбекақыда

Павлодарда Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Павлодар облыстық филиалы ұйымдастырған «Мамандарды сақтау -мәдениетті сақтау» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға өңірдегі музейлердің, С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың және Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының өкілдері қатысты. Олар мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтері, жас мамандарды тарту және оларды баспанамен қамту мен мәдени мұраны сақтау жағдайларын талқылады.

Кездесуді ашқан филиал төрайымы Роза Джусупова қатысушыларға өз мекемелеріндегі нақты мәселелерді, оның ішіндегі мамандардың тапшылығы, жұмыс жүктемесі мен кәсіби дамудың кемшінтұстарын ашық баяндауды ұсынды. Себебі бұл мәліметтер ЖСДП депутаттарына жолданатын ұсыныстар әзірлеу үшін қажет екенін атап өтті.

«Адам өз мамандығына қызығушылық танытып, тиісті білім алуы мүмкін. Бірақ жұмыс орнын таңдағанда өзін және отбасын асырау мүмкіндігін де ескеруі керек. Сондықтан көп жағдайда мамандар тапшылығы орын алатыны анық», -деді Роза Джусупова сөз басында.

Оның айтуынша, тәжірибелі қызметкерлердің кетуі қалған ұжымның жүктемесін арттырып, кәсіби білім мен тәжірибенің кейінгі қызметкерлерге өтуән қиындатады. Музей қызметкерін, кітапханашыны немесе реставраторды даярлауға уақыт қажет. Ал кеткен қызметкердің орнына жаңа адам алу жұмыстың бұрынғы көлемі мен сапасын бірден төмендетіп жіберетіндігін айтты. Белгілі музыкатанушы коллекционер Наум Шафердің үй-музейінің директоры Мадия Абенова қолданыстағы еңбекақы төлеу жағдайлары шағын музей ұжымдарына қалай әсер ететінін баяндады.

“Еңбек жолын енді бастаған мамандардың жағдайы қиын. Оларда еңбек өтілі аз болғандықтан, жалақысы болашағын сенімді жоспарлап, өзі таңдаған мамандығында түбегейлі қалуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне жалақының құрылымы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу тәртібіне де тоқталды”,-деді.

Музей басшысының айтуынша, қолданыстағы үстемеақылар, жәрдемақының мөлшеріне толық көлемде әсер етпейді. Сондай-ақ аз жалақы алатын және сауықтыру жәрдемақысы төленбейтін техникалық персоналды қолдау қажет екенін атап өтті.

Мадия Абенова Шафердің үй-музейін мысалға ала отырып, шағын ұжымның қаншалықты ауқымды жұмыс атқаратынын көрсетті. Мекемеде қазір 7,5 штат бірлігі бар. Қызметкерлер негізгі қордағы 23,5 мыңнан астам күйтабақ пен 10 мыңға жуық кітапты қамтитын коллекцияны құжаттап, мемлекеттік есепке қоюмен айналысады екен. Басшы мұндай коллекциямен жұмыс істеу арнайы білімді және құжаттарды мұқият рәсімдеуді талап ететінін атап өтті. Осы жұмысты меңгерген қызметкерлерді сақтап қалу оларға лайықты еңбекақы төлеу мүмкіндігіне тікелей байланысты екенін жеткізді. Ол ең алдымен қатардағы мамандарға, әдіскерлерге, экскурсия жүргізушілерге, қор сақтаушыларға, кітапханашылар мен музей қараушыларына көңіл бөлуді ұсынды.

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өкілі Баршагүл Байжанова да кадрлардың тұрақтамауын төмен жалақымен байланыстырды. Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, арнаулы орта білімі бар жас маман музейде шамамен 130 мың теңге жалақы алса, жоғары білімі және 30 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкер 200 мың теңге көлемінде айлық алады екен. Кітапхананың жұмысы кітап берумен ғана шектелмейді. Баршагүл Байжанованың айтуынша, мекеме жыл сайын 1300–1500 іс-шара өткізеді, оқырмандармен, сирек басылымдармен және электрондық ресурстармен жұмыс істейді. Жас қызметкерлер жұмысқа орналасқанға дейін міндеттерінің көлемін толық біле бермейді. Ал нақты жүктемемен танысқан соң, олардың бір бөлігі жұмыстан кетіп қалатын көрінеді.

«Жұмыс та көп, оқырман да көп. Адамдардың кітап оқып, кітапханаға келетіні қуантады. Бірақ жалақының осындай төмен болуына байланысты біздің салада кадрлар жиі ауысады», -деді ол. Кітапхана өкілі жеке қарастыруды қажет ететін мәселелер қатарында кітап қорларымен жұмыс істеу жағдайларын, кітап шаңының қызметкерлер денсаулығына әсерін және кәсіптік аурулардың туындау қаупін атады. Ол еңбек жағдайларын бағалау және тиісті өтемақылар мәселесіне қайта оралуды ұсынды. Сондай-ақ мекемеге орталық облыстық кітапхана мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс айтты.

Талқылауда С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өкілі Динара Рахимбаева да өз пікірін білдірді.

Қатысушылар кадр даярлау мәселесіне арнайы тоқталды. Музейлер мен кітапхана өкілдерінің айтуынша, мекемелерге көбіне педагогикалық және өзге де бейіндік емес білімі бар түлектер қабылданады. Олар жұмыстың ерекшеліктерін қызмет барысында меңгеруге мәжбүр. Осы мақсатта оқытуға тәжірибелі мамандарды көбірек тарту керек деп отыр. Әсіресе колледждермен және университеттермен байланысты нығайтып, студенттердің аталмыш мекемелерде практикадан өтуін ұйымдастыр қажеттігін ерекше атап өтті.

Әңгіме барысында өз қызметінің бейіні бойынша магистр дәрежесін алған қызметкерлерді материалдық ынталандыру мәселесі де көтерілді. Қатысушылар мұндай қолдауды кәсіби дамуды ынталандыратын шаралардың бірі ретінде қарастыруды ұсынды. Дегенмен талқылаудың негізгі бағыты мәдениет саласының барлық қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру екені өзекті күйде болды. Павел Васильевтің үй-музейінің директоры Айбек Оралхан шағын мекемелерде бірнеше міндетті қатар атқару мәселесін баяндады. Оның айтуынша, музейде 11 адам жұмыс істейді, оның ішінде шығармашылық қызметкерлердің саны бесеуден аспайды. Сондықтан экскурсия жүргізушілер мен басқа мамандар қосымша міндеттер атқарады. Соның салдарынан коллекцияларды зерттеуге, жарияланымдар мен көрмелер дайындауға уақыт жетпейтін көрінеді.

Айбек Оралхан тәлімгерлікке де ерекше назар аударды. Тәжірибелі қызметкерлер зейнетке шыққаннан кейін мекемеге жас мамандар қабылданады. Оларға музей қорлары мен тарихын меңгеруде көмек қажет. Ол тәжірибелі музей қызметкерлерінің білімін әрі қарай жалғастыру үшін оларды тәлімгер немесе кеңесші ретінде тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Шындығында бұл өте маңызды ұсыныс. Бұдан бөлек Айбек мырза орын тапшылығы мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, үй-музейдің ауданы небәрі 56 шаршы метр. Мұндай кеңістікте қызметкерлерді орналастыру, келушілерді қабылдау және коллекциямен жұмыс істеуге қажетті жағдай жасау қиын. Мекемеге жұмыс кабинеттері мен қорларды орналастыру үшін бөлек әкімшілік үй-жай қажет екенін баяндады.

Сонымен қатар музейде қолайлы санитарлық торап мәселесі шешілмеген. Айбек Оралханның айтуынша, әжетхана аулада орналасқан. Бұл әсіресе қыста қызметкерлер мен келушілерге қиындық туғызатын алғашқы мәселе екенін жасырмады.

Павел Васильевтің үй-музейінде қор сақтаушы ретінде бір ай бұрын ғана жұмысын бастаған жас маман Вадим Бердников басшысының сөзін толықтырды. Ол коллекцияда 11 мыңнан астам экспонат бар екенін, алайда орын тапшылығынан кейбір картиналар мен кітаптарды келушілерге көрсету мүмкін болмай отырғанын айты.

Цифрландыру мәселелері нақты мекемелердің мүмкіндіктері тұрғысынан қарастырылды. Айбек Оралхан музей материалдарын электрондық форматқа көшіру үшін даярланған қызметкерлер мен тиісті техникалық жабдық қажет екенін де ерекше атап өтті. Пікір алмасу барысында Баршагүл Байжанова облыстық кітапхана цифрландыру жұмысын 2011 жылы сатып алынған екі кәсіби сканермен жалғастырып жатқанын айтты. Бірақ бұл жабдықты жаңарту қажет екенін баяндады. Қазір кітапхана «Цифрлық баспасөз банкін», онлайн-кітапхана мен электрондық каталогты дамытып келеді. Мамандардың айтуларынша жыл соңына қарай жаңа «elibra» автоматтандырылған жүйесіне көшу жоспарланған.

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының өкілі Нұркен Тұрлыбек жас театр актерлерін өңірде тұрақтандырудың басты шарттарының бірі баспанамен қамтамасыз ету екенін айтты.

«Театр Алматы мен Астанадан түлектерді шақырып, тәжірибе жинауына көмектеседі. Алайда бірнеше жылдан кейін қызметкерлердің бір бөлігі өз баспанасы болмағандықтан кетіп қалады. Бұл біздің театр үшін өте үлкен қолайсыздық болып отыр», -деді ол. Мысал ретінде айтатын болсақ, соңғы бір жыл ішінде театрдан алты жас қызметкердің кеткені ресми тіркелген. Актерлердің өзге жаққа қоныс аударуы театр репертуарына да қатты әсер ететіні де анық. Тіпті кейбір қойылымдарды уақытша тоқтатуға мәжбүр боламыз,-дейді Нұркен Тұрлыбек.

Актерлік кадрларды даярлау мәселесі де сөз болды. Ол студенттерді оқытуға бейінді оқытушылар мен театрда жұмыс істейтін тәжірибелі мамандарды көбірек тартуды, практикалық даярлықты және оқу орындарының театрмен байланысын күшейтуді ұсынды.

Сонымен бірге ол техникалық қызметкерлердің, атап айтқанда жарық, дыбыс және бутафория мамандарының жетіспейтінін айтты. Оның сөзінше, баяғы сол ұсынылатын жалақы мәселесі қолбайлау. Қазіргі қызметкерлерге заманауи жабдықтарды пайдалану бойынша оқу мен шеберлік сабақтары қажет. Нұркен Тұрлыбек гастроль кезінде мамандар компьютерлендірілген жарық және дыбыс жүйелерімен жұмыс істеуге мәжбүр болатынын кездер жиі кездеседі екен. Ал бұл жағы қосымша даярлықты талап ететіні тағы белгілі.

Қатысушылардың пікірінше, музей, кітапхана мен театрдың тұрақты дамуы ең алдымен онда еңбек ететін мамандарға көрсетілетін қолдауға байланысты. Кездесу қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстарды жинақтап, ЖСДП депутаттарына жолдау көзделіп отыр. Өйткені мәдени мұраны сақтау – тек ғимараттар мен құнды жәдігерлерді қорғау емес, сол құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізіп жүрген мамандарды да сақтау. ЖСДП Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі