Жұмысшы жылы: нақты қадамдарға жол.
2025 жыл – елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жарияланды. Бұл – қоғам назарын қарапайым еңбек адамдарына бұруға бағытталған маңызды шешім. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Қызылорда облыстық филиалы жұмысшылардың жағдайын жақсартуға белсенді түрде атсалысып келеді. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен тұрақты кездесіп, нақты ұсыныстар жинақтап, оларды тиісті органдарға жеткізіп отыр.
Партия бастамасы – нақты нәтижеге негіз.
Филиал төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков соңғы бір жылда өндірістік нысандарды аралап, жұмысшылар көтерген мәселелерді билікке жеткізуді жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жақында Қызылорда магистралдық желі бөлімшесінің теміржолшыларымен өткен кездесуде осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тапты. Бұл кездесу – формалды жиын емес, шынайы пікірталас пен ашық диалог алаңы болды.
– Сіздердің күн-түн демей, аптапта да, аязда да елге қызмет етіп жүргендеріңіз – нағыз ерлік. Қауіп-қатерге қарамай, пойыз кестесінен ауытқымауы – темірдей тәртіп пен зор жауапкершіліктің үлгісі. Бүгінде, өкінішке қарай, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылық азайып барады. Ал жұмысшының беделін көтеру – ұлттың болашағын ойлау деген сөз. Өйткені елдің іргесін нығайтып, шаңырағын биік ететін де – өздеріңіздей еңбек адамдары. Біздің Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – әділдік пен еңбек құндылықтарын ту етіп көтеріп келеді. Біз үшін бірінші орында еңбек адамы тұруы керек – яғни жұмысшының құқығы мен тұрмыс сапасы басты назарда ұстаймыз. Себебі әділетті қоғам ең алдымен жұмысшыға лайықты жағдай жасаудан басталады. Алайда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас екінші қатарға ысырылып келеді. Жастар көбіне кеңсе қызметін қалайды. Бірақ шынайы өнім өндіріп, елге табыс әкеліп жүргендер – өз қолымен еңбек ететін сіздер сияқты жандар. Егер нақты ұсыныс-пікір айтсаңыздар, біз оны облыстық не республикалық деңгейге дейін көтеруге, тіпті заң жобалары деңгейінде қорғауға дайынбыз, - деді ол.
Балаларға – лагерь, мамандарға – қолдау.
Кездесу барысында қызметкерлер балаларына арналған республикалық деңгейдегі жазғы лагерь ашуды ұсынды. Бұл – болашақ теміржолшылар ұрпағын тәрбиелеудің де бір жолы. Сонымен қатар, сала мамандарына арналған арнайы аурухана, санаторий, сауықтыру мекемелері қажет екені айтылды. Мұндай қолдау кәсіби өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Балабақша мен баспана – басты сұраныс.
Қызылордада кезінде тек теміржолшыларға арналған 24 балабақша болған. Бүгінде олардың ешқайсысы жұмыс істемейді. Қызметкерлер осы әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіріп, «Отбасы банкі» арқылы арнайы ипотекалық бағдарлама жасауды ұсынды. Жеңілдетілген несиелер жас мамандарды салада ұстап қалуға сеп болар еді.
Құрмет пен марапат – еңбек иесіне лайық.
Теміржолшылар арасында ондаған жыл жұмыс істеген тәжірибелі азаматтар көп. Алайда олардың арасында «Еңбек ері» секілді жоғары мемлекеттік марапат алғандар аз. Бұл – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін ерекше көңіл бөлуді қажет ететін мәселе.
Маман даярлау – ертеңгі кепіл.
Қатысушылар техникалық білім беру жүйесінің әлсіздігін, дуальды оқыту формасының нашар дамып жатқанын сынға алды. Олар кәсіби білім мен өндірістің байланысын күшейтіп, маман тапшылығының алдын алу керек екенін атап өтті.
Спорт пен салауатты өмір – жұмыс берекесінің кепілі.
Теміржолшылар үшін спорт клубтары мен секциялардың болмауы да қозғалды. Қызметкерлер спортты өмір салтына айналдыру физикалық әрі психологиялық жүктемені азайтары сөзсіз екенін жеткізді.
Кеңестік тәжірибе – жаңа ұлттық стандартқа негіз бола ма?
Кездесуде теміржолшылар кеңестік кезеңдегі кешенді әлеуметтік қолдау жүйесін мысалға келтіріп, қазіргі уақытта соған ұқсас ұлттық стандарт әзірлеу қажеттігін алға тартты. Бұл – жұмысшының қадірін арттырудың жүйелі жолы болуы мүмкін.
ЖСДП ұсыныстары – министрлікке жолданады.
Жиын соңында Нұрбек Дәуренбеков барлық ұсыныстар жинақталып, партия атынан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Көлік комитетіне және облыстық қоғамдық кеңеске жолданатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты – жай тыңдау емес, нақты нәтижеге алып келетін ұсыныстар легін қалыптастыру.
Қорытынды: Жұмысшы жылы – нақты іспен ерекшеленуі керек.
Теміржол – ел тірегі. Ал онда еңбек етіп жүрген азаматтардың мәселесі – мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығының көрсеткіші. Сондықтан әрбір ұсыныс, әрбір мәселе ескерусіз қалмауы тиіс. «Жұмысшы жылы» биік ұранмен емес, шынайы нәтижемен аяқталуы қажет.
Е. Сәрсенұлы, ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының хатшысы