Жол үстіндегі жауапкершілік мәдениеттен басталады

Жол қауіпсіздігі – ел үшін маңызды әрі өзекті мәселе.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай артқан. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың алғашқы бес айында облыс аумағында 242 жол апаты тіркеліп, салдарынан ондаған адам қаза тауып, жүзден астам тұрғын түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Осы күрделі жағдайдың алдын алу мақсатында Қызылорда қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған ашық форматтағы жиын өтті. Іс-шараны Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы мен облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға ЖСДП облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков пен Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ердәулет Жаукеев қатысты. Олар жол-көлік оқиғаларының себептері мен салдарын талдап, апаттардың алдын алу бағытында ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, қос тарап бірлесіп жүзеге асыратын жобалар мен бастамалар талқыланды.

Бұған дейін атап өткеніміздей, 2024 жылдың алғашқы бес айында Қызылорда облысында 242 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 110-ы Қызылорда қаласында орын алып, 12 адам қайтыс болған, 127 тұрғын түрлі жарақат алған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жол апаттарының 86–90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болады. Бұл – салғырттық пен жауапсыздықтың айқын көрінісі. Жол ережесін өрескел бұзу – жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйде көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін тақпау – өкінішке қарай, күнделікті қалыпты құбылысқа айналып барады. Мұндай жағдайларды «тағдырдың ісі» деп қарастыруға болмайды. Бұл – нақты заң бұзушылық және немқұрайлылық. Осы күрделі мәселелерді шешу жолында ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков өз ұсыныстарын ортаға салды.

Жол қауіпсіздігін арттыру – бір реттік шара емес, ұзақ мерзімді әрі кешенді жұмыс. Осы бағытта мынадай ұсыныстар әзірледік. Біріншіден, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру үшін автомектептердегі оқыту сапасын күшейтіп, жүргізуші куәлігін беру тәртібін қатаңдату қажет. Әсіресе, жол ережесін жиі бұзатын азаматтар қайта оқып, қайта сынақ тапсыруы тиіс. Екіншіден, мектептер маңындағы және тұрғын аудандардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін «қауіпсіз аймақ» жобаларын енгізу ұсынылды. Бұл ретте жылдамдықты тежейтін құрылғылар, қосымша жол белгілері, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерінің орнатылуы – балалардың өмірін сақтауда маңызды рөл атқарады. Үшіншіден, қоғамның өзін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесіне белсенді қатыстыру қажет. «Жол сақшысы – өзіміз» ұранымен еріктілер қозғалысын құрып, азаматтардың фото-видео айғақтар арқылы тәртіп бұзушылықты тіркеп, тиісті органдарға хабарлауына жағдай жасалуы тиіс. Сонымен қатар, мобильді қосымша арқылы тәртіп бұзушылықтарды жедел жеткізудің тиімді жолдарын қарастыру ұсынылды. Төртіншіден, жол апаттарының алдын алуда заманауи технологияларды кеңінен енгізу қажет. «Сергек» және басқа бейнебақылау камераларын көбейтіп, әсіресе қауіпті аймақтар мен тас жолдарға орнату жолдағы тәртіпті сақтауға ықпал етеді. Тіпті, жеке көліктерге бейнетіркеуіш орнатуды ынталандырып, мысалы, сақтандыруда жеңілдік беру секілді механизмдер қарастырылуы мүмкін. Бесіншіден, жол инфрақұрылымын жетілдіру – әкімдік тарапынан жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді. Қауіпті учаскелерге аудит жүргізіп, қай жерде бағдаршам қою қажет, қай өткел жарықсыз – соның бәрін анықтап, нақты шешім қабылдау керек. Аулалар мен жаңа шағын аудандарда жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамыту – өмірге тікелей әсер ететін мәселе. Соңғысы – заңнамалық тетіктерді жетілдіру. Мас күйде көлік жүргізуге қатысты жаза қатал болғанымен, басқа да өрескел бұзушылықтарға қатысты жауапкершілікті күшейту, әсіресе міндетті қайта оқыту сияқты шараларды енгізу маңызды. Бұл ұсыныстардың барлығын ЖСДП партиясы Парламент деңгейінде де көтеруге дайын. Себебі жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – тек ереже ғана емес, адам өмірінің, отбасы тағдырының, бүтін қоғамның мәселесі, - деді Н. Дәуренбеков.

Осы ретте Ердәулет Жаукеев жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қоғаммен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, полиция мен камера барлық жерге бірдей үлгере алмайды, ал жолдағы тәртіп – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Егер тұрғындар немқұрайлы болмаса, жолда болған заң бұзушылықтарды елемей қоймай, уақтылы тиісті органдарға хабарлап отырса, нәтиже әлдеқайда тиімді болар еді. Әр ата-ана, әр жаяу жүргінші мен әрбір көлік жүргізушісі жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосуы қажет.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков те бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, жол-көлік апаты орын алып, адам қаза тапқаннан кейін ғана қоғам дүрлігеді, мәселе көтеріледі. Алайда мұндай қайғылы жағдайға жол бермес үшін ең алдымен күнделікті сақтық пен тәртіп қажет. Жол апатын тағдырға жүктей салу – жауапкершіліктен қашу. Бізге кінәліні емес, шешімді іздеу қажет. Бұл жерде басты рөл – мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестікте, – деді ол.

Бүгінгі жиын – аса маңызды, дер кезінде көтерілген тақырыптың алаңы. Жол қауіпсіздігі – бұл тек полицияның міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Біз күнделікті жұмыста жол апаттарының салдарын ғана емес, оның себебін де анықтап, оны азайту жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бірақ бір нәрсені ашық айтуымыз керек: камера бәріне үлгермейді, патруль де барлық көшеде қатар тұра алмайды. Ал тәртіпсіздік бір сәтте, бір бейқам сәтте орын алады. Сондықтан бұл іске әр азаматтың саналы араласуы қажет. Әр тұрғын, әр ата-ана, әрбір жүргізуші жолдағы тәртіпті сақтауға атсалысса ғана нәтиже болады. Біз заңмен емес, сана мен мәдениетпен әрекет етуіміз керек. Мен ЖСДП облыстық филиалы ұсынған ұсыныстарды толық қолдаймын. Олар – бүгінгі ахуалды терең сараптап, нақты әрі орындалуы мүмкін ұсыныстар жасап отыр. Автомектептердегі оқыту сапасынан бастап, мектеп маңындағы қауіпсіздікті күшейтуге дейін – бәрі дұрыс бағыттағы қадамдар. Бейнебақылау, инфрақұрылым, заңнамалық өзгерістер – бұлардың бәрі жүйелі түрде жүзеге асуы қажет. Сонымен қатар, біз полиция тарапынан қоғаммен байланысты тек есеп немесе хаттама арқылы ғана емес, ашық әрі тиімді диалог арқылы орнатуымыз керек деп санаймыз. Осы мақсатта менің бастамаммен әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен тікелей байланысқа шығу, жолдағы қауіпсіздікке қатысты қысқа, нақты әрі мағыналы әлеуметтік роликтер түсіру жобасы қолға алынып жатыр. Бұл роликтерде тек құрғақ ескерту емес, адамның жүрегіне жететін мазмұн, бейнеқисын, нақты жағдайлар қамтылуы тиіс. Яғни, полицияның жүзі қатал бақылаушы емес, қоғаммен бірге әрекет ететін серіктес ретінде көрінуі керек. Біз жол апаттарының статистикасын азайтуды ғана емес, жолдағы мәдениетті, адам өміріне деген құрметті арттыруды көздеп отырмыз. Бұл бағытта партия өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Себебі бүгінгі көтеріліп отырған мәселе – жай ресми жиын үшін емес, әр үйдің амандығы, әр баланың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Полиция – қоғамнан бөлек емес, қоғаммен бірге. Ал жол қауіпсіздігі – бір ғана саланың емес, бүкіл елдің тәртібі мен сана деңгейінің көрінісі, - деді Е. Жәукеев.

Жиын соңында ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы жол қауіпсіздігіне қатысты барлық ұсыныстарды жинақтап, Полиция департаментіне және тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтынын хабарлады. Бұл мәселе партияның тұрақты бақылауында болады. Себебі жолда жүрген әрбір азаматтың амандығы – қоғам мен мемлекеттің бірлескен әрі үйлесімді іс-қимылына тікелей байланысты.

Жол ережесі – бұл жай ғана заң емес, әрбір адамның өміріне кепілдік беретін қағида. Сондықтан бүгінгі жиында көтерілген әр ұсыныс пен пікір сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске айналуы тиіс. Жолдың басты мұраты – діттеген жерге аман жету. Ендеше, әр сапарымыздың соңын амандықпен аяқтау үшін баршамыз жауапкершілікпен әрекет етуіміз керек.

Ердәулет Сәрсенұлы ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының хатшысы