ЖСДП тұрғын үй ортасының бірыңғай сапа стандартын енгізуді ұсынады

ЖСДП фракциясының мүшесі Мақсұт Насибулов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке қалалар мен ауылдық елді мекендердегі тұрғын үй ортасының сапасына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Сауалда депутат мемлекеттік тұрғын үй құрылысы кезінде тек пәтермен қамтамасыз етуге ғана емес, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға да басымдық беру қажеттігін көтерді.

Мақсұт Насибуловтың айтуынша, кейбір тұрғын үйлердің айналасында балалар ойын алаңдары, спортпен шұғылданатын орындар, жаяу жүргіншілер жолдары, көгалдандыру мен сыртқы жарықтандыру секілді қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз. Бұл мәселе аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде де өзекті.

Осыған байланысты ЖСДП фракциясы тұрғын үй сапасына қойылатын бірыңғай ең төменгі стандарт енгізуді, жаңа құрылыс жобаларында абаттандыру мен қажетті инфрақұрылымды міндетті түрде қарастыруды және мемлекет қаржысы есебінен бұрын салынған тұрғын үйлерге тексеру жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ нақты орындалған жұмыстардың жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкестігін анықтау қажеттігі атап өтілді.

Депутаттың пікірінше, бірыңғай стандарт Астана мен облыс орталықтарында ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдарда да қолданылуы керек. Бұл ретте әр елді мекеннің ерекшеліктері ескеріліп, азаматтардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне қажетті базалық жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс.

Депутаттық сауалда тұрғын үй құрылысының нәтижесін тек пайдалануға берілген пәтерлер санымен емес, сол үйлерде тұратын азаматтарға жасалған өмір сүру жағдайымен бағалау қажеттігіне назар аударылды.

ЖСДП баспасөз қызметі