Арнайы экономикалық аймақтарға жұмсалған қаражат қайтарылған салықтан 50 млрд теңгеге көп

Мұндай деректерді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықованың 2023 жылғы 14 маусымдағы сауалына жауап ретінде келтірді.

Ол бүгінде елімізде 14 арнайы экономикалық аймақ құрылғанын, оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға 402 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Бұған дейін депутат Ажар Сағандықова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында барлық арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) тиімділігіне қатысты бағалау жүргізілгені айтылғанын және Үкіметке оларды дамытудың басқа саясатына түбегейлі көшуді тапсырғанын еске салған еді.

«Бастапқыда олар заманауи жоғары өнімді өндірістерді жедел дамытуға және экономика салаларында жаңа технологиялар енгізу үшін құрылды. Алайда қазіргі ахуалы қандай болып жатыр?», – деп Үкімет басшысына сұрақты төтесінен қойған еді халық қалаулысы.
Мәселен, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі барлық 20 өңірде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметіне талдау жүргізіп, нәтижесінде көптеген өңірде АЭА аумағында коммерциялық жобалар – автожуу, мейрамханалар, моншалар, ЖМҚБ (жанармай құю бекеті), коттедж қалашықтары салынғаны анықталған.

«Естеріңізге сала кетейік, арнайы экономикалық аймақ, ең алдымен, инновациялық жобаларды құру үшін жасалған еді. Мысалы, соңғы бес жылда бір ғана «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында жер учаскелерінің 70%-ы тұрғын үй мен тұруға арналмаған ғимараттар салуға бөлінген. Учаскелер ешқандай байқау рәсімісіз, шешім қабылдаудың қандай да бір шарттарысыз, кәсіпкерлердің ӘКК (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы) немесе әкімдікке тікелей жүгінуі арқылы ғана беріліп жатыр. Ал бұл тәжірибе Жер және Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келеді. Бұл заңдар инвестициялық (тауар өндіру) немесе инновациялыққа (жаңа өнім жасау) жатпайтын жобаны іске асыру үшін жер учаскесін ӘКК арқылы байқаудан тыс бөлуге тыйым салады», – деп атап өтті Ажар Сағандықова.

Сөйте тұра, жер учаскелерін өтеусіз алып отырғандарына әрі салық пен кедендік алымдардан босатылғандарына қарамастан, құрылыс компаниялары тұрғын үйді қазіргі нарықтық бағамен сатуда.

Мемлекет өз кезегінде, құрылыс салушыларға қандай да бір қарсы міндеттемелер қоймай отыр, сондай-ақ, 2011-2020 жылдары ғана олар 215 млрд теңге сомасында жеңілдіктер алған.

Конкурс өтпегендіктен ӘКК (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация) учаскенің құнын және мемлекетке өтеу сомасын ерікті түрде айқындап отыр. ӘКК қызметі бақыланбай келе жатқанына байланысты бұлар мақсатсыз пайдаланылуда екенін айтты мәжілісмен.

«Сондай-ақ, елордадағы екі ірі құрылыс компаниясы монополистердің қатарына кірмейтіні таң қалдырады. Монополияға қарсы ведомство BI Group пен BAZIS-тың нарықтағы үлесі 35%-дан аспайды деп отыр. Бұл – екі себепке байланысты осылай болып отыр: біріншіден – үлестік құрылыс нарығының басым бөлігі «көлеңкеде» жұмыс істейді. Қалыптасқан тәжірибеге байланысты монополияға қарсы органдар әкімдіктер рұқсат берген нысандарды ғана тексереді. Бірақ іс жүзінде салынған нысандар құжаттарда көрсетілген сандарға қарағанда үш есе көп. Екіншіден – құрылыс салушылар пәтерлерін көбінесе қосымша жеке компаниялар арқылы сатады және олардың бір-бірімен байланысы бар-жоғын дәлелдеу мүмкін емес. Сондықтан бұл нарық цифрландырылмай, монополияға қарсы бақылау шаралары іс жүзінде жүзеге аспайды. Осы аталғандарды ескере отырып, өндірістік жобаларды айтпағанда, жер учаскелерін конкурстан тыс беруді, оның ішінде АЭА арқылы беруді доғаруды ұсынамыз және учаскелерді бөлуге қатысты ӘКК қызметін регламенттеу қажеттілігі туындап тұр», – деді депутат.

Оның сөзінше, сараптамалық бағалау бойынша, осы уақытқа дейін жұмсалған күш-жігер мен қаражатқа қарамастан, барлық АЭА-лар бүгінде тиісті режимде жұмыс істемейді және о баста оларды құру кезінде жоспарланғандай, олар елдің экономикалық және технологиялық дамуының драйверлеріне айналған жоқ. Сондықтан арнайы экономикалық аймақтар құрылғаннан бері оларға қанша қаражат бөлінгенін және олар жыл сайын қанша салық төлейтінін сұрады.

Үкімет басшысы берген мәлімет бойынша, АЭА (арнайы экономикалық аймақ) жұмыс істеп келе жатқан бүкіл уақыт ішінде оның қатысушылары бюджетке салық аударымдары түрінде 352,9 млрд теңге төледі (2015 жылы – 82,5 млрд теңге, 2016 жылы – 23,5 млрд теңге, 2017 жылы – 17,9 млрд теңге, 2018 жылы – 24 млрд теңге, 2019 жылы – 26,4 млрд теңге, 2020 жылы – 45 млрд теңге, 2021 жылы – 56,5 млрд теңге, 2022 жылы – 56,9 млрд теңге), бұл сома барлық бөлінген бюджет қаражатының 87%-ын құрайды, яғни 1 бюджеттік теңгеге салық аударымдары түрінде 0,9 теңге қайтарылды.

Бұл ретте, Министрлер кабинеті басшысының мәліметінше, АЭА тартылған инвестициялар көлемі 2,7 трлн теңгеден асты. Осылайша, жұмсалған 1 бюджеттік теңгеге 6,7 теңге инвестиция әкелінді.

Депутаттың АЭА аппараты үшін қанша сома кетеді деген сұрағына Үкіметтегілер бұлыңғыр жауап берді. АЭА-ның басқарушы компанияларына жылына шамамен 3 млрд теңге жұмсалатынымен шектелді. Бұл ретте «өзін-өзі қамтамасыз етуде» деп көрсетілген «Оңтүстік», «Сарыарқа», «Қорғас – Шығыс қақпасы» және жекеменшік АЭА «Qyzyljar» деген төрт АЭА-ны ұстауға жұмсалатын сома көрсетілмеген.

АЭА аумағында құрылған инновациялық жобаларға қатысты сұраққа үкімет барлық АЭА аумағында 2,2 трлн теңгеге 317 инновациялық жоба іске қосылғанын және 23 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын хабарлады.

Сондай-ақ, 9,5 трлн теңгеге тағы 283 жоба іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұр.

Бұл «инновациялық» жобалардың ішінде қаптар мен полиэтилен пленкаларын шығаратын зауыт бар екен.

Премьер-министрдің мәліметінше, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының аумағында мынадай жобалар іске асырылуда:

«УПНК-ПВ» ЖШС – ауданы 27,3 га және 418 тұрақты жұмыс орны бар шикі мұнай коксын қыздыру орны. Бұл мұнай өңдеу кешенін дамытудың жаңа кезеңі;

«Металлогамма» ЖШС – ауданы 1,86 га және 243 тұрақты жұмыс орны бар алюмосиликатты микросфера өндірісі. Бұл минералды шикізатты қайта өңдеудің және алюмосиликатты қуыс микросфераның дайын өнімін шығарудың жаңа технологиясы.

«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында мына жобалар іске асырылуда:

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС – ауданы 161,5 га және 524 тұрақты жұмыс орны бар полипропилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешені. Бұл еліміздегі алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені;

«Полимер Продакшн» ЖШС – ауданы 15 га және 243 тұрақты жұмыс орны бар полимер өнімдерін шығаратын зауыт. Бұл Орталық Азиядағы полимер ыдысын (қаптар), полипропилен (БОПП) және полиэтилен пленкаларын шығаратын алғашқы ірі кәсіпорын.

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында келесі жобалар құрылды:

«KT Cloud Lab» ЖШС – ауданы 1,4 га және 679 тұрақты жұмыс орны бар IDC-дата орталығының ұйымы. Бұлттағы деректерді сақтау және өңдеудің алғашқы орталықтарының бірі.

«DOC Co.LTD» ЖШС – ауданы 1 га және 10 тұрақты жұмыс орны бар лазерлік принтерлерге арналған картридждерді сериясымен өндіруді ұйымдастыру. Компания – ел аумағында картридждерді алғашқы өндіруші.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы