Аудиторлар мемлекет жеке бизнеске әкімшілік кедергі жасап жатыр деп өкпелі

Бүгін депутат Наурыз Сайлаубай осы мәселені Парламент Мәжілісінде көтерді. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың атына жолдаған сауалында жекеменшік аудиторлар «Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің» құрылғанына қарсы екенін жеткізді.

-Жалпыұлттық социал-демократиялық партиямызға 30 мың бухгалтер мен аудитордың басын қосып отырған «Қазақстанның бухгалтерлер мен аудиторлар альянсының» өкілдері мемлекеттің жеке бизнеске кедергі жасап жатқанына шағым айтып келді. Наразылықтың тууына Қаржы министрлігі құрған «Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес» себеп болып отыр. Бұл Кеңес 2021 жылдың 6 шілдесінде күшіне енген «Аудиторлық қызмет туралы заңға» түзетулер енгізу нәтижесінде құрылған. Кеңірек тарқататын болсақ, аудиторлардың айтуынша, бұл Кәсіби кеңес Қаржы министрлігімен сыбайласқан, сапаны бақылау және аудиторларды аттестаттау бойынша қызметтерді атқаратын монополияға айналып келеді, − деді Наурыз Сайлаубай.

Депутаттың сөзінше, «Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес» аудиторлардың бизнесіне қосымша әкімшілік кедергі келтіріп отыр. Оны басқаратын да Қаржы министрінің орынбасары екен. Яғни, Кәсіби кеңес қызметінің бағытын, сондай-ақ «аудитор» деген біліктілік куәлігін алу үшін емтихан тапсыратын кандидаттардың сапасын бақылау мен аттестаттау сомасын министрліктің өкілі төраға болып отырған Кеңестің басқармасы айқындап, бекітеді. Ал 2021 жылдың 6 шілдесіне дейін бұл міндетті жекеменшік бизнес өкілдері, атап айтқанда, Кәсіби аудиторлық ұйымдар атқарып келген.

Республика бойынша мұндай 7 ұйым бар және әрқайсысының комиссия құрамына Қаржы министрлігінің өкілі кірген. Бірақ министрлік қазір жаңадан Кәсіптік кеңес құрып алып, жеке бизнестің нанын тартып алғандай болып жатыр. Мұнымен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де келісіп отыр екен. Себебі Кәсіптік кеңес жекеменшік аудиторлық ұйымдарды сапа бақылауынан өтуді міндеттеу арқылы бағалы қағаздар шығаратын ұйымдардың, қаржы ұйымдарының, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, жер қойнауын пайдаланушылардың (кең таралған пайдалы қазбаларды өндірушілерден басқа) жұмысына аудит жүргізуге қолдан шектеу жасап отыр.

Сыртқы сапаны бақылау және емтихандарды өткізу үшін төлем ставкасын ешқандай баламасыз 3 есе өсіріп жіберген. Бұрын жекеменшік ұйымдар өткізетін бір емтиханның құны орта есеппен 30 000 теңгенің айналасында болса, қазір Кәсіптік кеңесте 69 000 теңгені құрайды әрі емтихан саны көбейген, 6 рет тапсыруың керек.

− Ең қызығы, Кәсіптік кеңестің құрылғанына бақандай 2 жарымдай жыл өткенімен, әлі күнге дейін нарыққа бірде-бір аудитор шығармаған. Мұны қалай түсінуге болады? Өткен жылдың өзінде 30 аудиторлық ұйым жабылып, аудиторлар саны 58 адамға азайған. Сондықтан тәуелсіз аудиттің дамыту үшін аудиторлар Кәсіби кеңесті аудит пен жалпы бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауыл деп танып, жабуды сұрап отыр. Ал оның барлық функциясын бәсекелестік ортаға, яғни жеке кәсіби аудиторлық ұйымдарға қайтарылса екен дейді. Өз кезегімізде, «Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіптік кеңестен» ашықтықты қамтамасыз етуді және қаржылық есеп, құрылым құрамы туралы нақты ақпарат беруді сұраймыз, − деді мәжілісмен.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан Кәсіби кеңестің сайтында оның басқармасы бекіткен ішкі құжаттары неліктен жарияланбағанына, Кәсіби кеңестің өз ішінде қабылданған шешімдер Қаржы министрлігінің ғана емес, нарыққа қатысушылардың да мүддесін қорғайтынына қалай кепілдік беретініне, Қаржы министрлігінің уәкілетті өкілінің Кәсіптік кеңеске араласуы қаншалықты мүдделер қайшылығын туғызбайтынан жауап беруді сұрады.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы