Білім жолы мектептен басталады

Білім сапасы, білім ошақтарының күйі, мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға дайындығы және осы саладағы басқа да мың сан жұмыстармен қатар ұсыныстар ЖСДП Қызылорда филиалында өткен жиналыста айтылды.

Іс-шараға облыстық білім басқармасының басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, білім саласының ардагерлері қатысты.

Кездесуде маңызды ақпаратпен бөліскен спикерлер, өзекті мәселелерді талқылады. Маңызды жаңалықтардың бірі, облыста 24 жаңа білім беру ошақтарыныңы құрылысы жоспарланған. Бұл инфрақұрылымды дамытудағы және балалардың алаңсыз білім алуы үшін жасалған елеулі қадам.

Жиынға қатысушылар балалардың мектептен тыс уақыттағы тәртібіне қатысты мұғалімдер жауапкершілігін қарады. Түнде балалар қиындыққа тап болса, ата-ананы емес, мұғалімдерді кінәлайтыны, тіпті мектеп директорларының жұмыстан босатылатыны да айтылды. Бұл мәселе қайта қарауды және әділетті көзқарасты талап етеді.

Бүгінде мектеп бітірушілердің қосымша курстарды қажет ететіндігі білім беру сапасын нығайту шараларын қайта қарауды талап етеді. Сонымен қатар, балаларды мектепке қабылдау барысы талқыланды. Енді қабылдау белгілі бір санаттар бойынша жүргізіледі. Мысалы, төрт баланың бірі өзге ауданнан келіп оқитындарға арналады. Яғни, қала ішіндегі өзге ауданнан қатынап оқитындарға оңтайландыруды талап етеді.

Шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов жазғы тынығу лагерьлерінің жұмысына тоқталды.

Жалпы, өңірде 1-10 сыныпта оқитын 173 мыңнан астам оқушы бар. Бүгінде оның 98 пайызын жазғы тынығу лагері және еңбекпен қамту жоспарлануда. Облыс бойынша жазғы демалысты ұйымдастыруға 2518 педагог, 38 белсенді студенттер мен 23 ерікті тартылмақ. Одан бөлек, қала сыртындағы 8 лагерьде 7 мыңнан астам бала демалса, аймақтан тыс жерде орналасқан лагерьлерде 5 646 оқушы демалыспен қамтылмақ.

  • Білім беру мекемелерінде арнайы турникеттер, темір іздегіштер, скуд жүйе, мамандандырылған күзет қызметі қойылды. Қызылорда облысында 680 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді (621 балабақша, 59 шағын орталық). Онда 52 135 бала тәрбиеленіп, білім алуда. Мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны – 220, ондағы балалар саны – 19 632. Облыста 460 жекеменшік балабақша, контингенті – 32 503. Өңірдегі 295 мектептің 172-де инклюзивтік қолдау кабинеттері, 8 мектепте инклюзивтік ресурстық орталықтар ашылды. Тағы 14 инклюзивтік кабинет ашу жоспарланды. Облыста отбасы үлгісіндегі 1 балалар ауылы жұмыс істейді, онда 52 бала тәрбиеленуде, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Былтырғы жылдың шілдесінде ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы «Адал адам» ұғымын https://proorda.home.blog/2023/07/17/адал-адам/ мектеп бағдарламасына енгізуді жергілікті билікке ұсынған болатын. Оның нәтижесі бойынша биыл қаңтарда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжілісте өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінен жас ұрпақты отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін үйірмелері бар «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатынын айтты. Бұл орталықтар бүгінде біртіндеп ашылып, жас өрендерге жаңа идеологиялық бағыт беріп жатыр.

Жиналыс қорытындысы бойынша ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы мен Қызылорда облыстық білім басқармасы білім беру саласындағы мәселелер бойынша Ұсыныстарды ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының назарына салады.

Білім беру саласындағы мәселелер бойынша ҰСЫНЫС

  1. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жалпы орта білім беруден кейін кәсіптік және техникалық орта білім беру ұйымдарында бұзылысына қарай білім алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу мәселесін қарау; (Анықтама ретінде: менталды бұзылыстары бар балалар үшін кәсіптік колледждерде мамандықтар қарастырылмаған);
  2. Жеке мектептерде оқитын аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсету үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы ҚР Білім және ғылым министрінің 27.11.2017ж. №597 бұйрығына келесі толықтырулар енгізу заңдылығын қарау «ыстық тамақпен қамтамасыз ету және кітап сатып алу шығындарына қосымша коэффицент қолдану».
  3. Жеке арнайы білім беру ұйымдарында ерекше балаларға қолданатын әдістер мен құралдарды мемлекеттік арнайы білім беру ұйымдарында қолдануды заң аясында енгізу мүмкіндіктерін қарастыру;
  4. Жеке мектептерде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған іс-шараларды өткізу, мектепке орамал тағып келетін оқушыларға және ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін білім басқармасы тарапынан ұйымдастырылатын шараларды меншік нысанына қарамастан өткізуге кедергі келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тиісті құжаттарды қабылдау немесе нормативтерге өзгерістер енгізуді қарастыру;
  5. Мемлекетік бюджет есебінен салынып жатқан мемлекеттік мектептерде оқушылар санының жобалық қуатына толмай қалу қаупі бар.

Аталған мәселеге қатысты «Қаржы орталығы» тарапынан берілген түсіндірмеде, кәсіпкерлер жеке мектептерді салуды жоспарлаған кезінде жергілікті жердің оқушы орындарының қажеттілігін талдаудан бастауы керектігі, өйткені мемлекет мектептің толуына кепілдік бермейтіндігін хабарлаған. Жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс «Қаржы орталығы» АҚ арқылы тікелей орналастырылады, аудандар бойынша мектептерге қажеттілікті үйлестіретін жергілікті атқарушы органдар жаңадан пайдалануға берілетін жеке мектептер жайында хабарсыз.

Ұсыныс:

1) ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ алдағы уақытта, салынуы жоспарланған жеке мектептер бойынша алдын ала келісім-шарт жасасу барысында облыс әкімдігінің, жергілікті әкімдіктің, облыстық білім басқармасының жергілікті жердегі оқушы орындарының қажеттілігіне байланысты міндетті түрде келісімін алуға қатысты тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізу;

2) Кейбір кәсіпкерлер жеке мектептерді ашу барысында білім сапасына толық мән бермей, табыс табуды алдыңғы қатарға қоюда. Мектептің сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету мақсатында ғимаратты қабылдау актісінде айқындалған жоба құнына сәйкестігін анықтау. (жеке кәсіпкерлер құрылыс барысында ескі материалдарды пайдалануы және баға құнын өсіріп көрсетуі ықтимал).

  1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 2-тармағына сәйкес білім беру саласындағы атқарушы органдардың құзыреті белгіленген.

Яғни, облыстың жергілікті атқарушы органы: мемлекеттік тапсырыс негізінде техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін жыл сайын 1 тамызға дейін қағаз және электрондық жеткізгіштерде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуды және жеткізуді қамтамасыз етеді; Жыл сайын 1 тамызға дейін аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) орналасқан, мектепалды даярлықтың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, орта білім беру ұйымдарына оқу жылына білім беру органдары болжайтын көлемде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырады.

Қазіргі таңда мемлекеттік мектептегі артық тұрған оқулықтар жеке мектептерге актілеу арқылы 2023-2024 оқу жылының соңына дейін уақытша пайдалануға берілді.

Ұсыныс:

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жекеменшік мектеп оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз етуді;

  1. ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) талаптарына сәйкес Мемлекеттік білім беру ұйымының педагог лауазымына орналасуға конкурс өткізу тәртібі белгіленген.

Қағидалардың 134-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады.

Осы орайда, жаңадан бітірген жас кадрларды жұмыспен қамту және педагог статусы бар мамандарды білім беру ұйымдарына (жаңадан ашылған білім беру ұйымдарынан басқа) ауыстыру қамтылмаған.

Ұсыныс:

Қағидаларға жаңадан бітірген жас кадрларды жұмыспен қамтуды және педагог статусы бар мамандарды бір ұйымнан басқа білім беру ұйымдарына ауыстыру нормасын енгізуді.

  1. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығымен бекітілген Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге және балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларының 24-тармағына сәйкес Мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдарда қаржы жылында бір рет осы Қағидалардың шарттарын сақтау және қамтамасыз ету бойынша жоспарлы мониторинг жүргізіледі.

Анықтама үшін: ҚР Оқу-ағарту министрінің 27.08.2022 ж. №381 бұйрығының 1-параграф, 24-тармағына сәйкес, білім беруді басқару органдарының (қала/аудандық білім бөлімдері) мектепке дейінгі ұйымдарда қаржы жылында бір рет ғана жоспарлы мониторинг жүргізеді. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді.

Ұсыныс:

Қағидаларға өзгеріс енгізу арқылы «қаржы жылында бір рет» деген сөздер «қаржы жылының тоқсанында бір рет» деген сөздермен ауыстыруды.

  1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-22) тармақшасына сәйкес Білім беру саласындағы уәкілетті органмен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындауды және лауазымнан босатуды келіседі; Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабының 2-тармағының 22) тармақшасына сәйкес Облыстық атқарушы орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша облыстық білім беруді басқару органының бірінші басшысын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады; Осы Заңның 6-1-бабының 2-тармағына сәйкес Облыстық білім беруді басқару органдары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады. «Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы № 40 бұйрығының (бұдан әрі – Бұйрық) 8-тармағына сәйкес Денешынықтыру және спорт, білім, мәдениет және денсаулық сақтау бойынша жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың бірінші басшыларының лауазымдарына конкурс әңгімелесу кезеңінің алдында конкурсқа қатысушыларды дене шынықтыру және спорт, білім, мәдениет және денсаулық сақтау мәселелері бойынша жетекшілік ететін салалық министрліктермен келісудің кезеңін қамтиды. Келісудің теріс нәтижесі бар қорытынды кандидаттарды конкурс комиссиясымен әңгімелесуге жібермеуге негіз болып табылмайды.

Білім басқармасының, білім бөлімдерінің бірінші басшыларының лауазымдарына конкурс әңгімелесуінің алдында конкурсқа қатысушыларды министрлікпен келіседі. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) екі жұмыс күні ішінде біліктілік талаптарына сәйкес келетін конкурсқа қатысушылар құжаттарының электронды түрдегі көшірмелерін жолдайды. Министрлік үш жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысушылармен сұхбат жүргізеді. Нәтижесі екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік органға жолданады. Дегенмен, теріс нәтижесі бар кандидаттарды әңгімелесуге жібермеуге негіз болып табылмайды.

Ұсыныс:

Министрліктен теріс қорытынды алған кандидаттың облыстың білім басқармасының басшысын әкімдік өкімімен, сондай-ақ білім бөлімдерінің басшыларын облыстық білім басқармасының бұйрығымен лауазымға тағайындау құзыреті берілгендіктен министрліктен келісім алу жұмыстары тиімсіз екендігін ескере отырып, ҚР Білім туралы Заңының 5-бабы 46-22) тармақшасын, 6-бабы 2-тармағының 22) тармақшасын, 6-1-бабы 2-тармағын алып тастауды және «Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығының 8-тармағындағы білім саласындағы бірінші басшыларын уәкілетті органмен келісу мәселесін алып тастауды.

  1. Білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын басқа елді мекенде орналасқан білім беру ұйымы басшысының лауазымына ауыстыру мәселесі Ауылдық елді мекендердің басым көпшілігінде бала санына орай бір ғана білім беру ұйымы (мектеп) орналасқан. Ал, осы білім беру ұйымдарының (мектептің) басым көпшілігінде 15-20 жылдан аса басқарған басшылар бар.

ҚР БжҒМ-нің 11.11.2021 жылғы №559 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларының 3-тармағына сәйкес бірінші басшыларды ротациялау тек бір елді мекен шегінде жүзеге асырылады. Бұйрыққа сәйкес бір елді мекен шегінде орналасқан мектеп басшылары басқа елді мекендегі мектепке ротациялауға жатпайды.

Мекемені ұзақ жылдар басқару адамның бастамашыл идеясы мен жұмысқа деген ынтасын төмендетеді. Сәйкесінше, басшыларды ротациялау сала дамуына тың серпін береді. Бұл өз кезегінде қосымша конкурстық процедуралар өткізбей, ұйым басшысын тағайындауға мүмкіндік жасалады.

Ұсыныс:

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 38-бабының 2-тармағына сәйкес жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыруға жұмыскердің келісімімен жол беріледі, ол еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізумен және жұмыс берушінің актісімен ресімделетіндігі белгіленген.

Осы ретте, «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 21.02.2012 жылғы №57 бұйрығын аталған Кодекс талаптарына сәйкестендіру арқылы білім беру ұйымдарының ұзақ жылдар басқарған басшыларын ауыстыру нормасын енгізуді ұсынамыз.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы

Смотрите также:
Депутатские запросы