Депутат Сайлаубай су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға баспана алуға жеңілдік қарастыру керектігін айтты

Бүгін депутат Наурыз Сайлаубай елді-мекендерді су басу жағдайына байланысты сондағы жергілікті жұртқа ипотекамен баспана алуға жеңілдік жасау керек мәселе көтерді.

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында былай деді: «Биылғы көктем бүкіл ел үшін үлкен қиындықтар алып келгені баршаңызға мәлім. Әлі күнге дейін судың деңгейі әр өңірде әртүрлі. Халық абдырап, абыр-сабыр болып жатқанда басқа нәрсемен айналысып, бас қатыратын хәлде емес.Осыған байланысты менің айтпағым «Отбасы банкі» арқылы 1 мамырдан бастау алатын «Наурыз» ипотекалық бағдарламасын өңірлердегі төтенше жағдай тұрақталғанша кейінге шегеру қажет. Кем дегенде, 1 маусымнан бастау алу керек», — деді депутат.

Оның айтуынша, құжатынан айырылған азаматтарға бұл бағдарламаға қатысу қиындық туғызуы мүмкін және болашақта су басқан ауыл, аудан, қала тұрғындары өзінің тұрғылықты жерінен көшкісі келсе, оларға басқа қалалар мен елді-мекендерден арнайы квота ретінде бірінші және екінші нарықтан да тұрғын үй алуға рұқсат беруді талап етті.

«Бұл 1-ші талабымыз. 2-шісі ұсыныс: елде жарты жолда талаптарын өзгерте салатын түрлі ипотекалық бағдарламалар бар. Бірақ банк қойған қойылған ережелерді орындай алмай, түрлі себептермен үй ала алмай жүрген табысы аз азаматтар өте көп. Мысалға, жалақының жетпеуі және алғашқы жарнаны жинай алмауы тұсау болып тұр. Мәселен, жаңа ипоткалық бағдарламаға бөлінген 300 миллиард теңгеніңде игерілмей қалуының қауіпі бар. Төлемақы қабілеттерін растау қиындық туғызуда. Ол үшін бір отбасында жоғары жалақы болуы қажет. Үй аламын деп ниеттенген азаматтардың жартысынан көбі, өкінішке орай, жоғары жалақы алмайды. Болашақта түрлі бағдарламаларды шығару кезінде, министрлік, халықпен санасуларыңыз қажет. Комиссия тізіміне түрлі сарапшылар, экономистер мен тұрғын үй саласында халықпен тікелей жұмыс істеп жүрген мамандарды да қосуларыңызды сұраймыз. Осы ұсыныстар мен талаптар ескеріледі деген сенімдеміз», — деп атап өтті.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы