Депутат Әуесбаев: «Жемқорлықтың кесірінен халықтың мемлекет реформаларына деген сенім деңгейі төмендеп жатыр»

Бүгін Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» тақырыбында комитеттің отырысын өткізді. Отырыс кезінде ЖСДП-ның Парламенттегі фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев жемқорлықтың жолын кесуге қатысты ойын айтты.

Оның сөзінше, жемқорлық әлеуметтік-экономикалық дамуды тежеуде, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына теріс әсер етуде, елдің болашақ дамуына қауіп төндіріп жатыр. Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше 2023 жылы әлеуметтік салада 311 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген, оның 95 адамы сотталған. Оның тіркелмегені қаншама!?

«Біз күнделікті жаңалықтардан бір шенеуніктің мемлекеттен млрд ақша ұрлағаны, енді біреуі пара бергені, оның келесісі мемлекетке тиесілі нысандарды туыстарының атына аударғаны үшін ұсталғанын естудеміз. Айта берсек мұндай мысал өте көп! Бірақ бұл шенеуніктер мен басшыларды тоқтатпай жатқанын көріп отырмыз! Әрине, миллиардтарды ұрлағаны үшін сотталғанымен, бір-екі жылдан кейін мерзімінен бұрын босатылса, қандай әділдік туралы айтуға болады?! Көптеген адам ұрлаған байлықтарын көрсетуден де ұялмайды. Біздің шенеуніктер халықтың қызметшісі ретінде емес, қожайын ретінде әрекет етсе, ешқандай сәтті реформа болмайды!», ‒ деп атап өтті депутат Нұрлан Әуесбаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жемқорлықтың кесірінен мемлекет әлеуметтік салада жүргізіп жатқан реформаларға халықтың сенім деңгейі төмендеп жатыр. Сондай-ақ, қоғамда мемлекеттік қызметшілердің біліктілік деңгейі төмен деген стереотип қалыптасқан, бұл мемлекеттік биліктің беделін түсіруге ықпал етуде.

«Жемқорлық бізден тек қана ақша ұрлап отырған жоқ, жемқорлық біздің балаларымыздың болашағын ұрлап отыр. Осы жылға әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге бөлінді, оның ішінде білімге – 1,01 трлн тенге, денсаулыққа – 2,38 трлн тенге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға – 5,42 трлн тенге. Бұл – қомақты қаражат. Енді оны тиімді пайдалану, халықтың игілігіне жұмсау осында отырғандардың, атап айтқанда, жауапты министрліктер мен ведомстволардың тікелей міндеті.

Сондықтан, біріншіден, мемлекет мүддесіне орасан зор зиян келтіретін cыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресіп қана қоймай, оны тудыратын жағдайлар мен себептерді азайту қажет;

екіншіден, мемлекеттік сатып алулар кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін тұрақты жұмыс жүргізу қажет;

үшіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күресуде азаматтық қоғамның рөлін күшейту, яғни халықтың пікірін есепке алу, қоғамдық бақылау институтын дамыту, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлау тетіктерін жақсарту керек;

төртіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін үздіксіз жүргізу қажет;

бесіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруді ұсынамын және біз осы бағыттан таймаймыз! Бізге кері жол жоқ!», ‒ деді депутат.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы