Маңғыстау жастары спортқа қызығушылық танытты

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Маңғыстау облысы филиалының ұйымдастыруымен Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледж студенттері Ақтау қаласының тумасы, халықаралық белгілі ММА спортшысы Қанат Құлмағамбетовпен кездесті.

Мұндағы мақсат – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, әскери-патриоттық рухты дамыту, өз кәсібінің шебері болған еліміздің тұлғаларын насихаттау, нашақорлыққа жол бермеу.

Кездесу барысында жастар көкейкесті сұрақтарын қойып, спортшымен пікір алмасты. Қанат Құлмағамбетов әрбір азамат өз өміріне деген жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін айтып, ер жігіттерге Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге баруға кеңес берді.

«Мен өзімді әскерде таптым, қандай іске қабілетті екенімді сонда жүріп білдім. Әскерден келгесін спортты тастамай, ары қарай шұғылдана бердім. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, тәртіпке бағынған құл болмайды. Сондықтан өзіңді тәртіпке үйрету – бірінші орында. Күнделікті ерте тұруың, өзің үшін шынығуың – алдағы өмірде үлкен белестерді бағындырудың бастамасы», – деп жастардың спортқа деген құлшынысын оятты.

Колледж студенті Ярас Ұлықбектің «Егер спортты таңдамағанда, қандай жолға түсер едіңіз?» деген сұрағына жауап берген спортшы: «Қандай білім алсам да, денсаулығым үшін дене шынықтыруды тастамас едім. Жалпы, қазіргі таңда білімді болсаң, алынбайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ», – деді.

Өзінің жеткен жетістіктерімен қоса, өмірден түйгені мен ақыл-кеңесін айтқан Қанат Құлмағамбетов жиналған жас буынды «барлық үміт жастарда» деп жігерлендіре түсті.

Жиын қорытындысында ЖСДП-ның Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мыңбаев:

«Ел болам десең, бесігіңді түзе деген сөз бар. Бірақ бесігіңді түзеу үшін алдымен өзіңді түзеуің керек. Сондықтан айналаңды жақсы жаққа өзгерту үшін әркім өзінен бастауы тиіс», – деп ойын қосты.

ЖСДП Маңғыстау облысы филиалы

Смотрите также:
Депутатские запросы