Қоғамдық кеңестердің пайдасы қандай?

2016 жылы елімізде билік пен қоғам арасындағы көпір ретінде қоғамдық кеңестер пайда болған болатын. Оның қоғамдағы рөлі қандай? Сол кеңестер жөнінде ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы және де облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Мейрамбек Камалов кеңінен тарқатты.

– Жалпы қоғамдық кеңестер турасында әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Біреулері бұны билік пен халықтың арасындағы көпір десе, екіншілері көз алдаушылық дейді. Сіз не ойлайсыз?

– Қоғамдық бақылаудың қандай болмасын формасының болуы – қоғам дамуының алғышарттары. Жалпы саяси тұрғыда дамығысы келген басшы жанына сауатты мамандармен қатар, ақыл-кеңес беретіндерді топтастыра алады, ал болашағы бұлыңғыр, көз алдындағысын көрмейтін басшылар өзіне сыни пікір айтатындарды алыстатып, өзінің пікірінен басқаны қабылдай алмай, құрдымға кететіні сөзсіз. Сондықтан биліктің қоғамдық кеңестер құру туралы бастамасы құптарлық іс.

– Сол қоғамдық кеңестерге тек басшыға жағатын немесе соларға жақын тұлғалар ғана мүше болуда деген алып-қашпа әңгіме бар. Сіз қалайша оппозициялық партия өкілі бола тұра, қоғамдық кеңеске мүше болдыңыз?

– Шыны керек, мен облыстық филиалға жетекшілік ете отырып, 2016 жылы алғаш рет Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің құрамына өту үшін құжат тапсырғанмын. Өкінішке қарай, менің кандидатурам қолдау таппады, не өткізбеді деп айта аламын. Сөйтіп жүргенде, сол кездегі Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы болған С.Шынтасова хабарласып, жаңадан қалыптасып жатқан қалалық қоғамдық кеңеске мүше болу үшін құжат тапсыруымды сұрады. С.Шынтасовамен менің ешқандай жақындығым да, жеке таныстығым да жоқ еді. Түскен ұсынысқа ойлана келе, құжатымды тапсырып, ақыры сол кеңес құрамына өттім. Сол кездері әріптестерімнің арасында: «Сен партияның облыстық филиалының төрағасысың, қалалық қоғамдық кеңеске неге бардың?» деушілер де болды. Сол кезде маған, ең алдымен, тәжірибе жинақтау қажет болды. Орыннан ұшып тұрып, не басы, не аяғы жоқ сауал жолдау менің қасиетім емес екенін білемін. Одан да жергілікті атқарушы органдардың жұмысына терең үңіліп, басқа қырынан көруге ұмтылдым. Облыстық филиалды басқарсам да, атақ пен мансапқа мас болмай, қаламыздың дамуына, гүлденуіне аз болса да пайдамды тигізейін деген мақсатпен сол кеңесте 2 шақырылым бойы мүшелік еттім. Кеңес отырыстарында өңірдегі маңызды мәселелерді қала басшылығы алдында мейлінше өткір қоя білдім. Оған әріптестерім куә.

Кейіннен қалалық қоғамдық кеңесте құрылған тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым жөніндегі комиссияға басшылық етіп, кеңес құрамындағы мүшелігімді аяқтадым. Ал 2022 жылы Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңес қатарына ендім. Қазір Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесімін.

– Халық қалаулылары – депутаттар тұрғанда, қоғамдық кеңестің керегі не? Олардың айырмашылығы неде?

– Орынды сұрақ. Мәслихат, не Парламент депутаттарының барлығы бірдей орталық сайлау комиссиясының мандатына ие болғанымен, ең басты мандат – шынайы халықтық мандатқа ие деп айта алмаймын. Депутаттар арасында тамыр-таныстықпен, не басқа да тәсілдерді пайдалана отырып депутат болғандар аз емес. Ондай депутаттар мәслихатта да, мәжілісте де жетерлік. Қазіргі депутаттардың мойнына артылатын жүк бұрыңғыларға қарағанда артты. Билік – сапалы парламентке мұқтаж. Сапалы, ықпалды Парламент болғанда ғана, еліміз дамудың жаңа кезеңіне көше алады. Ал болмашы, алдамшылық іспен айналысып, сөз шеберіне айналған майталман депутаттар – қоғам дамуын тежеушілер. Соны түсінген билік мәслихаттарға балама күш ретінде қоғамдық кеңестерді құрды. Егер мәслихаттар мен мәжіліс депутаттары өз деңгейінде еңбек етсе, қоғамдық кеңестерге мұқтаждық болмас еді. Қоғамдық кеңестер құрылған соң, мәслихат депутаттары белсенділік таныта бастағанын аңғаруға болады. Жалпы, аудандық, қалалық деңгейде толықтай, облыстық және мәжіліс деңгейінде жартылай мажоритарлық сайлау жүйесіне өту депутаттыққа кандидаттар арасындағы белсенділікті арттыра түсті. Мажоритарлық сайлау жүйесіне толықтай өту болашақтың ісі дегенмен, оны кешіктіре берудің қажеті жоқ. Сонда ғана партиялық құрылымдағы бюрократиялық шешімдер емес, халықтың қалауы болар еді. Депутаттардың қолында қандай да бір мемлекеттік бағдарламаларға ықпал ету тетігі бар болғанымен, оны қолдана қоймайды. Ал қоғамдық кеңестер тек талқылау және кеңес берумен шектеледі.
– Қоғамдық кеңес жұмыстарын белсенді ету үшін не істеу керек?

– Жақында еліміздегі белді қоғамдық ұйымның бірі «Еркіндік қанаты» ҚҚ қоғамдық кеңестердің тиімділігіне қатысты үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сол зерттеуге сәйкес, қоғамдық кеңеске қатысты келесі мәселелерді атап өтуге болады. Олар: кеңес мүшелерінің қызмет тиімділігіне баға берілмеуі, қоғамдық кеңес пен халықтың арасында нақты бекітілген жүйелі байланыс құралының болмауы, мәслихатқа тәуелділігі, кеңес құрамына өту барысындағы ашықтықтың жоқтығы (бұл зерттеу туралы мына сілтемеден таба аласыз: https://erkindikqanaty.com/research). Меніңше қоғамдық кеңестердің өз деңгейінде қызмет етуі үшін қазіргі жағдайда 2 алғышарт қажет: біріншісі – қоғамдық кеңестерге заң жүзінде ықпал ету тетігін беру, екіншісі – өңір басшысының саяси ерік жігері. Осы екі компонент бірге әрекет етпейінше, қоғамдық кеңес өз деңгейінде қызметін атқара алмайды деуге болады.

– Жалпы, азаматтық қоғам дамуына қандай баға бересіз?

– Елімізде азаматтық қоғам дамуында оң өзгерістер байқалады. Нақты көзге көрінерлік өзгерістер болмағанымен, биліктің халық сөзіне құлақ асу талпынысы қуантады. Дегенмен, мемлекеттің даму стратегиясы мен оның жүзеге асырылуы кей жағдайларда бір-біріне қарама қайшы болатын тұстары да бар. Қанша жерден әділетті, демократиялық қоғам құрмақ болып талпынғанмен, ескі Қазақстанның элементтері сүйретіліп әлі келеді. Мүмкін, бұған да біршама уақыт керек болатын шығар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Смотрите также:
Депутатские запросы