Жастарға қолдау қажет

Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының жастармен кездесті. Кездесуде студент кезінде "Жасыл ел" еңбек жасағында жұмыс істеп, еңбек жолы жастар бағытында басталғандықтан, жастар саясатына айрықша назар аударатынын жеткізді.

Жастар бос уақытты тиімді өткізуге септігін тигізетін «Жасыл ел» еңбек жасақтары жобасын одан әрі дамытуды ұсынды. Олар 1800 адамды қамтитын жобаның көлемін екі есеге арттырып, 3500-ге ұлғайту қажет деп санайды.

Кездесу барысында жастар ресурстық орталығының қызметкері Еркебұлат Тағанов жастар саясаты саласындағы қызметкерлердің жалақы мөлшерінің төмендігінен білімді, талапты жастардың бұл салаға қызығушылығының аздығын, адам тұрақтамайтынын жеткізді. Жас мамандардың жалақыларын көтеріп, әрі қарай даму үшін әлеуметтік лифттер мен әлеуметтік қолдау көрсетілуі қажет. Сонымен қатар, жастармен жұмыс жасайтын мамандарға пәтер алу бойынша жеңілдіктер қарастырылса деген лебізін білдірді.

"Ақтөбе облысы бойынша жастар саясаты саласындағы мамандардың жетіспеушілігі байқалады", - дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірхан Ермағанбетов. Оның сөзінше, облыс бойынша 270 мыңнан астам жас бар, ал олармен жұмыс жасайтын мамандардың саны небәрі 80-ге жуық. Қаладан бөлек, аудандардағы жастар ресурстық орталықтары көбіне аудандық әкімдікке бағынады, әкімдік тапсырмаларын орындайды. Сондықтан да, жастармен айналысатын мамандарды және штат санын көбейту қажет.

Тағы бір мәселе – кадр тұрақсыздығы. Оның басты факторы жалақының төмен болуы. Жастарға тиісті деңгейде қолдау көрсету мүмкіндігі жоқ. Жастарды қолдау бағдарламалары бойынша берілетін грант немесе жеңілдетілген несие мөлшері де жеткіліксіз екені де тілге тиек етілді. Кездесуде айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелерді тыңдаған Наурыз Саятұлы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан жастарды қолдауға ерекше назар аударатынын жеткізіп, бастамалары мен жұмыстарына сәттілік тіледі.

Смотрите также:
Депутатские запросы