Жол қатынасы – адам денсаулығы мен өмірінің қалыпты болуына себепті факторлардың бірі. Cебебі ой-шұңқырсыз тақтайдай сапалы жол болса, жолаушы діттеген жеріне тез арада, еш бейнет көрмей жетеді. Ал қиқы-шиқы жолдың жол апатына душар ететіні, көліктің істен шығуына алып келетінін айтпаса да түсінікті. Тіптен соның салдарынан қаншама адам көз жұматыны өкінішті.
Абай облысы облыстық статус алғаннан бері Семей өңірінде әр салаға, оның ішінде жолдарды жөндеуге айтарлықтай қаржы бөліне бастағаны қуантарлық. Бұл алыс елдімекендерге жол қатынасының біршама жақсаруына септігін тигізеді. Оған «Абай облысы Семей қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Медет Қажымұратұлы Алтаевтың сөзі дәлел бола алады.
Оның айтуынша, егер былтырғы жылы жолға жұмсалатын шығын көлемі 4,5 млрд теңге болса, биыл бөлінген қаржы көлемі 9,9 млрд теңгеге дейін артқан. Абай облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Нұржан 2023 жылы аудандық, жергілікті, облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жөнделгенін атап өтті.
Облыстағы жолдардың жөнделуіне бөлінген 16 млрд теңгенің 3,2 миллиарды облыстық бюджеттен, 12,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған. Бөлінген қаражатқа облыстық мәнге ие ұзындығы 97 шақырым жолдың 9 учаскесі жөнделген. Ал ауданаралық жолдардың 138 шақырымына, яғни 25 учаскесіне 5,4 млрд теңге қарастырылған. Тоқетері 17 жоба аяқталған.
Сондай-ақ, ұзындығы 9 км республикалық маңызы бар жол учаскесіне жөндеу жүргізілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қазір ауыл ішіндегі 77 км жол учаскесіне жөндеу жүргізіліп жатыр. 28 жоба бойынша жұмыстар аяқталған. Талап бойынша барлық жоба биыл 30 қазанында аяқталуы тиіс.
Ал жөнделген жолдарға келетін болсақ, Қарауылдан Қоңыр әулие бұрылысына дейін, Семей-Долонь-Қоянбай, Новобаженово мен Шүлбі, Зубаир мен Петропавловка, Барлық Арасан мен Алакөлге асфальт төселді.
Аудандық маңызы бар жолдар бойынша Жарқын, Шаған, Қыземшек, Верхне-Березевский, Медеу, Орда, Малтыкөл, Дөненбей, Айғыз, Кіндікті, Тана мырза, Өндіріс, Жыланды, Қарабас, Буркотово, Шұғылбай, Толағай жолдары жөнделді.
Сондай-ақ, жергілікті әкімдік аспалы көпірге жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев тілшілерге берген сұхбатында жергілікті тұрғындар жұмыстың сапасын тексере алатынын алға тартты. Оның сөзінше, Омбы-Майқапшағай аралығындағы жолдар 2025 жылы толығымен аяқталады. Ал Алакөлге дейінгі жол толығымен келесі жылы аяқталатын көрінеді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалының белсенділері партия тарапынан Семей өңірі бойынша жөнделмеген жолдарды бақылауда ұстайды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалы