Мемлекеттік тіл күніне орай, ЖСДП-ның Алматы қалалық филиалы «Қазақстан болашағы қазақ тілінде атты» кездесу ұйымдастырды.
Мұхтар Шаханов – Қазақстанның халық жазушы ғана емес, ол қазақ халқының ар-ожданы мен абыройы. Шаханов қоғамдық-саяси бағытта ақиқат, әділдік үшін, Қазақстанның болашағы үшін күрескен тұлға. Оның жұмысы үш негізгі құндылыққа – гуманизм, демократиялық дәстүрлер және ар-намыс пен адалдыққа негізделген.
Өмірден көргені мен түйгені мол адаммен сөйлесу рухани ләззат сыйлап қана қоймай, мол тәжірибе жинақтауға көмектесуі мүмкін. Мұхтар Шахановпен кездесу оқушылар үшін осындай сәт болды. Жазушы кездесу барысында оқушылармен өзінің өмір тарихы және тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, өзінің бірнеше өлеңін оқыды. Ал оқушылар авторға өлеңдері мен жазушыға арналған арнауын оқыды.
Іс-шара барысында мемлекеттік тіл тақырыбы талқыланды. Кезінде Мұхтар Шаханов депутат ретінде тіл мәселесімен айналысатын «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысын басқарды, сондай-ақ, жазушы қазақ тілінің мәртебесін көтеру бойынша Парламент отырыстарында депутаттық сауалдар жолдады. Табандылығы мен күрескерлігінің арқасында көптеген проблемалар шешімін тапты. Атап айтар болсақ, қазақ тілі Ата заңда мемлекеттік тіл болып бекітілді, елімізде 1988 жылдан бастап Наурыз мейрамы тойланып келеді. Қазақ жұрты үшін Шаханов батырлық пен қайсарлықтың, әділдік пен шыншылдықтың, тазалық пен турашылдықтың каһарманы.
Ұрпақтар сабақтастығы әрбір жас шоғырланған орындарда өз жалғасын табуы тиіс. Кездесу соңында ақын жастарға қолтаңбасы бар кітабын сыйға тартты.
ЖСДП Алматы қаласының филиалы