Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы әрдайым қоғам белсенділерімен, саяси қайраткерлерімен дәстүрлі кездесу өткізіп тұрады. Бүгін қоғамдық-саяси қайраткер, ҚР ҰҒА академигі, ғалым, спортшы, көптеген ғылыми және әдеби еңбектердің авторы, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сабденұлы Сабден партиямыздың қонағы болды. Кездесу ЖСДП-ның жас мүшелерімен диалог түрінде өтті.
Қайраткер өмірбаянымен, қалыптасу жолымен, Қазақстан экономикасының жолына деген көзқарасымен бөлісті. Бұралаңы көп саяси-қоғамдық жолда із қалдыру оңай емес, оны күрескер азаматтар жасай алады. Оразалы Сабденұлы тәуелсіздік алудың басында еліміздегі көптеген оң өзгерістердің бастамашысы болды. Мәселен, баршаға белгілі «Болашақ» бағдарламасы, «Қазақстан-Британ университетінің» ашылуы және Ұлыбританиямен ынтымақтастық орнату, құрылтай құру идеясы және т.б. Оның пікірінше, Түркістан қаласы мен Түркістан облысының дамуы арқылы Ұлы Жібек жолын жаңғырту қажет. Туристерді осы аймаққа тарту үшін Лондондағы Британдық бейбітшілік мұражайы сияқты тегін мұражай ашу ұсынылды.
Әрине, біздің экономикамызды жақсартудың бір аспектісі – елдегі өндірістік кәсіпорындар санының артуы. Осыған орай, диалог барысында сыртқы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды. Түркітілдес елдердің бірігуі арқылы ортақ тарихты зерделеу, бірлескен жобалар құру қажеттігі айтылды. Оразалы Сабденұлы 97 монография жазды, қазіргі уақытта ғалым «Өркениеттің жаңа дәуірі» атты кітабын жазу жұмысымен айналысуда. Сондай-ақ, ол кездесу қатысушыларына «Қоғам дерті», «Қазақстанның сара жолы» (орыс тіліне аудармасы «Книга мысли»), «Әлем, түркі өркениеті. Қазақстан және болашақтың концепциясы» сияқты соңғы еңбектері туралы сыр шертті. «Әлем, түркі өркениеті. Қазақстан және болашақтың концепциясынан» автордың қай бағытта дамуды ұсынатынын және еліміздің жарқын болашағы үшін қандай стратегия ұстану керектігін білуге болады.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу әсерлі өтті. Академик еліміздің өркендеуіне жас ұрпақтың тигізер үлесі мол екеніне сенім білдірді.
ЖСДП Алматы Баспасөз қызметі