ЖСДП-ның Алматы қалалық филиалының белсенділері қаланың солтүстік бөлігінің тұрғындарынан олардың өміріне әсер ететін мәселелерге қатысты сауалнама жүргізді.
Сауалнама барысында екі мәселе белгілі болды. Біріншісі, Баум тоғайының жағдайы. Баум тоғайы Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарын байланыстырады, Сейфуллин мен Сүйінбай даңғылдарының арасында орналасқан. Қазіргі уақытта тоғай қараусыз жатыр, барлық жерде қоқыс, шіріген ағаштардан аяқ алып жүре алмайсын. Тұрғындардың айтуынша жарықтандыру нашар, журуге қауіпті, балалар үшін үлкен саябақ жоқ. Серуендеу үшін тұрғындар басқа аудандарға баруға мәжбүр.
Екінші мәселе, қаладағы метро солтүстік бағытқа қарай ашыла ма? Қаланың бұл төменгі бөлігінде бітпейтін кептеліс, жұмысқа қатынауы өте қиын. Тұрғындарды Алматының Райымбек батыр көшесінің төменгі бөлігі қашан дамиды деген сұрақ мазалап отыр.
Қазіргі таңда, солтүстік бағытта метро құрылысы жоспарланған. Алматы-2 мен Алматы-1 арасы темір жол рельсімен жалғасқан. Дайын жолдың жанынан метро желісін салуға өте ыңғайлы. Алайда мұның бәрі әзірге тек жоспарда ғана және құрылысы қашан басталып, қай кезде аяқталатынының нақты күндері белгісіз.
Партияның Алматы қалалық филиалы мамандармен кеңесе келе, мынадай бірнеше ұсыныс жасайды: Қаланың төменгі бөлігінде тұратын тұрғындарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Қала деңгейінде өтетін үлкен іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар қаланың төменгі жағында да болғаны маңызды. Қаланың солтүстік (төменгі) және оңтүстік (жоғарғы) бөліктері арасында білім беру, мәдени нысандар мен саябақтарда теңгерімсіздік болмауы керек. Қаланың осы бөлігінде инфрақұрылымды дамыту және өмір сүру жағдайларын жақсарту ауадай қажет. Сондай-ақ, метро шығыстан батысқа қарай емес, оңтүстіктен солтүстікке қарай да ашылуы керек. Алматы-1 темір жол бағытында ашылған метро желісі қаланың сыртында тұратын азаматтар үшін де маңызды.
ЖСДП Алматы филиалы