Атырау облысында 2022 жылы 326 жол-көлік оқиғасынан 89 адам көз жұмып, 391 адам зардап шеккен. Ал биылғы 8 айдың ішінде 202 жол апаты тіркеліп, одан 76 адам қаза болған, 269 жолаушы жарақаттанған. Биылғы жылдың 8 айын өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда жол апаты 4,8%-ға азайғанымен, адам өлімі 37,7%-ға көбейген, жарақат алушы 0,4% пайызға өскен. Осыны ескерген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалы облыс трассаларындағы адам өмірін қиып жатқан жол көлігі оқиғаларының көбеюіне қоғамның назарын аудару мақсатымен «Ұзын жолда абай бол!» атты флешмоб ұйымдастырды.
Флешмобқа қатысушылар жол жиегінде жол апатын ескерту және алдын алуға шақыратын сөздер жазылған плакаттар ұстап, сусындар таратты.
Сонымен қатар жүргізушілермен және жолаушылармен пікірлесу үшін Атырау қаласынан Ақтау, Орал, Астрахань, Құлсары, Миялы, Индер, Ганюшкино, Аққыстау, Махамбет, Мақат, Доссор бағытында жүретін таксилер тұрағына барды.
Такси жүргізушілерінің сөзінше, жол апаттарына басты себеп – көлік қозғалысы көп, ал жолдар. Расында, Атырау-Құлсары бағытындағы тас жол ІІІ санаттағы жол саналады, яғни, болжамды қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 3000 көлікке дейін, бірақ бүгінгі күні бұл жолмен тәулігіне 9000 автокөлік жүреді.
Атырау өңіріндегі мұнай-газ өндіретін ірі кәсіпорындар Қарабатан елді мекені, Мақат, Жылыой аудандарының аумақтарында орналасқан және Маңғыстау бағыты бойынша Ресейдің, Өзбекстанның, басқа да мемлекеттердің транзиттік жүк көліктері осы жолмен өтеді. Атырау-Индер тас жолымен де тәулігіне 9000 көлік өтетіндіктен, көлік саны өз категориясына сәйкес келмейді. Сондықтан жергілікті атқарушы орган осы жайларды ескеріп, жолдың категориясын тәулігіне өтетін автомобильдің санына сәйкестендіріп, шұғыл түрде сапалы жол салуды қолға алуы тиіс.
Атырау-Орал, Атырау-Астрахань тас жолдарында жол жүктемелері жоқ, өз категорияларына сәйкес келеді.
Жол полициясы қызметкерлері өткен жылдың 12 айы ішінде қала сыртында жылдамдықты асырған 23865 жүргізушіні анықтаса, 2023 жылдың 8 айында 14050-ін анықтаған. Биылғы 16-шілдеде жол апатынан көз жұмған екі көліктің жүргізушілері жылдамдықты асырғандары үшін бұрын бірнеше реттен жауапқа тартылған, әрбір 8-ші жол апатын жасаған жүргізушіге бұған дейін жылдамдықты арттырғандықтан әкімшілік айыппұл салынған. Яғни, жол апаттарының екінші себебі – жүргізушілердің жауапсыздығы деп анық айта аламыз.
Үшінші себебі, бұл – жеке таксилердің ереже сақтамауы. Жеке такси жүргізушілерінің өз пайдасы үшін күніне бірнеше рейс жасау мақсатымен жылдамдықты асыруы, көпшілігінің жолаушы тасымалдаушы ретінде еш жерде тіркелмеуі де жол көлігі оқиғаларына әкелуі мүмкін. Әкімшілік жеке такси жүргізушілеріне арнайы тексеру жүргізіп, рейс алдында қан қысымын өлшеп, ішімдікке тексеріп, күніне жасайтын рейстің санын шектеуі керек. Тіркеуде жоқ көліктер мен жүргізушілерге жолаушылар тасымалдауға тыйым салынғаны жөн. Жергілікті атқарушы орган облыс орталығынан аудандарға қатынайтын автобустар санын көбейтіп, жөнелту регламентін жиілетсе, жолаушыларға арзан және қауіпсіз болар еді. Бүгінгі күні автобустар қатынағанымен, ол аз болып тұр.
Көлік жүргізушілерінің айтуынша, төртінші себеп – трассадағы шұңқырлар. Шұрық-тесік жолдың дер кезінде жөнделмеуінің салдарынан ойық-шұңқырлардан қашқан көліктер бір-бірімен соқтығысып қалады.
Сауалнама барысындағы ой-пікірлерді сараптай келе, жол бойында малдың жүруі жол апаттарын туғызатын бесінші себеп деп алдық. Қараусыз жүрген малдардың кесірінен жыл басынан бері 111 оқиға тіркеліп, одан 1 адам қаза тауып, 3 адам жарақаттанған. Сондықтан мал иелерімен кездесіп, алдын-алу шаралары жасалып, түсінік жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі. Атырау автожолдары ажалға апаратын жолға айналмасын!
Н.Камалова Атырау қаласы