Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында халықтың жергілікті билікке сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беріп, дербестігін қамтамасыз етіп, мәслихаттың ықпалын күшейтуді тапсырған болатын. Алайда партиямыздың Атыраудағы филиалының хабарлауынша, өңірінде мәслихат депутаттарының мұндай белсенділігі байқалмайды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атыраулық өкілдері ұжымдармен, елді-мекен тұрғындарымен кездескенде, облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауына келген адамдардан өз округінен сайланған депутаттарды танымайтындарын жиі естиді. Олай болса, мәслихат депутаттары мен олардың сайлауалды бағдарламалары жазылған ақпарат плакаттарын тұрғын үйлердің жарнама тақтайшаларына іліп тұру керек болар деген пайымын жекізді облыстық филиал төрағасы Нұрайнаш Камалова.
Атырау қаласының Бірлік, Еркінқала, Сарыөзек елді-мекендері тұрғындарының өтініші негізінде аталған округтерден сайланған облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттарына тұрғындардың телефон нөмірін көрсете отырып, бірақатар мәселе жайында хат жолданған. Алайда бүгінгі күнге дейін тұрғындардың мәселесі шешілмеген. Ал «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21 бабына сәйкес мәслихат депутаттары сайлаушылардың өзiне келiп түскен өтiнiштерiн қарауға міндетті. Сондай-ақ, мәслихат депутаттары сайлаушыларымен жақын, ашық, жариялы жұмыс жасаса, халықтың көңілінен шықса ғана батыл әрекет етіп, келесі сайлауларда мандатты шаппай алатыны сөзсіз.
Нұрайнаш Камалов, Атырау облыстық филиалының төрағасы