Атырау облысы республика бюджетіне қаржы салушы – донор ретінде 1995-жылдан бері бірінші орында келеді, одан тыс, қомақты көмектерді жыл сайын аймақтарға, орталыққа тұрақты түрде дерлік мырзалық, қамқорлықпен беріп отыратыны тағы бар.
Мемлекетіміздің ортақ қазынасына өткен жылы 220 млрд теңге құйсақ, биыл да сол 220 млрд теңге аударылмақшы. Бұл әрине, мемлекетке, халыққа пайдалы. Ал, сол бай аймақтың жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелері одан сайын көбейіп, асқына түсуде. Солардың бірі – қоршаған орта тазалығы, яғни экология мәселесі.
Экология облыс тұрғындарын алаңдатып отыр
Атырау облысының еліміздегі экологиялық апат қауіпі бар аймақтар қатарына қосылғанына 30 жылға таяп қалды. Жағдайдың осылай қалыптасуына екі жағдайдың әсері бар. Біріншісі – сыртқы әсер, яғни табиғаттың өзгеріске ұшырауы. Осыдан 15 жыл бұрын Атырау облысының 3 ай жаздағы орташа температурасы +35-тен аспаса (алдымызда Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары), 1999-жылдан бері орташа 38-39 градуспен бірінші орында келеміз. Күннің көзіндегі температураның әлденеше реттен 51-53-ке жеткеніне жергілікті халық куә. Үш ай бойғы аптап ыстықтан түн мезгілі де қалыса қоймайды (30-33 градус). Осы уақытта жаңбыр да тамбай, жердің үстіңгі қабаты 80-100 сантиметрге дейін ылғалсызданады. Қыс айларында да солай, жауған бүкіл қардың қосындысы 5 сантиметрге жетпеуі жиілеп кетті, соның салдарынан көктемгі аз жаңбыр шөліркеген құрғақ жерге тереңдей тез сіңіп, шөп шығуына, жер бетінде ылғал сақталуына мүмкіндік жойылады. Бұл құрғақшылықтан, қатты желге төтеп бере алмаған жер беті сыпырыла ұшып, эрозия пайда болады. Жиі соғатын топырақ дауылдарда адамдардың көру мүмкіндігі нашарлайды, жол апатына да салдары бар, тыныс, көз органдары зардап шегеді, кейбіреулер содан дертке шалдығады.
Мал және егін шаруашылықтары да қуаңшылықтардан қиыншылықтарды басынан өткеруде. Шабындықтардың, жайылымдардың мүлдем жойылуынан кәсіпкерлер мен жеке адамдар мал азығын көрші Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан сатып алуға мәжбүр немесе мал ұстауды амалсыздан доғарады. Атырау қаласында, тіпті аудан орталықтарында, ауылдарда мал өнімдері жоғарыда аталған екі аймақ пен Ресейдің Астрахан, Волгоград, Ростов,
Самара аймақтарынан әкелінеді.
Ауаның радиациялық бүлінуі салдарынан облыста егін шаруашылығы, саяжайлардың бау-бақшалары залал шегуде. Атырау халқы (тек қала тұрғындары ғана емес) соңғы 10 жыл көлемінде өнімдерді Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Түркия мен Ираннан, өзіміздің Түркістан, Жамбыл облыстарынан тұтынуда, яғни сырттан алатынымыз 90-93 пайызды құрайды.
Отанымыздың басты байлығы – мұнай мен газ жергілікті халықты улап жатыр
Екіншіден, қоршаған ортаның бүлінуіне адам факторы әсер етіп отыр. Облыс бойынша экологияның көз алдымызда тіршілікке аса қауіпті жағдайға жеткенін көрудеміз, сезінудеміз, жанайқайымызды естіртіп әлсін-әлі дабыл қағудамыз. Атырау аймағы ауасының тұрақты бұзылуы (улануы) мұнай мен газдың аса ірі көлемде өндірілуінің салдарынан екенін отандық және шетелдік ғалымдар, ресми экологиялық ұйымдар мен эксперттік мекемелер көп жылдар бұрын дәлелдеген.
Соңғы 3 жылда (2000-2022) облыста 29 ірі компания 140 миллион тонна (республика бойынша 55 пайызы) мұнай және 65 миллиард куб/метр табиғи газ өндірген. Бұдан бөлек, Атырау қаласындағы мұнай өңдеу зауыты осы мерзім ішінде 15 миллион тонна мұнайды айыру мен өңдеуде өте улы конденсатты ауаға және жерге жіберген. 3-4 жыл бұрын осы зауытта Қытай Халық Республикасы Мұнай-газ құрылыстарын жүргізуге мамандандырылған компаниясы реконструкциялаумен жоғары сапалы жанармай шығаратын цех салып, жаңа технологиямен жабдықтағанда, оның қоршаған ортаға келтіретін зиянын барынша азайтуды ойластырмағаны белгілі болды. Соның салдарынан мезгіл-мезгіл ауаға тарап тұратын өте зиянды қалдықтар иісі бұрынғыдан 5-6 есе күштірек болып шықты. Өкініштісі, 1945-жылы іске қосылған бұл зауыт ол кезде Атырау қаласынан 3 шақырым жерден салынса, бүгінде қала аумағында қалып қойды. Оның дәл жанында (200-300 метр) тұратын адамдар әлсін-әлі медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр.
Өндіріс дамыған аймақта экологиялық проблемалардың көбейетіні белгілі. Осы үш жыл ішінде мұнай және газ өндіру, өңдеу мен айыруда облыс атмосферасына 230 мың тоннадан астам адамға, табиғатқа зиянды заттар жасырын, не ашық күйде жіберілген. Әрине, кінәлі кәсіпорындар өнімнің 0,5 пайызына да жетпейтін көлемде айыппұлдарын төлейді де, зор пайда тауып отырған кәсіптерін жалғастыра береді.
Бұл саланың болашақта одан сайын дамуы облысқа, мемлекетке қомақты пайда әкелгенімен, экологияның бүлінуін де соншалықты өршітетіні белгілі.
Әлемге әйгілі «Теңіз» кенішін игеруші «Теңізшевройл» компаниясы салып жатқан үшінші зауытын биыл іске қосқасын, 2024-2030-жылдары бұрын өндіріп тұрған 28 млн тоннаға тағы 12 млн тонна қоспақшы.
Каспий теңізінің қайраңынан мұнай өндіруші «Қашаған» кеніші 2030-жылдан әрі қарай жылына 50 млн тонна «қара алтынды» жер бетіне шығармақшы.
Сонымен қатар Атырау аймағында мұнай-газ-химия өнеркәсібі Еуропа елдерін артқа тастап, әлемдік дәреже деңгейінде дамымақшы. Оның алғы шарты, дәлелі – жоғарыда аталған өте ірі екі кеніште бірнеше мұнай-газ, химия комбинаттары салынып, пайдалануға беріліп жатқаны.
Бұл айтылғандар 5-6 жылда жүзеге асқан кезде, Атырау облысының 80-85 пайыз аумағы зор апаттық жағдайға душар болуы әбден мүмкін.
Осы салада көп жыл жұмыс жасағандар немесе сол кәсіпорындардың маңын мекен еткен жанұя мүшелері денсаулығына жағымсыз әсер ететін зиянды өндіріс факторларын – көмірсутегі, күкіртсутегі, көміртегі тотығы, күкірт ангриді, азот тотығы, безол, фенол және басқа зиянды заттарды өз денесіне қабылдаған жағдайда, ас қорыту ағзалары, жүйке жүйелері зақымданады, гепато-билиарлық шу, діріл пайда болады.
Бір сөзбен айтқанда, экология түзелмейінше, оның зардабын медицина әсте жоя алмайды. Оның үстіне, Атырау облысы денсаулық сақтау бойынша республикада соңғы орындардан көтеріле алмай келеді.
Жайық суы екі есеге азайып кетті
Атырау облысында бір ірі және үш кішігірім өзен бар. Солардың ірісі – сонау Ресейдің Башқұртстан Республикасы жеріндегі Орал тауынан бастау алатын, Каспий теңізіне құйғанынша 2428 шақырым ұзындығы бар жолында Челябинск, Орынбор, Батыс Қазақстан облыстарынан өтіп келетін трансшекаралық Жайық өзені.
Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет атанғанша, Жайық өзенінде проблема болған жоқ. Орынбор облысы аумағында осы өзен бойындағы ойпаңда құрылысы жүргізіліп, 1966 жылы іске қосылған, ауданы 560 шаршы шақырым (70х8), орташа тереңдігі 13 метр, тым көлемді саналатын Ириклинск су қоймасынан су мөлшері төменге уақытылы жіберіліп тұрды.
2000 жылдың көктемінен күні бүгінге дейін осы қоймадан Қазақстанға су беру мөлшеріне шектеу қойылды. Бұның салдарынан Жайық суы екі есеге азайып, кеме қатынасы мүлде тоқтады.
«Теңізшевройл» компаниясының Теңіз кенішінде 2100 жылға дейін жұмыс істеу мақсаты бары айтыла бастады. Бұл ақиқат болса, облысымыз үшін өте қатерлі жағдай. Өйткені ТШО бүгінге дейін алынған мұнайдың орнына жылына 10 млн тонна суды жер астына айдаса, алдағы уақытта жыл сайын «Қашаған» екеуіне 40 млн тоннаға дейін су қажет болады. Сондай-ақ, Жайық өзенінің суы айтарлықтай таза саналмайды, халықаралық эксперт-зертхана «орташа ластанған» деген сипаттама берген. Өйткені Жайық өзенінің Ресей аумағындағы бөлігіне Челябинск облысындағы Магнитогорск металлургия комбинаты, Орынбор облысындағы Орск мұнай-химия, түсті металдар, машина жасау комбинат-зауыттары жыл сайын жүздеген тонна улы қалдықтар мен жуындыларды тоқтаусыз жіберуде.
Эксперттердің анықтау-сынамаларында темір, хлорид, сульфат, фенол концернтрациясы тым жоғары. Cоның салдарынан Жайықтың жағасындағы Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының елді мекендерінің тұрғындары негізінен асқазан, бауыр, бөтеке, тіс, буын, аяқ, сүйек ауруларына шалдыққан.
Су және оның тазалығы экологияның құрамдас бір тармағына жатады. Бұл мәселені мемлекеттік тұрғыда, ғылыми шеңберде шешу керек.
Ресей әскери полигандарының зардабы...
«Азғыр», «Тайсойған» әскери сынақ және ядролық сынақ полигондарының жан-жарасы бүгінге дейін жойылған жоқ. Тек адамдар ғана емес, төрт түлік малдар, құстар мен аңдар өтіп кеткен радиация сәулелері зардабынан арыла алмауда.
Бүгінде Ресей Қарулы Күштерінің Астрахан облысындағы «Капустин Яр», біздің Балхаш көлі маңындағы «Сарышаған» зымырандық полигондарының сынақтары шеңберінде зымырандары Атырау қаласы аспанында тәулігіне 15-20-ға дейін «ақжолақтарын» қалдырып ұшып жатады. Сол ауаға «ақ мақта» бұлттарша жайылған іздердің бізді қаншалықты улап жатқанын халыққа әзір ешкім айта қойған жоқ...
Улы жәндік маза бермей тұр
Адам мен малға «күн көрсетпейтін» қансорғыш атыраулықтардың мазасын алды.
Басқа жәндіктер қыс маусымында ұйқыға кетсе, маса шіркін Атыраудың үй асты жертөлелерінде қыстап, пәтерлердегі адамдарға тиісумен маза бермейді, кейбіреулер үй-пәтер іштеріне құратын масаханаларына қыс айларында да түнеп шығады. Әсіресе, қанын сорғызып, денесін тырналаған сәбилерді көргенде, жаның ашып, көңілің құлазиды.
Атырау облысында бұл улы жәндіктен өзіне ауру жұқтырғандар азаяр емес. Жергілікті атқарушы органдар онымен күреске жыл сайын қомақты қаржы бөліп жатқандарын есебінде көпіртіп айтқандарымен, масаның азайғаны байқалмайды.
Жасыл желек мәселесі тек 2022 жылдан бастап қана шешімін таба бастаған тәрізді. Облыс орталығынан 35-ақ шақырым жердегі Қарабатан аймағындағы мұнай-газ, химиялық өндіріс орындарының ауаны ластауынан қорғайтын ені 1, ұзындығы 15 шақырым орман өсіру жобасы қабылданғалы 10 жыл өтсе де, бүгінге дейін әлі қолға алынған жоқ. Жылдық желдің 75 пайызы осы Қарабатан жақтан – шығыстан соғады. Бұл Атырау қаласы тұрғындары үшін өте қауіпті.
Осы тұрғыда, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасында экология мәселесіне көңіл бөлінгенін ескере отырып, ЖСДП фрациясы еліміздің ең бай әрі доноры Атырау облысының экологиялық апатқа ұшырауын Парламент қабырғасында көтерсе игі.
Мәселен, Атырау облысына «экологиялық апатты жағдайдағы аймақ» мәртебесін беріп, Үкімет жергілікті тұрғындарға (зейнеткерлер мен сәбилерге де) экологиялық зиян шеккені үшін біржола оңалып кеткенше ай сайын, кем дегенде, АҚШ-тың 50 доллары көлемінде жәрдемақы төлеп тұрса екен дейміз.
Кешегі тарихқа қайта үңілсек, 1960-жылы СССР Министрлер Советі - Гурьев облысында еңбек ететіндердің айлықтарына 20 пайыздық зиян-коэффицентін тағайындаса, 1986-жылдың жазында әлемдік дәрежедегі «Теңіз кенішінің» ашылуына байланысты облысымызға іссапармен келіп-кеткен СССР Үкіметінің басшысы Н.И.Рыжков облыс тұрғындарына мұнай алынғаннан бастап 15 пайыз мемлекеттік жәрдемақы тағайындайтыны туралы уәде берген. 1988-жылы осы туралы қаулы қабылданғанымен, 1991-жылы Кеңес Одағы ыдырауымен ол аяқсыз қалған еді.
Бүгінгі таңда Атырау облысы экологиясының бүлінуі ол кездегіден әлденеше есе асып түсті. Сондықтан бұл өтінішіміз орынды әрі заңды деп есептейміз.
Анықтама: Атырау облысы Каспий теңізі ойпаты аумағында орналасқан. Жер көлемі – 118,6 мың шаршы шақырым. Мұхит (теңіз) деңгейінен 28 метрге дейін төмендіктегі таусыз, көлсіз, ормансыз, үлкенді-кішілі 4 өзені, шағылды құмы бар тегіс жазықтық.
Ауа-райы құбылмалы: жазы - ыссы (әлсін-әлі +45-ке көтеріледі), қыста +12-ден 40 градус салқындыққа дейін, жауын-шашыны (жаңбыр мен қар) тым аз, құрғақ, шөлейтті аймаққа жатқызылған. Төрт маусым түгелімен – екі күннің бірінде жел (10-30 м/сек), апта сайын дерлік топырақ дауыл. Жердің беті мен жоғарғы қабаты тұзды.
Тұрғындар саны 2023 жылдың қаңтарында 680 мыңды құрады (тығыздығы 1 шақырымда - 5,5 адам).
Экономикадағы басты салалар: мұнай мен газ өндіру, өңдеу; темір жол қатынасы, құрылыс.
Жұмабай ДОСПАНОВ, ЖСДП Атырау облыстық филиалының сарапшысы