Адамның жайлы тұрмысы үшін ең басты қажеттіліктердің бірі – қолайлы баспана. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалының Қоғамдық қабылдауына келетін облыс орталығындағы көпқабатты үйлер тұрғындарының шағым, ұсыныс, пікірлерін зерделей келе, ЖСДП Атырау филиалы негізгі жұмыс бағыттарының бірі етіп көпқабатты сектормен жұмысты таңдады.
Жер мен инфрақұрылымдық шығындарды азайту арқылы экономикалық тиімділікке ықпал ету мақсатымен қалаларда салынған көпқабатты тұрғын үйлер азаматтардың жоғары тығыздығын қамтамасыз етіп, шағын ауданда көптеген тұрғындарды орналастыруға мүмкіндік береді. Көппәтерлі тұрғын үй жалпы пайдалануға арналған аумақтарға немесе іргелес жер учаскелерге бөлініп, ортақ кондоминиумы кіреберіс, қасбеттер, дәліздер, баспалдақтар, шатыр, жеделсаты, инженерлік жүйелер, жертөлелерді және басқа да ортақ пайдаланылатын мүліктерді құрайды.
2019 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, кондоминиум басқарудың екі нысаны: «бір үй-бір бірлестік немесе жәй серіктестік – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істеу көзделген болатын. Бұл орайда әрбір үйдің өзінің есеп шоты ашылып, тұрғындар жинаған қаржыны тек өз үйлеріне мақсатты түрде жұмсайды, яғни пәтер иелері кооперативтері секілді 10 үйге бір есеп шоты болмайды. Алайда, реформаны іске асыру кезінде, жаңа басқару органдары бойынша түсінік беру барысында, тұрғындар басқарудың үшінші нысаны ретінде пәтер иелері кооперативтерін қалдыру туралы өтініштерін білдірді. Осыған байланысты министрлікке үшінші нысан ретінде пәтер иелері кооперативтерін қалдыру жөнінде жергілікті әкімдіктер тарапынан ұсыныстар берілген.
Атырау қаласында 1233 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бүгінгі күні 39 меншік иелері бірлестігі, 785 жәй серіктестік құрылып, 31 пәтер иелері кооперативі өз жұмыстарын жалғастыруда. Ешқандай бірлестікке бірікпеген иесіз үйлер де бар. Бұл үйлерде апаттық жағдай орын алғанда және жылу жүйесін дайындау кезінде қалпына келтіру жұмыстары мемлекеттік мекемелер тарапынан жүргізіледі.
Облыс орталығындағы көпқабатты үй тұрғындарының 80 пайыздайы қызмет көрсетуші компания тек тұрғындардан ай сайынғы төлемдерді ғана талап етеді деп жұмыстарына көңілдері толмайды. Ал үйлердің жағдайы жыл сайын тозып жатыр. Жертөлесі суға толы, маса мен атжалмандардан мезі болған кейбір тұрғындар үйлеріне масахана құрып жататындарын айтады. Ең өкініштісі сол, бұндай үйлердің қатарында мемлекеттік бағдарламамен күрделі жөндеу жасалған үйлер де бар. Атырау қаласында 2011 жылдан бері 176 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Көпқабатты тұрғын үйлерде сапасыз жүргізілген күрделі жөндеудің мәселелерін ЖСДП Парламент депутаттары министрлік деңгейінде көтеріп, оң шешілуіне ықпал етті. Бүгінгі күні филиал қызметкерлері ағымдағы жылда жасалып жатқан күрделі жөндеулерді бақылауда ұстап, күрделі жөндеуге қатысты барлық жиналыстарға қатысып, тұрғындармен байланыста отыр.
Атыраудағы көпқабатты үйлерге жалғанған газ құбырларының ондаған жылдан бері қараусыз күйде екенін айтқан «Пәтер иелері кооперативтері ассоциациясы» және «Басқарушы мекеме, сервистік компаниялардың және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының басқару нысандары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшылары ЖСДП Атырау филиалына келіп, аталған мәселені шешуге көмектесуді сұрады. Партияның Атыраудағы филиалы өкілетті мекемелердің жауапты қызметкерлерін және қалалық тұрғын үй-коммуналдық мекемесіндегі жауаптылар мен қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен сараптамалық кездесу өткізіп, өңірдегі тұрғындарға газ жеткізу және қызмет көрсету мәселесін талқылап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарды ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдарға хат жолдады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалы Атырау және Құлсары қалаларының көпқабатты үйлерінің тұрғындарының пікір, шағым, өтініштері негізінде Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен, Атырау және Құлсары қалалық үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесе жұмыстарын жалғастыратын болады.
ЖСДП Атырау облыстық филиалы