Жуырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков Арал және Қазалы аудандарында әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысып, аудан халқымен кездесулер өткізді.
Іссапар аясында жаңадан тағайындалған Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаевпен өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына баға берді. Сонымен қатар Арал қаласындағы №3 өрт сөндіру депосында төтенше қызмет өкілдерімен, аудандық көпбейінді орталық аурухана қызметкерлерімен және аудандық оқушылар сарайында жастармен пікірлесіп, партия қызметін кеңірек таныстырды. Келесі күні Әйтеке би кенті аудандық ардагерлер кеңесі мүшелерімен, аудандық жастар ресурстық орталығында жастармен, ауданаралық аурухана қызметкерлерімен және Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Болат Жолтаевпен кездесті. Сондай-ақ, Жанқожа батыр ауылындағы «Жайлы мектеп» құрылысымен танысты.
Қызылорда облысының солтүстік бөлігінде жатқан Арал және Қазалы аудандары - экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелермен күресіп келе жатқан өңірлер. Бұл аймақтарда негізгі проблемалар экология, инфрақұрылым және әлеуметтік жағдайлармен байланысты.
Арал ауданының басты экологиялық мәселесі Арал теңізі. Кезінде әлемдегі ең ірі су қоймаларының бірі болған теңіз қазіргі кезде құрғап, оның орнында тұзды шөл қалды. Бұл тек аймақтың ғана емес, бүкіл Қазақстан мен Орталық Азияның экологиясына кері әсерін тигізіп отыр. Теңіз суының азаюы нәтижесінде тұз бен шаң ауаға таралып, жергілікті тұрғындардың денсаулығына, ауа сапасына, ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруде. Арал ауданында тыныс алу жүйесі аурулары мен аллергиялық реакциялар жиі кездеседі, бұл жағдай халық денсаулығына кері әсерін тигізеді. Су тапшылығы - Арал және Қазалы аудандарының ауыл шаруашылығына да елеулі әсер ететін мәселе. Сырдария өзенінің ағыны реттелмегендіктен егіншілік пен мал шаруашылығы үлкен қиындықтарға тап болып отыр.
Қос ауданның экономикалық мүмкіндіктеріне орай жұмыссыздық мәселесі де бар. Көптеген жастар экономикалық қиындықтарға байланысты ірі қалаларға немесе басқа өңірлерге жұмыс іздеуге мәжбүр. Бұл жағдай халық санының азаюына және әлеуметтік құрылымның бұзылуына әкеледі. Ауылдарда еңбекке жарамды халықтың азаюы ауыл шаруашылығы мен шағын бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Ауылдарда денсаулық сақтау қызметтері сапасының төмендігі сияқты мәселелер бар. Жолдар мен көпірлердің нашар жағдайы ауыл тұрғындарына үлкен қиындық туғызуда. Кейбір ауылдарда медициналық инфрақұрылым жеткіліксіз болғандықтан, шұғыл медициналық көмек көрсетуде айқын байқалады. Тұрғындар сапалы медициналық қызмет алу үшін Ақтөбе мен Қызылорда қаласына баруға мәжбүр. Экологиялық проблемалар әсерінен Арал және Қазалы аудандарындағы топырақ құрамы өзгеріп, тұздану процесі байқалуда. Бұл құнарлы жердің азаюына, ауыл шаруашылығындағы өнімнің төмендеуіне және мал шаруашылығына қолайсыздық тудырады. Арал ауданының айналасындағы жайылымдар жеткіліксіз, бұл кезегінде мал өсіруді қиындатады.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар қажет. Шаруаларды қолдауға бағытталған гранттар, субсидиялар мен несие беру жүйесін дамыту өзекті. Аймақта экологиялық жағдайды ескере отырып, органикалық егіншілік пен мал шаруашылығына қолдау көрсету, сумен үнемдеу технологияларын енгізу шаралары маңызды.
Арал және Қазалы аудандары тарихи және мәдени мұраларға бай. Арал маңындағы ежелгі қалалар мен археологиялық орындар Қазақстанның тарихын зерттеуде маңызды орын алады. Туризмді дамыту арқылы тарихи ескерткіштер мен мәдени орындарды сақтау қажеттілігі, туристерге ақпараттандыру жұмыстарын кеңінен жүргізу экономикаға қосымша кіріс болары сөзсіз. Бұл мақсатқа жету үшін аймаққа туризмді дамытуға арналған инфрақұрылымдық қолдау қажет.
Арал және Қазалы аудандарындағы мәселелер кешенді әрі көп қырлы. Экологиялық жағдайды жақсарту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамыту - бұл өңірдің дамуына арналған маңызды қадамдар. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті қоғамдастықтардың белсенділігі арқылы бұл мәселелерді шешуге болады. Арал мен Қазалы аудандарының болашағы тұрақты даму жолымен қамтамасыз етілуі қажет.
Бұл үшін аймақтағы негізгі мәселелерді шешуге жауапты ресми мекемелер мен тұлғалар облыс әкімдігімен бірлесіп нақты ұсыныстарды жүзеге асыру керек.
Мәселен, ҚР Экология, Геология және Табиғи Ресурстар Министрлігі экология саласында теңізді қалпына келтіру және аумақтың экологиялық жағдайын жақсарту үшін негізгі жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Бұл министрлік экологиялық жобаларды қолдауға және басқаруға жауапты. Осыған орай, Қызылорда облысының әкімдігі жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және аймақтағы экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған шараларды қолға салалық министрлікпен қолға алуы міндетті. Бұл жұмыстарға партия қызметін бақылау жұмыстарына жұмылдырса ұтылмасы анық.
Одан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Су ресурстары және иррингация министрлігімен су тапшылығын жою және ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы бағдарламалар мен субсидиялар арқылы қолдау көрсетуді жанжандыру қажет. Сонымен қатар, министрлік топырақтың тұздануы және жердің құнарлылығын сақтау үшін арнайы жобалар әзірлеп,жергілікті билікке жүктесе, жер құнарлығын арттыруға мүмкіндіктер бар.
Аймақтағы кәсіпкерлікті, оның ішінде ауыл шаруашылығы мен туризм салаларын дамытуға бағытталған жобаларды ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесе іске асыруға мұрындық жасаса, инфрақұрылымдық қолдау, жұмыс орындарын құру және аймақтағы инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға баса назар аударар еді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Арал және Қазалы аудандарындағы жұмыссыздықты азайтуға, жастарды жұмысқа орналастыруға, әсіресе ауылдық жерлерде экономикалық жағдайды көтеруге бағытталған бағдарламаларды қайта жаңғыртса, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де тыныс алу жолдары аурулары, жүрек қан тамырлары аурулары және басқа да экологиялық аурулармен күресу үшін медициналық инфрақұрылымды жақсартуға күш салары сөзсіз.
Осы аталған министрліктер тарапынан ұсынылатын жобаларды пысықтауға, жұмыс тобына ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы қолдау білдіруге дайын. Аталған ведомстволардың өзара үйлесімді жұмысы, халықтың қолдауымен бірге, Арал және Қазалы аудандарының экологиялық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмектеседі. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы аудандардағы мәселелерді шешуге бағытталған кешенді шаралар аясында ауыл шаруашылығы, экологиялық проблемалар, жастарды қолдау және инфрақұрылымды дамыту сияқты салаларға басымдық береді. Партия филиалы халықпен кездесулер арқылы аймақтың мәселелерін тереңірек зерттеп, сараптау арқылы аудандардың әлеуметтік және экономикалық дамуы үшін жергілікті билікке және партияның Парламенттік фракциясына өз ұсыныстарын жолдап отыратын болады.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі