Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков аудандарға шығып, жұртшылықпен тілдесті. Ауылдарда болған кездесуде тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелердің мәнісіне үңіліп, кезек күттірмейтін шешімдерді назарға алып қайтты.
Сапар кезінде алдымен Сырдария ауданының тыныс-тіршілігін таразылауға бет алған партия өкілдері Бесарық ауылына тоқтады. Жұртшылық арасында “бәсі биік Бесарық” аталған елді-мекен қырмызыдай құлпырып, кәсіпкерліктің жаңа бағыттарына бет бұрған. Көпшілігі мал шаруашылығымен бірге егін егумен айналысады. Тіпті арасында шикізат өндіруді қолға алған кәсіпкерлер де бар. Аз уақыт бұрын “Абай-Дәулет” ЖШС-ның тарапынан ауылдың инфрақұрылымын дамытуға 730 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, әкімдік, мектеп, балабақша және мешіт ғимараттары күрделі жөндеуден өткен екен.
Биыл қосымша 642 млн теңгеге мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық алаң жаңартылды. Шағын өндіріс орталығы салынып, нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны құрылған. Кәсіпорынның бастамасымен фри зауыты, наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнім цехтары, жұмыс қолғабы, шұлық, пластик ыдыстар, сабын және ағаш бұйымдарын шығаратын өндіріс орындары іске қосылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына жоғары сапалы қызмет көрсету мақсатында «Қызылорда» супермаркеті мен дәмханасы ашылып отыр.
Аталған нысандарды ЖСДП өкңлдеріне арнайы таныстырған ауыл әкімі Дәулет Абайұлы Мәдениет үйінде атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетіп, жаңадан басталған жобалар жайын тілге тиек етті. – Бесарық ауылының дамуы – барлығымыз үшін мақтаныш. Біз осындай жобаларды жалғастырып, ауылымызды одан әрі көркейтуге тырысамыз, – деді ауыл әкімі.
Мұндағы ағайынның тұрмысына оң баға берген ЖСДП ҚОФ Төрағасы жұртшылықтың мәселелерін шешу, қолдау аса маңызды екенін баса айтты.
– Бесарық ауылының бүгінгі бет-бейнесі үшін қуаныштымыз. Ауылдағы жаңа өндіріс орындары мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы – ұйымшылдық пен ынтымақтың айқын дәлелі. Ал біз, өз кезегімізде, осындай жобалардың өңірде жүйелі түрде жүзеге асуы үшін барлық деңгейде қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті Нұрбек Сағатұлы.
Бесарықтағы маңызды әлеуметтік және өндірістік жобалармен танысқаннан кейін, ЖСДП ҚОФ төрағасы Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде орналасқан бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Сапар барысында «Руханият» орталығының құрылысы мен ауданның тарихи-мәдени мұраларын сақтап келе жатқан «Даңқ музейіне» арнайы кірді.
Алдымен аудан әкімі Берік Сәрменбаев партия төрағасына «Руханият» орталығының құрылысын таныстырды. Жоспар бойынша, бұл орталық жыл аяғына дейін пайдалануға берілетіні белгілі болды. Құрылыс кезінде заманауи технологиялар қолданылып, ғимаратты ауданның тарихи ерекшеліктерін ескере отырып жобалау көзделген екен.
Сапар қорытындысында Нұрбек Сағатұлы Тереңөзек кентіндегі жобалардың ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына тигізер әсері зор екенін айтып, олардың толық іске асуын қамтамасыз ету кезінде кедергілер болып жатса партия тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
ЖСДП ҚОФ баспасөз қызметі